Жылды қорытындыласақ…

Жыл соңында атқарылған жұмысты қорытындылау дәстүрі баршаларыңызға мәлім. Биыл орталығымызда айтарлықтай өзгерістер енгізілді. Әрине, мұның барлығы Мемлекет басшысының алға қойған міндеттерінің және Оқу-ағарту министрлігінің маған деген сенімінің арқасындағы жетістік дер едім.

Биыл бүкіл фокус процестерді диджиталға айналдыруда болды. Ең маңызды әрі жүйелі жоба ретінде Педагогтің үздіксіз кәсіби даму ұлттық платформасын жасауды айтуға болады. Дәл осы платформада педагогтерді аттестаттау өткізілетін болады, бұл академиялық адалдық нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді.

Сонымен қатар, біз алғаш рет республиканың 6 өңірінің (Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) шағын жинақты мектептерінің 5381 педагогіне білім беру процесін цифрландыру бойынша курстар ұйымдастырдық. Жалпы, бір жыл ішінде орталығымызда мектепке дейінгі білім берудің 11 мың 965 педагогі және орта білімнің 89 мың 877 педагогі тегін оқудан өтті.

«Педагог» кәсіптік стандартында көрсетілген педагог санаттарына сәйкес индикаторларды қалыптастыру үшін жаңа 62 білім беру бағдарламасы әзірленді. Қыркүйек айынан бастап тыңдаушылар мен педагогтердің өзара іс-қимылын үйлестіру мақсатында Виртуалды қоғамдастық жүйелі түрде жұмыс істей бастады: 102 мың 842 педагог оқудан өтті, ал 64 мың 978 педагог платформада тіркелді.

Ғылыми-зерттеу жұмысы туралы да айта кетейін. Биыл бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру шеңберінде «Күрделі әлемде білім беру аспектісінде педагогтерді үздіксіз кәсіби дамыту жүйесін құру: парадигмасы, әдіснамасы, цифрлық құралдар» атты ғылыми-техникалық бағдарламаны іске асыру жобасы басталды.

Өрлеу қызметкерлерінің білікті­лігін арттыруға да көп көңіл бөлінді. «Педагогтердің кәсіби дамуын басқару» семинарында 75 оқытушы білімін арттырған болса, 100 педагог «Бағалаудың тәсілдері мен әдістерін қолдану: жоспарлау, құралдарды әзірлеу, кері байланыс» семинарында біліктілігін еселеді.

Жылдың айтулы оқиғасы – «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық бейнесабақтар мен бейнедәрістер конкурсын қорытындылау. «Өрлеу» бұл байқауды Оқу-ағарту министрлігінің қолдауымен 2018 жылдан бері өткізіп келеді. Алғаш рет конкурстық жұмыстар пәндер не әдістемелер бойынша емес, функционалдық сауаттылықтың 12 түрі бойынша жасалды. 1, 2, 3 дәрежелі дипломдармен және ақшалай сертификаттармен 92 педагог марапатталды. Одан басқа, әрбір бағыт бойынша YouTube-те ең көп қаралған бейнематериалдардың авторлары анықталды. Конкурс өз позициясын күшейтіп қана қоймай, әрі қарай да үздік педагогикалық тәжірибені таратудың алаңы болатынына сенімім мол.

Еламан АЙБУЛЬДИНОВ,
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының Басқарма Төрағасы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий