Ашық әңгіме: Білім саласына жаңашыл ізденістер қажет
Отандық білім мен ғылым саласындағы маңызды мәселелерді шынайылық тұрғысынан жазуға маманданған біздің бірегей басылымның редакциясына арнайы келіп, газеттің ютуб каналына сұхбат беретін кәсіби мамандар мен танымал тұлғалардың қатар күн ұзаған сайын көбейіп келеді. Жуырда елордасындағы “Үркер” зияткерлік орталығының директоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, білікті де тәжірибелі ұстаз Анар Түгелбаева мен ТМД елдері бойынша білім жүйесін дамытудың халықаралық қорының басқарушы директоры, техника ғылымдарының кандидаты, доцент Зәуреш Құлымбаева өздері жетекшілік жасайтын жеке иеліктегі құрылым тарапынан атқарылған ауқымды жұмыстар мен алдағы жоспарларын әңгімелеп, оралымды ойларына қоса пайымды пікірлерін ортаға салған болатын. Оқырмандардың назарына осы ашық әңгіменің газетке бейімделген жазбаша нұсқасын ұсынамыз.
Анар Тоқтарқызы, Сіз басқаратын зияткерлік орталық 2013 жылы құрылған екен. Бұл әрине белгілі бір межені бағындыру үшін аз уақыт емес. Осы құрылымды ұйымдастырудағы басты мақсат не еді және жүргізілген жұмыстар бойынша қандай нәтижелерге қол жеткіздіңіздер деген алғашқы сауалдарға жауап берсеңіз?
– Сөзімнің басында ең алдымен еркін сұхбат алаңына шақырып, ақпараттық қолдау білдіргендеріңіз үшін және мыңдаған адамды құрайтын үлкен аудитория алдында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларды бөлісуге мүмкіндік ұсынғандарыңыз үшін Сіздерге зор алғыс айтып, ерекше ризашылығымызды білдіремін. Ия өздеріңіз айрықша атап айтқандай біздің орталықтың ашылғанына биыл он жыл. Әрі алғашқы мерейтойымыз.
Бастапқы көзделген мақсат – балалардың шығармашылық әлеуетін дамыту, оқушылардың зияткерлік қызметін ынталандыру, мектеп жасына дейінгі балалардың білімге деген қызығушылығын қалыптастыру болатын. Осыған орай шағын ұжымдағы білікті педагогтер мен сарапшы мамандардың жұмыла жемісті жұмыс жасауына барлық жағдай жасалды. Нәтижесінде көптеген жаңа жобаларды үздіксіз ізденіспен жетілдіруге, басым бағыттардағы рухани сұраныстарды қамтамасыз етуге жол аштық.
Қазірге кезде біздің орталықпен тұрақты әрі берік шығармашылық байланыс орнатқан мектепке дейінгі білім мен тәрбие беретін балабақшалар, мектептер еліміздің барлық аймағында бар. Бұл жетістік біз үшін әрине мерейлі мәртебе және үлкен міндеттер арқалататын жауапкершілік. Себебі жүйелі жұмысымыз республиканың әр аумағындағы әріптес мұғалімдер мен ата-аналардың қолданыстағы жобаларды жаңашылдықпен жетілдіру үшін жолданған ұтымды ұсыныстары мен келелі кеңестерін сарапқа салып, терең талдау арқылы тиімді тетіктерін ортақ мүдде мен мақсат жолында қабылдауға бағытталған.
Зәуреш Ермекқызы, ендігі сөз тізгіні өзіңізде. Сіз басқаратын халықаралық қоғамдық қордың жалпы жұмысы мен басым бағыттарын білсек?
– Сауалыңыз өте орынды. Себебі бұл қор бекерге және себепсіз құрылған жоқ. Жаһандық дәуірдің білім бәсекелестігінде басқаларға есе жібермейтін ақыл-ойы зерек қарымды қабілеті бар зияткер тұлғаны қалыптастыруға өзіндік үлес қосуды көздеген орталық тең дәрежеде иықтаса жұмыла жұмыс жасауы үшін балабақшалар мен мектептердегі мұғалімдерді айтпағанда арнаулы кәсіби мамандарды дайындайтын колледжерге қоса жоғары оқу орындарындағы оқытушылардың да білімі мен біліктілігі заманның талабына сай болуы тиіс.
Сондықтан осы бағыттарды да қос қамту үшін арнайы қоғамдық қоры құрылған. Институционалдық аккредиттеуден өткен «ТМД елдері бойынша білім жүйесін дамытудың халықаралық қоры» қоғамдық қоры (Институционалдық аккредиттеу туралы куәлік 24.12.22 ж. IA-D № 012), қосымша білім беруді дамыту саласында сапалы қызмет көрсетеді. 2023 жылғы 24 сәуірдегі №4 хаттамасына сәйкес педагогтердің біліктілігін арттыру бойынша білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарының тізіліміне енгізу, ҚР Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 28 қаңтардағы №95 бұйрығымен бекітілген Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастыру және жүргізу, сондай-ақ педагогтің қызметін курстан кейінгі қолдау қағидаларының 6-тармағына сәйкес Қор ұсынған құжаттардың сәйкестігі туралы шешімі бар.
ҚР Білім және ғылым министрлігінің 2020 жылғы 4 мамырдағы № 175 «Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының білім беру бағдарламаларын әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес сараптама қорытындысынан өтіп, білім беру бағдарламаларының тізіміне енгізілген біліктілікті жетілдіру курстарымызды ұсына аламыз.
Мәселен, бастауыш сынып оқушыларының функционалдық сауаттылығын қалыптастыру бойынша педагогтердің кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге бағытталған «Бастауыш сынып оқушыларының креативті ойлауын және функционалдық сауаттылығын дамыту» атты қысқа мерзімді курстарының – 80 сағаттық оқу бағдарламасы мен психологиялық-педагогикалық-әлеуметтік қолдауды әдістемелік қамтамасыз ету бойынша білім беру ұйымдары мамандарының кәсіби құзыреттілігін жетілдіруге бағытталған «Білім беру ұйымдарында буллинг және кибербуллингтің алдын алу» – 80 сағаттық оқу бағдарламасы бойынша біліктілігін көтеру курстарын ұйымдастыру құқығына иеміз.
Зәуреш Ермекқызы, Сіздердің қоғамдық қордың биылғы жылдың соңына ұйымдастырған ауқымды бір шарасы туралы әңгімелеп берсеңіз? – Техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары педагогтарына модульдерді қалыптастыру принциптерін зерделеу, оқу материалының көлемін анықтау және оларды кредиттер бойынша өлшеу анықтау арқылы бағдарламаға қатысушы колледждерде шеберлік сабақтарын (1-3) өткізуді, сондай-ақ мамандарды даярлау бағыттары бойынша КТОМ енгізудің практикалық мәселелерін анықтау бойынша «Колледждерде оқытудың модульдік-кредиттік технологиясын енгізудің практикалық мәселелері» – 80 сағаттық оқу бағдарламасын ұсына аламыз.
Сұрағыңызға нақты жауап ретінде, қазан айының бесі мен қарашаның 15-і аралығында біз (ТМД елдерінде білім жүйесін дамытудың халықаралық қоры) ҚҚ Алматы қаласының білім беру басқармасымен бірлесіп инклюзивті білім беруді іске асыратын жалпы білім беретін мектептер педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарын ұйымдастырғанымызды айрықша атап айтқан абзал. Жоба негізінде курстан кейінгі сүйемелдеу 2024 жылдың соңына дейін тегін өткізіледі.
Курс барысында инклюзивті білім берудің халықаралық тәжірибені зерделей отырып, ерекше білім беру қажеттіліктері бар (ЕБҚ) балаларды оқытудағы инновациялық тәсілдер мен жаңа шешімдер арқылы педагогтердің кәсіби дағдыларын жетілдірілді. Сонымен қатар, қыркүйек айында Қор жалпы орта білім беру ұйымдарының жас мұғалімдеріне арналған «Қысқа мерзімді жоспарды қалай жасаймыз?, жас мұғалімдердің кәсіби шеберлік іскерліктерін дамыту», «Оқу процесінде қолданатын новаторлық әдістер» тақырыптарында вебинарлар өткізді.
Сонымен қатар, қоғамдық қордың бастамасы және қолдауымен Грузия, Дубай, Еуропа және тағы да басқа дамыған елдерде шетелдік тағылымдамадан өтуді де ұйымдастырады. Ол үшін осы елдердің білім беру ұйымдарымен келісім шарттар жасалды. Жалпы, қор тарапынан балабақша, мектеп, колледж, жоғары оқу орындары педагогтарының сұраныстарын ескеру арқылы оқу бағдарламаларын уақыт талабына сай ұдайы жаңартып отырады.
Сіздердің тақырып аясындағы ашық әңгімелеріңізге алғыс білдіре отырып, жаңашыл жобалар мен бірегей бастамаларға абыройлы жетістіктер тілейміз!
Сұхбат әңгіменің газетті
нұсқасын әзірлеген Нұрлан МЕРАЛЫ