“Білім-инновация” қорына – 30 жыл: Ер балалар лицейіндегі республикалық семинар

Астанадағы «Білім-инновация» ер балаларға арналған лицей-интернатында «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының 30 жылдық мерейтойына орай «Қазақстанның білім беру кеңістігінің дамуындағы «Білім-инновация» лицейлерінің  тәжірибесі» тақырыбында республикалық семинар ұйымдастырылды. Қалалық білім басқармасының қолдауымен ұйымдастырылған бұл маңызды іс-шараға елордасындағы жүзге жуық білім беру ұйымдарының жас мамандары қатысып, тәжірибелі тәлімгерлер олимпиадада үздік болу, оқушының назарын жоғалтпай қызықты сабақ өткізу, ата-анамен қарым-қатынас және оқушылар тәрбиесі туралы тәжірибелерін ортаға салды.

Әрбір дәріс сайын жас мұғалімдер тарапынан аға буын өкілдеріне тақырып аясында түрлі сұрақтар қойып, пайымды пікір алмасуға мүмкіндік жасалды. Тарих беттерін парақтасақ, «Білім-инновация» (бұрынғы «Katev») халықаралық қоғамдық қоры Қазақстан мен Түркия арасындағы білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мақсатында екі ел Президенттерінің тікелей қолдауымен құрылған болатын.

1993 жылдан бастап, «Қазақ-түрік лицейлері» ретінде танылған білім ордалары Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына орай, яғни 2016 жылы уақыт талабына сай қайта «ребрендинг» жасалып, «Білім-инновация» лицейлері болып өзгертілді. Бұл білім ордалары үш тілде заманауи білім берумен қоса жаһандану дәуіріне сай озық үлгідегі оқыту жүйесімен Қазақстан білім кеңістігінде өзіндік орнын қалыптастыруда.

– Ел астанасында жүзге жуық мектеп бар. Сол білім беру ұйымдарындағы жас мамандардың басын қосып, алғаш рет үш бағытта арнайы семинар өткізуді қолға алдық. Бірінші тәрбие бағытында ата-аналармен және оқушылармен жұмыс жасау қарастырылған. Екінші кезекте – бейіндік бағытта оқушыларды түрлі жарыстарға, олимпиадаға дайындау, қабілеттерін ашу мүмкіндіктері саралануда. Үшіншісі – оқу әдістемелік бағыт.

Осы орайда кіріктірілген және панорамалық сабақтарға қоса  жас мамандармен жұмыс жасау көзделген. Сынып жетекшілері мен  ата-аналар, әлем мұғалімі сынды әртүрлі деңгейдегі ұстаздар түрлі бағыттағы тәжірибелерімен бөлісіп, ортақ мақсатта пікір алмасады. Бұл бірегей басқосу «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры мен білім басқармасының бірігуімен ұйымдастырылып отыр, – деді жүздесуге арнайы шақырылған беделді республикалық бұқаралық ақпарат құралдарына берген жедел сұхбатында лицей директоры СИХИМБЕКОВ Руслан Алмасұлы.

– Басты мақсатымыз: «Білім-инновация» лицейлерінің оқу, тәрбие және дарындылықты дамытуды табысты жүзеге асыруындағы отыз жылдық тәжірибесімен бөлісу және заманауи талаптарға сай үлгілерін көрсету, қатысушылармен кері байланыс жасау және тәжірибе алмасуға бағытталған. Жас ұстаздарға арналған бұл республикалық деңгейдегі семинарды пайдасы зор педагогикалық шеберхана деуге толық негіз бар. Себебі жан-жақтын жиналған пән мұғалімдері мен бастауыш сынып жетекшілері ұсынылған тақырып шеңберіндегі еркін әңгімелесу барысында ойларын ортаға салып, алдыңғы аға буын педагогтерден ақыл-кеңес алуларына толық жағдай жасалған.

Семинарға қатысушылар сабақ өткізудегі жаңа тәсілдер туралы айтып, әріптестерінің ұсыныстарын тыңдады. Ең маңыздысы өскелең ұрпаққа сапалы білім берумен қатар саналы тәрбиеге баулудың нақты жолдары талқыланып, ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеудің маңыздылығы сарапқа салынды, – дейді тарих пәнінің мұғалімі ретінде қырық жылға жуық тәжірибесі бар майталман маман, осы лицей директорының орынбасары, «Үздік педагог-2015» республикалық байқауының жеңімпазы Гүлнар Мизинбайқызы Рахимова.

