Қосымша білім беретін заманауи орталық

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ өткен аптаның жұма күні Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында Ақтау қаласының 17 шағын ауданында салынған жаңа оқушылар сарайына барып, жергілікті ұл-қыздарға қосымша білім беретін заманауи орталықтың тыныс-тіршілігімен танысты.

Үкімет басшысына ғимараттың жай-күйі туралы баяндаған білім басқармасының басшысы Динара Жұмашева жаңа нысан алдағы күндері түрлі үйірмелерді таңдаған шәкірттердің алғашқы легін қабылдайтындығын жеткізді. Бұл оқушылар сарайында облыс орталығы мен осы жақын маңдағы Мұнайлы және Түпқараған аудандарындағы балалардың бос уақытын тиімді пайдалануына қажетті жайлы жағдайлар жасалған. Әлеуметтік нысан екі блоктан тұрады.

А блогы көркемдік, ғылыми-техникалық, экологиялық-биологиялық, туристік-өлкетану және жалпы гуманитарлық бағыттағы үйірмелерге арналған. Басты ғимаратта 172 кабинет қарастырылған. Және қыш және тігін шеберханалары, xop, оркестр және музыкалық аспаптарда ойнауды үйрететін жеке сабақтар қарастырылған, хореографиялық студия, фотостудия, мүсін студиясы, бейнелеу өнері, хореография, әуе-зымыран-кеме модельдеу кабинеттері, компьютерлік сынып, химия, биология, физика, робототехника, 3D модельдеу кабинеттері, мұражай, қысқы бақ, жеті жүз адамдық акт залы және басқалар бар.

Ата-аналарға ыңғайлы болу үшін күту залы, балаларға арналған ойын бөлмесі, 35 орындық буфет және екі киім шешетін арнайы орындар дайындалған. Дене шынықтыруға қолайлы жағдайлар жасалған екінші блогта әмбебап спорт залы, жүзуді үйретуге арналған бассейндер, йога, аэробика және басқа да жаттығу залдарына қоса тамақтанатын және киім ауыстыратын бөлме бар. Сонымен қатар дизайн және бейнелеу өнері студиясы, қолөнер және материалдарды көркем өңдеу шеберханалары, әдеби-драма студиясы, кітапхана, коворкинг-кеңістік және ақпараттық технологиялар зертханасы жасақталған.

Мектеп жасындағы өрендердің арасында шахматты кеңінен насиахаттау мақсатында гроссмейстер, шахматтан әлем және Азия чемпионы Бибісара Асаубаеваның музей – шахмат  шеберлігі кабинетін ашылу жоспарланған. Әлихан Асханұлы ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында балалардың шығармашылық және зияткерлік әлеуетін көтеру үшін кемінде 100 ірі нысан салуды тапсырғанын еске салды.

Ақтау шаһарындағы оқушылар сарайы – ел аумағында жүзе асырылған бірегей жобалардың алғашқы қатарынан.  – Оқушылар сарайының ашылуы ай сайын бес мыңнан астам баланың үйірмелер мен секцияларға тегін баруын қамтамасыз етіп, 165 кәсіби маманның тұрақты жұмысқа орналасуына мүмкіндік беретіндігімен ерекше маңызға ие, – деді Әлихан Смайылов.

Маңғыстау облыстық білім басқармасының
баспасөз қызметі, Ақтау қаласы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий