Ақтөбе облысы: Баспасөз және білім беру саласындағы байланыс нығая түседі

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері мен «Үш таған» журналын біріктіретін «Ақтөбе Медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі және «Ақтөбе облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі өзара ынтымақтастық шығармашылықпен бірлескен қызмет жасау туралы меморандумға қол қойды.

Осы шараға байланысты басқосуда «Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бүгінгі қоғамдағы баспасөздің рөліне тоқталып, оның мемлекеттік саясатты жүзеге асырудағы міндеттері жөнінде айтып өтті. –  Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйектегі Жолдауында «Сапалы орта білім алу — әрбір баланың мызғымас құқығы. Мұндағы ең түйінді сөз — «сапа». Сондықтан білім сапасын жақсарту және мұғалімдердің біліктілігін арттыру ауадай қажет» деп атап көрсеткені мәлім. Осы мәртебелі міндетті жүзеге асыруға біздер, журналистер қауымы да мүдделіміз. Өйткені жас ұрпақ тәрбиесі бәрімізге ортақ. Сондықтан да біз білім беру саласымен бұрыннан қалыптасқан ынтымақтастық байланысты алда да жалғастырғымыз келеді,—деді ол.

Облыстық газеттер мен аталған журналда «Білім» беті тұрақты беріліп келеді, «Білім ALL» алаңынан материалдар жарияланып тұрады. Сондай-ақ Ақтөбеде алғаш енгізілген «Alaqan Mektep» бірыңғай экожүйесі тәжірибесін насихаттау қолға алынды. Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінде тұрақты берілетін «Балдырған», «Үш таған» журналындағы «Ұрпақ» беттерінде балалар шығармашылығына кең жол ашылған. Бұдан басқа мұғалім келбеті, үздік ұстаздардың тәжірибесі туралы мақалалар да тұрақты жарияланып жүр.

— Қазақстан Республикасының «Білім туралы», «Педагог мәртебесі туралы» Заңдары мен білім саласы бойынша басқа да заңнамалық актілерде көзделген құзыреттіліктерді атқару барысында біз жас буынға беретін білім сапасын арттыру, оларға ұлттық-патриоттық тәрбие беру, тағылым негіздерін қалыптастыру ауқымында көптеген шараларды жүзеге асырып келеміз. Осы орайда мектеп өмірі, ұстаздар ұлағаты, тәрбие беру тақырыбы облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері беттерінде, сондай-ақ «Үш таған» журналында тұрақты беріліп келе жатқаны біз үшін үлкен қолдау болып табылады. Сондықтан да біз аталған басылымдармен ынтымақтастықта жұмыс істеуге ынталымыз, — деді облыстық білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан.

Журналистермен ашық әңгіме барысында ақтөбелік бас ұстаз әкесі Иса Сұлтановтың ұзақ жылдар педагогикалық қызмет атқарғанын, облыстық «Ақтөбе» газетін сонау «Коммунизм жолы» аталатын кезінен үзбей жаздырып алып, өзі де үнемі мақала жазып, қаламгерлер қауымымен тығыз байланыста болғанын айтып берді. «Шынында да, сол кезден менің бойымда баспасөз мұғалімнің жан серігі болуы керек деген ұғым қалыптасқан», —  деді ол. Меморандумға сәйкес алдағы уақытта қызметтегі жетістіктерді талдау, игілікті істерді көрсетуге байланысты кеңестер мен кездесулер өткізіліп тұратын болады.

Ақтөбе облыстық білім
басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий