Ұлағатты ұстазға шәкірттің ізгі лебізі

Қаламымды тербедім ұзақ таңнан,
Тауып алып шабытты ұзап қалған.
Арнауымды айтайын жетектеме
Бір айналып келгенше тұрақта арман.
Тұрақта, арман, айтуым қажет бүгін
Бір адамға сүйсіне қарап қалған.

Біліп отыр, өзіне не әкелдім,
Мұң емес мен ғасырлық жыр әкелдім.
Ұстаз, олай қарама мөлдір көзбен
Уақыт келді, айтар, иә, уақыт келді.
Келген уақыт өзіңе балапандай,
Тынысым тар, аям менің алақандай
Сені дұрыс танымас, жәй ұғынған
Болған екен сол аңғал бала қандай?!

Ұқпас мені қолымнан ұстай кеттің,
Мен өзіңе талпынбай ұшпай кеппін.
Танымаған, танымым жетпегендей
Әлеміңе өзіңнің құштар еттің.
Сенен қалай болады алмай үлгі,
Таным беріп, суардың таңдайымды,
Маң-маң басқан мына әлем жабырқатса,
Өзіңе кеп сүйедім маңдайымды.

От сөздермен ояттың шабытымды,
Сайладың сен семсер сөз сауытымды
Бұрылмаған бағдары бұлыңғырлау
Болашаққа бұрып бердің бағытымды.
Өзіңмен өтті алғашқы өлең дастаным,
Жазудан кейін заңғарлау менің аспаным.
Сенің қаламың сыйлады маған берілмеу,
Сенің жаныңда көрмедім ешбір жасқану

Көптің ішінен көтердің менің еңсемді,
Бермедің тік боп көлденеңдерге есемді.
Қарап тұрса егер, бағаласыншы мына әлем
Өзіңдей тағдыр таныған сыйлы көсемді,
Сыйынсын саған, арқырап алып ақындар,
Көруге алып, болсын өзіңе жақындау
Шәкіртің үшін алысқан күрес майданда
Бас исін саған небір арқалы батырлар.

Ұлағатыңды мына ұлт ұғып, үңілсін,
Үніңді алып ұрпақтар жалғап жүгірсін
Мендік жеңіске арнаған талас түніңді
Көріп түндердің шымылдықтары түрілсін.
Әділет туын көтерген сенің жолыңды
Тарихтардағы жалаулар танып тізілсін.
Шәкірттерің кеп жиылып тағзым етсе де
Аздық етеді сен үшін Ұстаз, сөзім шын.
Өйткені сен заңғар таудан да биіксің
Аспан астын жайлаған ұлттан Ұлысың!

Алдыға бастық жан дүниемізді арқалап,
Жүргіздің мені жолдармен тұрған жан қалап
Ошақ басыңды, отыңды, үйің, балаңды
Айырбастадың маған сен, Ұстаз, таңғалам!
Таңғалам саған оған да себеп бар білем,
Саған бас ұрсам жеңілдейді ғой бар дүнием
Анамдай мені тоғыз ай толғамасаң да
Анаммен теңдес біткендей жұмбақ бар киең.

Жанда жағылған оттармен лаулап жанамыз,
Шаңырақтарда жалғыз нәзікпіз, дарамыз.
Асқар тауларымыз мәңгіге мүлгіп кетсе де
Аласартпаған біздер боламыз Қара қыз!
Сырларымыз да, жырларымызда өрілген,
Көкіректерде бір көкжиек бар көрінген.
Қаламның мынау құдіретіне табынған
Болмыстар бір ғой әдебиетке де берілген.

Сеземін, Ұстаз, бекерден бәрі болмады,
Ұқсастық емес біздің қосылған жолдағы
Сенің қасыңда дарыныммен айбынмын
Сенің жаныңда ызғарлы желден тоңбадым.
Білесің менің жанартау сынды мінезім,
Атқылайтындай қып-қызыл шоқтай алауын
Жанартауларға жақындай алған бір өзің
Сөндірген өзің бұрқылды болып ақ жауын

Маған арнаған әр күнің үшін қарызбын,
Бәлкім де болар сол үшін жаным мазалы
Өзіңе ғана айтылар жалғыз арызым
Қасыңнан сенің ұзағым келмей тұрғаны
Келмейді, Ұстаз, қолымнан менің алыстау,
Өзіңе аппақ армандарыңды әпермей
Алыстап ұшу қарыз ба әлде борыш па?
Ұзасам тіпті қанатым сынып кетердей.

Сынып кетердей, қорғансыз, биік қолдаусыз,
Тынымсыз қақсам ешкім де сендей қарамас.
Сенімің мені самғатар сірә, ол даусыз
Жаныңды тұрып жасуым менің жарамас
Жасыман, Ұстаз, бізге де сол ғой керегі,
Сенеміз біздер келетін күшке ғарыштан.
Сағынтатыны білемін сенің демеуің
Үнемі көрер нұрлы болмысың алыстан.

Байыпқа бармай бас салу менің әдетім,
Тентекпін білем, көп нәрселерде шаламын
Әсерің сенің, әсем сөздермен әндету
Арқаң ғой, сөйлеп, биік мінбеден қарауым.
Алынған мадақ, берілген сыйдың бәріне
Еңбекпен келген еңбектеп жүріп терлеген
Жар салып шіркін айтса ғой жанның бәріне
Сенің күшіңді мені өрлетіп ерлеген.

Бір сөзің менің жүрегіме де байланды
Оны Ұстазын сүймеген адам ұға ма?
Дедің, – дағыны додаға қосыл аяулым
Сен сүрінбесін деп түнімен болдым дұғада.
Дұғаңнан сенің, жан-дүниеңнен де айналдым
Шәкірті шексіз Ұстазын сүйсе айып па,
Маған арнаған бар күшіңе сол байландым
Шәкіртің сондай асыл дүниеге лайық па?!

Ұшамын, Ұстаз, ұлағатыңды асып ап,
Асып ап, ұлттың асыл арнасын жалғаймын.
Сертімді көптен Серігім несін жасырам
Сол  СЕРТІМ үшін тайталастарда таймаймын.
Көбеңсітеді көп емес, бір-ақ үмітің,
Арманыңды да аяулы алам есіме.
Үндей береді өкпелегендей үнің тым
Ақтай алмасам оны да көрші кешіре.

Антым болсыншы, халық алдында бергенім,
Жылдар да оны жоғалта алмайды ешқалай
Сәл өсіңкіреп алдыңа сенің келгенім
Үмітің өшіп, қалғандай айтшы кеш қалмай.
Сол кезде күтші, бәріне берем айғақтап,
Сенің атыңды ардықты болған асыл да
Тіреген сенің қанатыңды да тайғақта
Танытып берем қызғанып тұрған ғасырға

Ал, қазір, Ұстаз, қиын болса да қажетпіз
Жолдарымызға берілген жеке тартуға
Білеміз, Ұстаз біз тым мықтымыз, өжетпіз
Уақыт та мәжбүр сағыныш жүгін артуға.
Хат алысамыз, хабарламалар жолдаймыз
Қоштасу емес, уақытша көрмеу бұл деген
Қашықтан да бір-бірімізді қолдаймыз
Дұрыс та шығар күрсінулерді көрмеген.

Өзіңді көрем, дәуір сыйынан жыр ұтсам,
Жиі алып тұрам есіміңді де есіме
Жыл тоғысқанда өзіңді, Ұстаз, ұмытсам
Шәкірт жан мендік жер басып жүрем несіне
Ұстазым менің, Аяулым менің,Ардақтым!
Табылмас маған өзіңдей дара жан, кейіп,
Болашағыма болмысыңменен бармақпын
Тұру үшін де өзіңе мәңгі бас иіп!

Асылайым Маратқызы КЕҢЕС,  
Ақтөбе облысының Әйтеке би ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий