Білімді ұлт – инклюзивті білім беру ортасын қалыптастырудан басталады
Қазіргі заманғы білім беруді дамытудың басты талаптарының бірі – инклюзивтілікті қамтамасыз ету, яғни білім беру үдерісін әрбір адам мен оның жеке қажеттіліктеріне, ерекшеліктеріне қарай икемдеу. Бұл ретте күн тәртібіндегі көкейтесті мәселе – ерекше оқытуды қажет ететін, мұқтаж балалар мен жастарға толыққанды, сапалы білім беру.
Құрылған күнінен бері әлеуметтік жауапты университет ретінде дамыған Әлихан Бөкейхан Университеті бұл мәселені шешу ісіне ұзақ жылдар бойы белсенді атсалысып келеді. Университет мамандары өңіріміздегі мектепке дейінгі және орта білім беру, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беру орындарында инклюзивті оқыту ортасын қалыптастыруға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізуде.
Атап айтқанда, университеттің Педагогика және психология кафедрасының оқытушылары облыс көлемінде «Инклюзвиті білім беру жүйесіндегі педагогикалық-психологиялық сүйемелдеу» жобасын қолға алған. Жобаның басты мақсаты – барлық деңгейдегі білім беру мекемелерінің мамандарына инклюзивті білім беруді ұйымдастыру мен жүзеге асыруға әдістемелік, консультативтік және ұйымдастырушылық қолдау көрсету, мамандар мен ата-аналарды оқыту, бүлдіршіндермен және жеткіншектермен жұмыс істеу.
Осы мақсатты жүзеге асыру үшін университеттің Гуманитарлық факультетінде Психологиялық-педагогикалық коррекция кабинеті жұмыс жасайды. Кабинет – сөйлеу қабілеті, психологиялық дамуы тежелген балаларға диагностика жүргізу, түзету, дамыту қызметтерін көрсетуге арналған. Кабинет ашылған 2020 жылдан бері мұнда 200-ге тарта балаларға тегін логопедиялық, дефектологиялық және психологиялық түзету жұмыстары жүргізілді.
Кабинет мұқтаждығы бар балалармен жұмыс істеуге бағытталған соңғы үлгідегі құрал-жабдықтармен, оқу-әдістемелік материалдармен жабдықталған. Кабинет балалар мен ата-аналарға қызмет көрсетумен қатар болашақ психолог, педагог мамандардың кәсіби дағдыларын шыңдайтын тәжірибелік класс ретінде де қызмет атқарады. Бұл жерде университет студенттері білікті оқытушылардың жетекшілігімен ерекше балалармен жұмыс істеуді үйреніп, кәсіби құзыреттіліктерін арттырады.
2021 жылы Университетте Израиль мемлекетінің төтенше және уәкілетті елшісінің қатысуымен Қазақстан-Израиль инклюзивті білім беру бағдарламаларын дамыту орталығы ашылды. Орталық инклюзивті білім беруді жүзеге асыратын және осы саласдағы әдістемелік нұсқаулықтар мен бағдарламаларды әзірлейтін, біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыратын, әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыратын мекемелер мамандарының бірлескен жұмысын үйлестіреді. Орталықтың жұмыс жоспарына сәйкес ерекше бүлдіршіндердің ата-аналарын сүйемелдеу, балабақшалар мен орта мектептердің педагог-мамандарына әдістемелік семинарлар жүргізу жұмысы тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Педагогика және психология кафедрасының оқытушылары Еуропа, Израиль, ТМД елдерінің кәсіби мамандарымен тығыз байланыс орната отырып, инклюзивті білім берудің озық тәжірибелерін өңірімізде ендіру ісіне сүбелі үлес қосуда. Бұл ретте кафедра мамандары облыстық Білім басқармасының Әдістемелік-инновациялық орталығы, «Жарқын Болашақ» коррекциялық орталығы, Семей қаласының №4, 17, 42 орта мектептердің мамандарымен ынтымақтаса жұмыс істеуде.
Кафедра ғалымдары инклюзивті білім беру саласындағы ғылыми ізденістерде де айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, Б.Оспанова, Ш.Оралғалиева, Г.Исмаилова сынды кафедра ғалымдары инклюзивті білім беру мәселелеріне арналған докторлық диссертациялар қорғап, педагогика және психология саласының философия докторы (PhD) дәрежесін иеленді. Н.Рахымжанова мен А.Лекерова да алдағы уақытта инклюзия мәселелері бойынша диссертацияларын қорғайды. Аталған ғалымдар жақында Португалия елінде, аутистік спектрдегі ауытқуы бар балаларға түзету қызметтерін ұсынатын Vencer Autismo орталығында тағылымдамадан өтті.
Біртұтас инклюзивті білім беру жүйесін қалыптастыруда университет ғалымдары өңірдегі мектеп ұстаздарымен тығыз жұмыс істейді. Сондай мектептердің бірі – Семей қаласының №42 жанындағы интернаты бар орта мектебі. Мұнда өткен жылы университеттің Педагогика және психология кафедрасының филиалы ашылған болатын. Биыл Университет Президенті ретінде менің бастамаммен жүргізіліп жатқан жұмыстардың жалғасы ретінде мектеп қабырғасында Инклюзивті білім берудің ресурстық орталығы ашылды.
Ресурстық орталық ерекше балаларды оқытуға қажетті заманауи құралдармен және оқу-әдістемелік материалдармен толықтай жабдықталды. Орталықты жасақтауға Университет қаражаты есебінен 17 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалды. Орталық бүгінде 60-тан астам мұқтаждығы бар балаларды инклюзивті сыныптарда оқытып отырған мектептің ұстаздар қауымына жасалған жақсы қолдау болғаны сөзсіз.
Жыл өткен сайын мұндай мұқтаж бүлдіршіндер мен жеткіншектер саны, өкінішке қарай, тек қана артып келеді. Бұл ретте Әлихан Университетінің инклюзивті білім беруді дамытуға бағыттаған бастамалары алдағы уақытта өз жалғасын тауып, республикалық, халықаралық деңгейдегі ірі жобаларға ұласатыны сөзсіз.
Шырын ҚҰРМАНБАЕВА,
Әлихан Бөкейхан Университетінің Президенті, саяси ғылымдар докторы, профессор


