БИЛ – 30: Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында сапалы білім беру жолдары талқыланды

Бүгін ҚР Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” халықаралық қоғамдық қорының бастамасы бойынша осы қордың 30 жылдығына арналған «Тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында сапалы білім беру жолдары» тақырыбында республикалық ғылыми конференция ұйымдастырылды. Басты мақсаты: тұрақты даму мақсаттарын іске асыру аясында білім беру ісінің жағдайы мен сапалы білім беру жолдарын талқылау; дамудың өзекті мәселелері мен перспективалық бағыттарын талқылау үшін білім саласындағы мамандармен өзара пікір алмасу; білім саласындағы тәжірибелі мамандар арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық деңгейін арттыру.

Жиында “БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ” халықаралық қоғамдық қорының президенті Өте Дархан Ермаханұлы отыз жылда атқарылған жетістіктер мен тағылымды тәжірибелерді баяндап, алдағы атқарылатын жаңа жобаларға тоқталды. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті төрағасының орындасары Карамбаев Жомарт Петрович бейіндік ведомстваның атынан құттықтау лебізін жеткізіп, жиналғандардың ортақ мақсаттағы пікір аласуларына сәттілік тіледі.

Алқалы жиынға салалық министрлік пен білім басқармалары және білім саласындағы қоғамдық ұйымдардың өкілдері, ғалымдар мен танымал тұлғаларға қоса сарапшылар да қатысып, сөз сөйледі. Іс-шараның бірінші бөлімінде шығып сөйлегендер тақырып аясында салмақты сараптауларды ұсынса, екінші бөлімінде түрлі ойлар мен ұсыныстар жасалды. Осы маңызды басқосу туралы толықтырылған арнайы мақаланы «Білімді ел-Образованная страна» газетінің алдағы жаңа санынан оқып, таныса аласыздар.

Нұрлан ТІЛЕГЕНҰЛЫ

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий