International science and invention fair (ISIF – 2023): Алматылық оқушылар халықаралық ғылым және өнертабыстар көрмесіне қатысып, жобаларын ағылшын тілінде қорғады
2023 жылғы 7-11 қараша күндері Индонезия мемлекеті Бали қаласында оқушылар арасындағы «INTERNATIONAL SCIENCE AND INVENTION FAIR (ISIF – 2023)» атты халықаралық ғылым және өнертабыстар көрмесі өтуде. Көрме мақсаты – ғылымды кеңінен насихаттау, соның ішінде шет елдердің ғылыми тәжірибесін тарату, сондай ақ жастарды инновациялық қызметке тарту, жасөспірімдердің ғылыми зерттеу дағдылары мен жаңашылдық рухын дамыту.
Алматы қаласы Білім басқармасы «Алматы дарыны» орталығының қолдауымен аталған көрмеге №24 лицей оқушысы Халбай Дияр және №178 мамандандырылған лицей оқушылары Нышанбай Ажар мен Жандарбек Тоғжан қатысуда. №178 мамандандырылған лицей оқушылары Нышанбай Ажар мен Жандарбек Тоғжан “Мырыш қаптамасының коррозияға тұрақтылығын арттыру, тақырыбындағы бұл жұмыс жобасын ағылшын тілінде қорғап, алтын медаль иеленді. Жұмыстың мақсаты: металл конструкциялар мен бұйымдарды коррозиядан қорғау үшін құрамында титан диоксиді бар композициялы мырыш жабынын алу.
Зерттеудің өзектілігі: қазіргі таңда металды коррозиядан қорғаудың негізгі әдісі – қорғаныс жабындарын жасау. Солардың ішінде мырышпен қаптау кеңінен таралған. Мырыш жабындарының қорғаныш қасиеттерін оның құрамына әртүрлі дисперсті бөлшектерді қосу арқылы жақсартуға болады. Осы мақсатта мырыш матрицасына дисперсті титан диоксидін енгізу арқылы коррозияға айтарлықтай төзімді жабындарды электрохимиялық жолмен алу қарастырылады.
Зерттеудің міндеттері: электролиз әдісі арқылы мырыш титан диоксиді композициялы жабынын алу. Ол үшін: тәжірибе 1 – мырыш матрицасына титан диоксиді мейлінше көбірек кіруі үшін оның аса дисперстілігіне қол жеткізу, химиялық таза титан диоксидін шарлы диірменнен өткізіп, белгілі бір өлшемдегі бөлшектер фракциясын дайындау; тәжірибе 2 – аталмыш композициялық материалды алуға арналған электролитте электролиз жүргізу, жабындар алу.
Катодты поляризациялау кезінде мыс катодының бетінде түзілген композициялы электрохимиялық мырыш титан диоксиді жабынының химиялық құрамын аналитикалық химия әдістерімен зерттеу: элементтік анализ. Алынған композитті материалдың коррозияға тұрақтылығын стандарт бойынша химиялық еріту және потенциодинамикалық поляризациялық қисықтар түсіру арқылы зерттеу.
– Алматылық мектеп оқушыларының ISIF – 2023 қатысу мүмкіндігі үшін «Халықаралық ғылыми ынтымақтастық орталығы» ММ-не алғысымызды білдіреміз. Шәкірттерге сәттілік серік болып, әлемдік аренада жеңіс тұғырынан көрінулерін тілейміз!, – дейді осы білім ордаларының басшылығы мен ата-аналар және шәкірттердің жобалық жұмысына жетекшілік жасаған педагогтер.
Загрузка...