– Мойындауымыз керек кез-келген пән мұғалімінің басты арманы талапты шәкірттерінің бағындырған биік белестерін жоғары деңгейдегі көрсеткіштерге ұластыру үшін жан-жақты дайындығын күшейтіп, облыстық және республикалық, халықаралық олимпиадаларда бағы мен бабын сынау барысында бәсекелестерінен басым болуы. Бұл бір жағынан дұрыс қадам. Себебі осы орайда ұстаз бен шәкірттің ізденісі артып, ілгері даму үшін жаңа жол ашылады. Бірақ олимпиада дегеніміз шектеулі ұғым емес. Демек кез-келген тақырыпта терең ойлаудың мәні мен мазмұны олимпада дегенді білдіреді.

Терең ойлау үшін қызығушылық керек. Егер кімнің де қай нәрсеге ерекше қызығушылығы болмаса бәрі бекер. Сондықтан бейіндік бағытта оқушы бойында дарындылықты дамытуды көздеген әрбір пән мұғалімінің бойында осы қасиеттер жинақталса, нақты нәтижеге қол жеткізу қиын емес, – деді шығармашыл шәкірттерді пән олимпиадаларына дайындаудың қыр-сырлары туралы әңгімелеген әйгілі математик, Гиннес рекорд кітабына енген “Әлем мұғалімі”, “Қазақстан мұғалімі-2019” ұлттық сыйлығының жеңімпазы, “Жаһандық сыйлық” аталым иегері, “Үздік педагог-2019” республикалық байқауының жеңімпазы Муаммер Гуль.

Оқу-әдістемелік бағыт бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері, білікті маман, тәжірибелі тәлімгер Ибраимова Эльмира Сейдазымовна кіріктірілген сабақтарды тиімді өткізе білуді шеберлікпен ұйымдастыра білді. Осы лицейдегі кәсіби бағдар беру жұмысының жүргізілу барысымен ағылшын пәнінің мұғалімі Корғанов Русланбек таныстырса, «Құндылыққа негізделген тәрбие беру – заман талабы» тақырыбымен 10-сынып жетекшісі Мауқанов Нұрсұлтан, мектеп, оқушы мен ата-ана ынтымақтастығы туралы лицей оқушысының ата-анасы Сыздықова Алма тамаша ойларын ортаға салды.

Оқу-әдістемелік бағытта жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық пәндердің кіріктірілген форматы көрсетіліп, 7-сыныпта тарих, қазақ тілі, географиядан «Табиғи апаттар және олардан сақтану» тақырыбында мұғалімдер Жатақбаева Гүлқайың, Рамазанова Нүргүл, Оспаналиев Елдос, 8-сыныпта қазақ тілі, биология, орыс тілінен «Дені саудың тәні сау» тақырыбында мұғалімдер Естемісова Сәнім, Ахметжанова Толқын, Сейфуллина Жанар, 9-сыныпта ағылшын тілі, физика, қазақ тілінен мұғалімдер Мәжібиева Бағила, Сейілбаева Мөлдір, жас маман Өтеген Ғалымжан сабақтар өткізді.

– Осы республикалық семинарға қатысқан жас маман әріптестеріммен пікірлесу барысында оқушыны олимпиадаға дайындау кезінде осыған дейін қандай қателіктер жібергенін сараптап, алдағы жауапты жұмыстарына жоспар құра бастағандарын білдім. Себебі көбіміз осыған дейін дарынды балаларды анықтау кезінде бір оқушыны таңдап, сол шәкіртпен ғана жүйелі жұмыс жасауға дағдылана бастағанбыз. Ал, енді алдағы уақытта бір сыныптағы ондаған білімгерден арнайы резерв құру қажеттілігін түсіндік. Басқосудан алған құнды ақпараттарымыз жеткілікті. Енді бұл пайдалы пайымдарды жұмыс жасайтын ұстаздар ұжымында әріптестермен бөлісу арқылы, тәжірибемізде тиімді қолдануға әбден болатындығы қуантады, – деді «Зерде» мамандандырылған мектебінің мұғалімі Асылбек Нұрлан.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий