Мақал мен мәтелдің тәрбиелік мәні

Бала кезімізден біз ата-аналарымыздан өлең шумақтарына ұқсас қысқа,нақыл сөздерді естідік, мысалы «Отан елдің анасы, ел ердің анасы», «Ата-асқар тау, ана-бауырындағы бұлақ, бала-жағасындағы құрақ», «Әке көрген – оқ жонар, ана көрген -тон пішер». Мектепке келгенде оқу сабақтарында біз бұл мақал-мәтелдер екенін білдік.

Мақал мен мәтелдер ауыз әдебиетіміздің ең көне түрі. Ол халқымыздың ұрпақтан-ұрпаққа қалдырып келе жатқан баға жетпес бай мұрасы. Онда бабаларымыздың өмірлік тәжірибелері, ой-толғаныстары, ақыл-кеңестері бір ауыз сөздің қауызына сыйғызылып, саф алтындай сақталып келеді. Мақал-мәтелдің қадірін жақсы білетін халқымыз оны ерекше құрметтейді, ондағы айтылған пікірлерге тақ тұрады. Сол үшін де күні бүгінге дейін мақал-мәтелді төбелеріне көтеріп «Мақал-сөздің атасы», «Мақал-сөздің мәйегі, – деп айырықша қастерлеумен келеді.

Сол үшін де ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты ажырату үшін көнекөз мақал-мәтелдердің даналығына жүгініп жатамыз. Жақсылық пен жамандықтың, кішіпейілділік пен тәкаппарлықтың, қайырымдылық пен қайырымсыздықтың, аңқаулық пен қулықтың арасалмағын айырғымыз келсе, тағы да көне безбен-мақал-мәтелге сенім артамыз. Мақал-мәтел халық үшін ерен даналықтың таусылмас қайнар көзі іспетті. Кезінде алғашқылардың бірі болып қазақ мақал-мәтелдерін жинақтаған белгілі жазушы Өтебай Тұрманжанов олардың санын елу мыңға жеткізсе, кейін балалардың сүйікті ақыны Мұзафар Әлімбаев және екі мыңнан астамын қатарға қосты.

Мұзафар ағамыз сарсыла жинақтаған сол еңбегінде мақал-мәтелге нақтылы анықтама да береді. Ол: «Мақал дегеніміз – өмір құбылыстарын жинақтайтын және типтендіретін, бір немесе екі бөлімнен құралып, алдыңғысында шарт немесе жалпы пайымдау, соңғысында қорытынды, түйінді пікір айтатын бітімі бекем, өте ықшам, бейнелі әрі ырғақты халық нақылы. Ал мәтел дегеніміз – халық арасына көп тараған, қорытындысы болмайтын, тұжырымы тиянақталмаған, қарама-қарсы шендестіру жоқ, ықшам кестелі халық сөзі», – дейді.

Бұған қосарым ештеңе жоқ сияқты. Тек айтар тілегім, өзінің мірдің оғындай өткірлігімен, дау тудырмас әділдігімен, өнеге тұтарлық тәлімділігімен, қиып түсер өткірлігімен әділ бағасын алған қазақ мақал-мәтелі бұдан кейін де туған халқымен бірге мәңгі жасай берсін дегім келеді.

Асел БИЖИГИТОВА, А.Байтұрсынұлы атындағы №48 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі, Астана қаласы

 

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий