Қазақстанда жаңа мамандық пайда болды
Қазақстанда педагогика мен журналистиканы тоғыстырған жаңа мамандық пайда болды – ағылшын тілінің медиа мұғалімі. Оқыту Әлкей Марғұлан атындағы Павлодар педагогикалық университетінде «Ағылшын тілі, әдебиеті және медиа дидактика» жаңа инновациялық білім беру бағдарламасы аясында жүргізіледі.
Гуманитарлық ғылымдар жоғары мектебінің «Шет тілі» білім беру бағдарламасының жетекшісі Әлия Жолдабаева мен кәсіптік бағдар беру бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Мұсанова Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейінің оқушыларымен кездесіп, жаңа білім беру бағдарламасы туралы мағлұмат берді. Аталған жаңа мамандық бойынша білім алушылар медиа және ақпараттық құзыреттілік деңгейі жоғары, медиа-білім, педагогика, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, журналистика, маркетинг және психология салаларында жан-жақты білімі бар оқытушы болып шығады.
– Классикалық білім беру бағдарламалары әдетте екі шет тілін қамтиды. Негізгі ағылшын тілі – С2 деңгейіне дейін, екінші шет тілі ретінде неміс немесе қытай тілі – В2 деңгейіне дейін оқытылады. Бірақ кейде студенттер екі шет тілін бір уақытта оқи алмайды. Жаңа білім беру бағдарламасы тек ағылшын тіліне бағытталған. Сонымен қатар, студенттер қазіргі заманда мұғалімге өте қажет қосымша құзыреттерге ие болады: медиа ресурстармен жұмыс істеу, медиаконтент құрастыру, өз материалын электронды платформаға түсіру сияқты, – дейді «Шет тілі» білім беру бағдарламасының жетекшісі Әлия Жолдабаева.
Марғұлан университетінің академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ольга Андрющенконың айтуынша, өткен жылы 6 инновациялық бағдарлама әзірленген, жыл соңына дейін тағы 12 бағдарлама әзірленетін болады. – Біздің саясатымыз білім беру бағдарламаларын толық қайта қарауға, олардың ребрендингіне, жаңғыртуға және жетілдіруге бағытталған. Біз бұл жұмысты уақыт талабына сай мұғалімдік мамандықтардың жаңа атласын қалыптастыру мақсатында жүргізіп жатырмыз, – деп атап өтті Ольга Константиновна.
Загрузка...Айта кетерлігі, ағылшын тілі саласындағы медиа мұғалімдерін оқытуға ақпараттық технологиялар саласының мамандары мен журналистер тартылады. Бұл білім беру бағдарламасының артықшылығы – болашақ мұғалімдер оқу үдерісін ұйымдастырудың жаңа формаларын меңгереді. Сондай-ақ, кәсіби қызметінде ақпараттық технологияларды пайдалануды, оқу процесін онлайн форматта жүргізуді, қашықтықтан оқыту технологияларын меңгеруді, электронды медиа материалдарын, интерактивті ойындар, анимациялар жасауды меңгереді.