Қостанай облысы: Рудный қаласының әкімі мектепке авто көлік сыйлады

Биылғы жаңа оқу жылы бастау алған білім күні біздің ағарту ошағына шаһар жетекшісі Ионенко Виктор Николаевич, жергілікті білім бөлімінің басшысы Жайлибаев Темурхан Бекбергенович және Қашар кентінің әкімі Райымбекова Мадина Қажмуханқызы арнайы келіп, салтанатты шараға жиналған ата-аналар мен ұстаздар қауымын және оқушыларды меркемен құттықтап, ізгі лебіздерін білдірген болатын.

Еліміздің тәуелсіздігіне биыл отыз екі жыл. Осы уақыт аралығында басқа басым бағыттарды айтпағанда отандық білім беру мен ұлттық тәрбие саласында қаншама тың өзгерістер жасалып, жаңаша жетістіктерге қол жеткізілді. Мемлекеттік тілімізде қазақша оқытатын мектептердің қатары көбейіп, өскелең ұрпақты отаншылдық рухтағы жеке тұлға ретінде қалыптастырудың нақты бағдары айқындалды.

Ашылғанына он жеті жыл болған біздің білім шаңырағындағы шәкірттердің мемлекеттік тілде оқуына құзырлы орындардың тарапынан барлық жағдайлар жасалған.  Ана тілінде сөйлейтін олардың еліміздің тарихын біліп қана қоймай, халқымыздың салт пен дәстүрін, әдеті мен ғұрпын, ырымға қоса жоралғыны терең меңгерері белгілі.

Сонымен қатар ұлтымыздың тарихи тұлғаларының ерен еңбегі мен қажырлы қызметін терең тану арқылы тәуелсіздіктің тұғырын биіктетуге үлес қосатын саналы азаматтар ретінде қалыптасатындығы ақиқат. Өткен оқу жылы ұйымшыл ұстаздар ұжымы үшін табысты болды. Мектебімізге алаштың ардақты ағартушы ғалымы Әлихан Бөкейханұлының есімі беріліп, арнайы мұражайды жасақтадық. Көптеген оқушыларымыз пән олимпиадасы мен ғылыми жобалар қорғау сайысында жүлделі орындарға ие болды.

Болашақтың бағдаршамы атанған ұстаз әріптестеріміздің де жетістіктері жетерлік. Облыс пен қала әкімдіктері және білім саласындағы басшылардың жан-жақты қолдауы негізінде мемлекеттің тарапынан мектептің материалдық-техникалық базасы жыл сайын жақсарып келеді. Өндірісті өңірде орналасқандықтан қуатты кәсіпорындар мен серпінді серіктестіктердің қамқорлығы күшейіп келеді. ERG халықаралық компаниясы тамыз кеңесі қарсаңында мектебімізге панель интербелсенді тақта сыйға тартты.

Нәтижесінде заман талабына сай ақпараттық технологияның қажетті мүмкіндіктерін иеленген пән мұғалімдері аудио-кешенді оқу құралдарын сабақтарында қолдануға кірісті. «Болашақ-инженерлер» қайырымдылық бағдарламасының шеңберінде жаңа үлгіде жасақталған роботты техника кабинеті орнатылды. Қала әкімі Виктор Николаевич Ионенко оқушыларымыздың қалалық және облыстық сайыстарға белсене қатысуына жағдай жасап, мектебімізге Газель авто көлігін тарту етті.

Осы орайда ұстаздар ұжымы мен ата-аналар және барлық шәкірттер атынан жергілікті атқарушы биліктің басшылығына ерекше ризашылығымды жеткізіп, алғыс айтамын. «Адамның көңілі шын мейірленсе, білім мен ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі», – деген екен данышпан бабамыз Абай Құнанбайұлы. Сондықтан бүгінгі жалынды жастардың ізгілікті ілім жинау жолында ұдайы іздену арқылы қазақ елінің игілігін еслейтін озық ойлы, өрісі кең, өрелі ұландар болуы үшін ұжым ұстаздары бар білімі мен біліктілігін жұмылдыратындығына сенемін.

Жанар Кожакуловна ЕМБЕРГЕНОВА,
Әлихан Бөкейхан атындағы жалпы
білім беретін мектептің директоры,
Қостанай облысы, Рудный қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий