Ғасырлармен үндескен, тарихпенен тілдескен, тұлғалары біз дескен – ұлылықтың тұрағы
Бүгін Алматы қаласы Түрксіб ауданы №84 жалпы білім беретін мектепте «Ғасырлармен үндескен, тарихпенен тілдескен, тұлғалары біз дескен – ұлылықтың тұрағы» атты қалалық семинар өтті. Семинардың негізгі мақсаты – Сингапурлық білім мен тәрбиелеу процесінің тиімділігін енгізе отырып, оқушылардың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру.
Семинардың міндеті -2023-2024 оқу жылындағы мерейтойлары аталып өтілетін тұлғалардың егемендік жолындағы ерен еңбегін кеңінен насихаттау. «Алматы мектептері» жобасы аясында КММ «№84 жалпы білім беретін мектеп» директоры С.Ш.Молдасанова Сингапурға барып, іс-тәжірибе алмасуының нәтижесінде аталған семинардың формасы дәстүрден тыс оқыту және тәрбиелеу формаларынан, сахналық көрініс әрекеттерінен, көлеңкелі театр элементтерінен құралды.
Семинардың бірінші бөлімінде әр дәуірдің айтулы тұлғаларының әлемі оқушылардың сахналық әрекеттерімен ұштасып, тәуелсіздік жолындағы айбыны асқақталып отырды. Яссауи хикметтерін дәріптеуден бастау алған маршрут дала данышпаны саналған үш бидің заманына ұласты. Бұл тізбекті Махамбеттің әлемі жалғай түсіп, Алаш зиялыларымен өз кезегін тапты. Ұлы Отан соғысындағы ерлік әрекеттерді Қасым Қайсеновтің заманы айшықтап берсе, жалғасын Кемел Тоқаевтың детективті романдарын танытқан оқушылар көрсетті. Соның ізінше Оралхан Бөкейдің заманына табан тіреген қонақтар ұлттық құндылықты танытатын сахналық қойылымды тамашалады. Дәуірлер алмасуын, ондағы егемендік идеясын мектептің оқушылары өте жоғары деңгейде орындап шықты. Семинардың екінші бөлімі әдеби-шығармашылық кешке ұласып, ән, күй-тартыс, көлеңкелі театр сахналанды.
Семинарға қалалық білім берудегі технологиялардың ғылыми-әдістемелік орталығының әдіскерлері Кирбаева Жазира Канашевна, Қасымбаева Арай Иманбековна және Түрксіб ауданы мектептерінің басшылары қатысты. Кері байланыс кезінде қатысушылар арнайы платформада пікірлері мен ұсыныстарын жолдады. Сингапур елінің озық тәжірибесімен ұштасқан аталған семинар өз мақсатына жетіп, нағыз патриот жастарды тәрбиелеу арнасы екенін танытты.
Загрузка...









