Жаңалыққа жаны құмар жас ұжым

«Ұстазы жақсының – ұстамы жақсы» деген тәмсіл берек айтылмаса керек-ті. Көкірек көзі ояу, ғылым мен шығармашылыққа бейім ұстаздан жан жақты әрі бәсекеге қабілетті шәкірт тәрбиеленіп шығары анық. Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы №33 жалпы орта білім беретін мектебіне барған сапардан сондай ой түйіп қайттық. 1993 жылы салынған бұл білім ордасына биыл 30 жыл толып отыр. Айрандай ұйып отырған ұжымның ұстаздары бізді құшақ жая қарсы алып, мектептің жетістіктері мен жаңалықтары туралы асықпай баяндап берді.  

Үлкен-үлкен жобаларды іске асырып, білім мен шығармашылыққа қатар ден қойған мектептің жетістіктері де аз емес екен. Кино түсіру байқауы бойынша «Қазақстан балалары шексіз әлемде» республикалық байқауынан І орын, «Үздік тәрбие жұмысы» үшін облыс бойынша ІІ орынды иеленіп, қалалық «Үздік инста мектеп» атауын жеңіп алған екен.

Сондай-ақ мектепте жасалып жатқан жаңа жобалардың да саны көп. Соның бірі –MediaClub. Яғни ол клуб қазіргі заман талабына сай құралдарды меңгеріп, журналист, тілші, мобилограф болғысы келетін оқушылардың қабілетін арттырып, талантын шыңдауға көмектеседі. Осы жобаға жетекшілік етіп жүрген информатика пәнінің мұғалімі Еркебұлан Бауыржанұлы кабинетпен таныстырып, онда жасалып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталып өтті.

–Бұл – біздің MediaClub жобамыз. Осында біз балаларды фотоға, видеоға түсіру, SMM, Instagram, TikTok жүргізіп, олар үшін креативті контент ойлап табуды үйретеміз. Одан бөлек Photoshop бағдарламасы арқылы түрлі тақырыптарда дизайн жасауға да баулимыз. Кабинетіміз фотоаппарат, камера, дрон, 3D принтер сияқты ең қажетті техникалық құралдардың бәрімен жабдықталған.

MediaClub жетекшісінің айтуынша, мұнда келіп, жаңа дүниелерге үйрену балалар үшін әрқашан қызықты. Өйткені қазір қоғамда әлеуметтік желілер өте жақсы дамығандықтан, цифрлы әлемге ылғи ілесіп отыруды қажет етеді. Ал клубтың қатысушылары түсірген TikTok-тағы видеолар көп қаралым жинап, танымалдыққа да ие болып жүр екен.

–Шамамен 30-40-тай оқушымыз бар. Олардың жас ерекшеліктері де әртүрлі. Кішкентайлары сабақтарға белсенді қатысады, ал үлкендері мектепте өтетін шараларды құрылғылар арқылы түсіріп, монтаж жұмыстарын да өздері жасай береді. Бұл балалардың болашағынан үлкен үміт күтеміз. Мүмкін келешекте олардың арасынан әлемге әйгілі фильмдердің шығуына үлес қосатын видеооператорлар да табылып қалатын шығар.

Клубтағы видео түсіру мен монтаждау ісіне Еркебұлан жауап беретін болса, арнайы сценарий жазып, түрлі әлеуметтік бағыттағы бейнероликтер жасауға оқушылардың өздері тікелей қатысады екен.

–Баланың тәрбиесіне қатысты адалдық, мейірімділік деген тәрізді қасиеттерді дәріптейтін, одан бөлек кибербуллинг, буллинг мәселелерінің алдын алуға үндейтін әлеуметтік бейнетаспалар жасап жүрміз. Ол идеяларды айтушы да, жүзеге асырушы да – осы балалар, – дейді директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Үміт Тұрдалиева. Он жылдан аса педагогика саласында қызмет етіп келе жатқан Үміт Әділбекқызы мектептің ішін толықтай аралатып, оқу ордасындағы жаңалықтарды рет-ретімен баяндап берді. Шәкірт үшін жасалып жатқан ерекше жұмыстарды көрген кезде көз қуанып, көңіл сүйсінді. Соның бірі – мектеп бұрышында қойылған көп ту. Арнайы бұрышта орналасқан тулардың түстері де, түрлері де сан алуан. Онда жазылған ұрандары мен салған суреттері де бір-біріне ұқсамайды. Ішінде «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» деген ғұлама ақынымыз Абайдың афоризмдері мен кітап пен білімге қатысты айрықша бейнелер де кездеседі. Сондай-ақ тулардың арасынан «Жас Ұлан» бірлестігіне жаңадан қабылданған оқушылардың қолтаңбаларын да көзіміз шалып қалды.

–Қателеспесем, мұндай бұрыш қала бойынша тек біздің мектепте бар сияқты. «Бұл не екен?» деген заңды сауал туындайды оны көрген кезде. Яғни, бұл тулар біздің мектептегі сыныптардың санын білдіреді. Қанша сынып болса, сонша ту бар. Әр сынып өз туының дизайны мен белгісін жасады. Біз оны жарыс түрінде өткізіп, сосын оны осы бұрышқа бекітіп қойдық. Оның мағынасы неде? Әр сынып өзінің туын биікте ұстау керек. Яғни оқуда озат болып, олимпиада, ғылыми жоба сияқты т.б. байқауларға белсенді қатысып, мектеп формасын сақтап жүрген сыныптардың апта сайын рейтингін шығарып, арнайы жиналыс өткіземіз. Сол жиналыста үш үздік сыныпты анықтап, олардың туын биікке көтеріп қоямыз. Бұл оқушылардың арасында «Біздің туымыз жоғарыда тұр!», «Біз – өте күшті сыныппыз!» деген стимулды арттырады. Әрі осы әдіс арқылы балалар дұрыс бағытта бәсекеге қабілетті болуды да үйренеді.

Біз осы аптада үздік үштікке ілінген сыныптардың тулары туралы сұраған едік. Үміт Әділбекқызы ол туралы қуана-қуана айтып берді.

–Мысалы, осы аптадағы ең биікке ілінген ту 10 сыныпқа тиесілі. Олар жаратылыстану бағытында білім алатын болғандықтан, туларында да ғылымға қатысты белгілер бейнеленген. Бұл сынып жыл қорытындысы бойынша «Үздік сынып» деген атақты да иеленген еді. Содан кейін тұрған – шығармашылыққа өте бейім 5 Б сыныбының туы. Олар туына «Мектеп – кеме, білім – теңіз» деген сияқты ұғымды білдіретін суреттерін салған.

Сонымен қатар бұл білім ордасында Bilim Books жобасы жүзеге асырылып жатыр екен. Оның мақсаты – оқушылардың білімге деген сүйіспеншілігін арттырып, оларды поэзия, мақала, эссе, сұхбат жанрларымен таныстыру арқылы рухани әлемге деген махаббаттарын ояту. Кітапханамен бірлесе отырып ұйымдастырылып жатқан бұл жобаға 5-8 сынып оқушылары арасынан 180 оқушы қатысады екен. Bilim Books-ке келген оқушы тек поэзия оқып қана қоймай, проза мен публицистика жанрларын тәжірибе жүзінде қолдануды үйренеді. Қазір сол 180 оқушының қала, облыс, республика бойынша жеткен үлкен жетістіктері бар. Олардың жазған шығармалары түрлі баспасөз басылымдарында жарияланып та жүр. Бұл жобаның жетекшілері – Толқын Нұрболатқызы мен Жадыра Серікқызы есімді ұстаздар.

–Қазір аудио, дискі форматындағы түрлі кітаптар шығып жатыр. Соның барлығын қолданып, шәкірттің назарын аударатын қызықты дүниелер жасағым келеді. Өзім өнер мен әдебиетке жақын болғаннан кейін осы салаға бейім балаларға бағыт берсем деймін. Жеткен жетістігіміз де жоқ емес. Талантты шәкірттеріміздің өлең-шығармалары апта сайын, ай сайын аймақтық «Самал» газетіне шығып тұрады, – дейді Жадыра Серікқызы. Ол кітапханашы емес, бастауыш сыныбының мұғалімі болса да, оқушылардың кітап пен шығармашылыққа деген қызығушылығын арттыру мақсатында осындай өнегелі істі дамытуды қолға алыпты.

Ең бір қызықты ақпараттың бірі, мектеп ұжымының 85-90 пайызы жас мұғалімдер екен. Олардың барлығы шығармашылыққа бейім, жан-жақты болғандықтан, түрлі жаңа жобаларды ұсынып, жүзеге асырып жүр. Үміт Әділбекқызының айтуынша, ұжымның қандай болуы оның басшысына да байланысты. Өзі шығармашылық пен жаңалыққа құмар көшбасшы өз ұжымын да сол бағытқа қарай бастайды. Мектеп директоры Үміт Ілиясқызы әрқашан жастарды қолдап, жаңа жобаларды жүзеге асыруға тікелей мұрындық боп жүреді екен. Оның тағы бір дәлелі – оқушылар мен ұстаздардан құралған аспаптар оркестрі.

–Бұл – біздегі музыка студиясы. Мұнда барлығы заманауи формада жабдықталған. Өзіміздің дыбыс жазу құрылғыларымыз да бар. Осында балалар радиоға шығып сөйлеу үшін, ән айту үшін дауыстарын жазып, өздері өңдеп алады. Оларға музыка пәнінің мұғалімі көмектеседі. Одан бөлек мұнда барабан мен домбыра аспаптары да орналасқан. Айта кететін бір маңызды жайт, біздің осы аспаптардан құралған SAZ band деген тобымыз бар. Оның құрамында тек оқушылар емес, жас мұғалімдер де бар. Бұл топ үлкен мерекелік шаралардың ашылуына қатысып, сахналарда өнер көрсетіп жүр. Домбыра, барабан аспаптарын арнайы келіп, кәсіби түрде ешкім үйретпейді. Оны жас ұстаздарымыз өздері музыка мұғалімі мен тәлімгерлерімізбен бірігіп жаттығып жүр. Әр аптаның сәрсенбісінде 33 мұғалім осы кабинетте жиналып, уақытымызды шығармашылық сабаққа арнаймыз, – деді Үміт Әділбекқызы.

Мектептің кіреберісінде цифрланған ақпараттық анықтама бар. Олар ата-аналар мен оқушылар үшін өте тиімді. Себебі бұл жерде мектеп туралы барлық ақпарат көрсетілген. Арнайы блог, үйірмелер, әкімшілік пен тәрбие үдерісі, ғылыми жобалар мен олимпиадалар, директормен байланыс сияқты бөлімдерден қажетті мәліметтің бәрін алуға болады. Кез келген ата-ана мектепке келген кезде әр қызметкерден сұрап жүрмей, өзіне керек ақпаратты осы анықтамадан оқып алады. Тіпті осы білім ордасынан түлеп шығып, грант иеленген талантты талапкерлердің де аты-жөндері мен суреттері көрсетілген. Бұл бағана сол түлектердің ата-аналарына мақтаныш, ал оқушыларға биікке қарай талпыну сезімін оятуға көмектеседі. Сондай-ақ осы жерден мектепте болып жатқан соңғы  жаңалықтарды да оқып алуға болады. Ол ақпараттардың барлығы апта сайын жаңартылып отырады екен. Ал мектептің үлкен дәлізінде арнайы жәдігерлер орналасқан көрме бар. Оны жоғары сыныптың оқушылары өздерінің ұстаздарымын бірлесе отырып жасап шығыпты. Көрме орналасқан дәліздің қабырғалары мектеп мұғалімі Ғалымжан Базарбайұлы салған суреттермен көмкерілген. Қазақтың ұлттық аспабы домбыраға арналған да бұрыш бар екен. Сол жерде тізіліп тұрған аспаптарды оқушылар мен ұстаздар кезек-кезек алып, жарыса тартып жүреді.

 

Ләззат Түркістанова

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий