Жеңіске жетелер жетістіктер

Қазақстандық патриотизм сезiмiн тәрбиелеу мақсатында 1995 жылы Республика  күні – Ұлттық мереке ретінде аталып өтілді. Алты жылдан кейін мереке «ұлттық» мерекелік сипатын жоғалтты және Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 13 желтоқсандағы №267 Заңына сәйкес «мемлекеттік» мереке ретінде белгіленді. 2009 жылы мереке тізімінен алынып тасталды. 

2022 жылы Ұлттық құрылтайдың бірінші отырысында Ұлытауда Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаев: – Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Республика өз ісіне жауапты азаматтардың ортақ іс-әрекетінің арқасында құрылады. Өйткені азаматтар – мемлекеттің арқауы. Азаматтары болмаса, мемлекет те болмайды, – деді.

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары 1994 жылы Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Түрген  қазақ мектебі тарих толқынында он бес мың тұрғыны бар ауылдағы  тұңғыш қара шаңырақ болып іргесі қаланды. «Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да, мектебінің қандай негізде құрылуына  барып тіреледі.

Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға, қазақ жанына үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай – ақ серттесуге болады, – деп қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, тіл жанашыры Мағжан Жұмабаев айтқандай, сол кездегі ауыл әкімі Абыхан Аманбайұлы Жексембеков – ағартушы – педагог  Ыбырай Алтынсарин, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың ізін жалғап,  қара домалақ балдырған балалардың өз ана тiлiнде оқуына орасан зор ықпалын тигізіп, Түрген ауылында алғаш қазақ мектебінің жеке  шаңырақ болып  көтерілуіне себепші болды.

Ердің еңбегі бағаланып, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 11 ақпандағы №54 қаулысымен мектептің атауы «Абыхан Жексембеков атындағы мектепке дейінгі шағын орталығы бар қазақ орта мектебі» коммуналдық мемлекеттік мекемесі болып өзгертілді. Тәуелсіздіктің алғашы жемісі іспеттес  осынау  қара шаңырақта бүгінде 600-ге тарта   білім алушы өз ана тілінде білім нәрімен сусындап, тәрбиеленуде. Осы жылдар аралығында мектепке  «тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан»,  қияға қанат қаққан түлектер қаншама?!

Мектеп түлектері алыс – жақын шетелдегі жоғарғы оқу орнында білім алып, қазіргі таңда ғылым саласында, кәсіпкерлікте, саясатта, басшылық қызметте үлкен  табысқа қол жеткізген тұлғаларға айналды. Мектебіміздің бір ерекшелігі – қыр басына шыққан түлектердің он және жиырма жылдық кездесулері тұрақты түрде өткізіледі.  Шәкірттеріміз өз ұстаздарын, алтын ұя мектебін ұмыт қалдырмайды. “Мен өзгелерді жетістікке жетелеген сайын, өзім де жетістіктің шыңына өрлей беремін”, – демекші, білім нәрімен сусындап, өзгелерден оза шауып, жүлделі орындарға ие болған оқушыларымыз мектебіміздің атын шығарып, өз білімдерінің нәтижесін аудан, облыс, республика көлемінде көрсетіп келеді.

Атап айтсақ, “Атадан -мұра” қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған “Тәуелсіздік тұғырым” халықаралық байқауында “Көркем сөз” номинациасы бойынша  6 – сынып оқушысы Уримбетов Мади бас жүлдемен марапатталды. Республикалық «Жарқын болашақ» өнер орталығының ұйымдастыруымен YII Республикалық «Жарқын жұлдыз» атты балалар өнер байқауында «Хореография» жанрында 5 – сынып оқушысы бас жүлде иеленді.

Республикалық көлемде жалпы білім беретін орта мектептерде «Ақбота» зияткерлік олимпиадасының математика пәнінен 1 – дәрежелі дипломмен Сахи Салих, Салиева Улдана, Айып Томирис  марапатталды. «Бастау» кешенді республикалық олимпиадасында 1 – орын иеленгені үшін 2 – сынып оқушысы Айбек Айдана марапатталады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің ұйымдастыруымен республикалық «Мұқағали – мәңгілік жыр» атты байқауға 7 – сынып оқушысы Яхуда Ақнұр 1 – дәрежелі дипломмен марапатталды.

«Менің кіші Отаным»  атты Республикалық зияткерлік байқауының облыстық кезеңінен 2 – орын иеленгені үшін 10 – сынып оқушысы Манап Назерке марапатталды. Жалпы білім беретін пәндер бойынша 5 – 6 сынып оқушыларына арналған Республикалық олимпиаданың облыстық кезеңінен 2 – орын алғаны үшін 5 – сынып оқушысы Кәкім Айша марапатталды. 5 – 6 сынып оқушылары арасында зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының “Денсаулықты бала кезінен сақтаймыз” байқауында жүлделі 3 – орын иеленгені үшін 5 – сынып оқушылары Тұрғанбай Айсұлу мен Жақсылық  Сымбат марапатталды. 

Спорттық жарыстардан да мектеп лигасы бойынша аудан көлемінде оқушыларымыз алдыңғы орында.  2022 жылы мектеп командасы волейболдан облыста аудан намысын қорғап, жүлделі орынға ие болды. Биылғы республика күні аясында «Мәңгілік жаса, қыран елім Қазақстаным!» атты онкүндік жоспары құрылып келесідей іс шаралар атқарылды: бастауыш сыныптар арасында суреттер көрмесі; “Республика күні – ұлттық мереке» кітап көрмесі;  Республика күніне орайластырылған «Жомарт Жүрек» қайырымдылық  акциясы.

Патриоттық әндер шеруі; «Таза табиғат» сенбілік; «Республика күні – ұлттық мереке» атты тәрбие сағаттары; Саптық жарыс байқауы; Ұлттық киімдер күні де ұйымдастырылды. «Тоғыз айға тоғыс іс шара» тұжырымдамасында қазан айында Гимн айту айлығы негізінде 2-11 сыныптардан «Сен Рәміздерді білесің бе?» атты сынақтар алынды. Мектеп ұжымы мен оқушылары жалпы республикалық Гимн айту челленджіне де белсенді қатысты.

Еліміздің іргесі мықты, керегесі кең, шаңырағының биік болуына әрбір азамат өз үлесін қосуы керек. Ал, білімсіз елдің болашағы бұлыңғыр.  Аталмыш  білім ордасының ойы озық, шығармашылығы шырқау, ізденісі ілгері   ұстаздары жарқын болашақтың бастауын бүгіннен қалап,  шәкірттерін шыңдаудан еш жалыққан емес.  Мектеп ұжымы мен білім алушылары   тәуелсіз еліміздің өркендеп дамуына қажырлы еңбектері мен білімдерін,  күш-жігерлерін аямайды.

Б. ӨТЕПОВА,
А.Жексембеков атындағы орта
мектептің қазақ тілі мен әдебиеті
пәні мұғалімі Алматы облысы,
Еңбекшіқазақ ауданы, 
Түрген ауылы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий