Құрметке бөленді

Жаңа оқу жылына жаңа жігер, тың бастамаларға ғана емес, ұжымның өзара ынтымақтастығын арттыратын тимбилдинг тынығуы екені даусыз. Әсіресе, бала бағбаны атанған ұстаздар үшін таудың таза ауасындағы тынығу ерекше әсер сыйлады. Бұл ретте «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі кәсіподақ мүшелеріне жайлы демалыс сыйлау үшін «Күншуақ» демалыс орнында мерекелік шара өткізді.

Биыл да аталған дәстүр үзілмей, мұғалімдер мен кәсіподақ мүшелерін марапаттау шарасы жоғары деңгейде өтті. Еңбек күні, ұстаздар күні және Қазақстан кәсіподақтары күніне орай ұйымдастырылған салтанатты жиын «Кəсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» деген атаумен өткізілді. Жиында алғашқы болып сөз алған облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Раушан Серікова ұлағат иелері мен кәсіподақ белсенділерін мерейлі мерекемен құттықтады.

Өмірдің шамшырағы болған әрбір ұстазға шығармашылық табыс пен еңбегіне жеміс тілеп, ардақтауға лайық абзал жандар екенін айшықтады. Мерекелік шараға Ақтөбе облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова, «Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығының директоры Есенжолова Жәния Жәнібекқызы, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Басқарма мүшесі, проректор Есбол Мұханбетқалиев қатысты.

Салтанатты шараға қатысқан білім саласының өкілдері ақжарма тілектерін арнап, елдің болашағы үшін мұғалім мамандығының қаншалықты маңызды рөл атқаратындығын тілге тиек етті. Атаулы мерекеге орай ұйымдастырылған салтанатты шарада бірқатар мұғалімдердің мәртебесі өсті. Бала тәрбиесінде айрықша еңбек етіп жүрген мұғалімдер марапат биігінен көрінді. Салтанатты шарада кәсіподақ мүшелеріне қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының, білім басқармасының және облыстық кәсіподақ ұйымының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталары табыс етілді.

Сонымен қатар, аталмыш мекеменің негізгі бағыттары бойынша белсенді жұмыс істеген азаматтар арнайы аталым бойынша құрметке бөленді. Өңірдің білім саласына өзіндік үлестерін қосқан 100-ге жуық ұстаз бен есепшілерге қошемет көрсетіліп, шипажайларға сертификаттар мен ақшалай сыйақылар табысталды. Мерекелік басқосуда Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің Әлеуметтік мәселелер және жастар саясаты департаменті мен Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің жастары арнайы ойындар, сұрақ-жауаптар ұйымдастырды.

Бұл күні эстафетаға қатысқан кәсіподақ мүшелерінің ешқайсысы сыйлықсыз қалмады. Сондай-ақ, педагогтердің эмоционалды көңіл-күйлерін көтеру, кәсіби шеберліктерін арттыру және топтасып жұмыс істеуді дамыту мақсатында Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының мамандары психологиялық тренингтер өткізді. Одан кейін ұстаздар қауымына арнайы мерекелік дастархан жайылып, әннен шашу шашылды. Дастархан басында бірқатар ұстаздар сөз алып, көңіл түкпіріндегі жылы лебіздерін ортаға салды. Ән әуелеп, күй күмбірлеген кеш соңында шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт ұсынылды.

«Қазақстандық салалық білім және
ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының
Ақтөбе облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий