TAMOS SPACE SCHOOL – ТАҒЫЛЫМДЫ ТӘЛІМ-ТӘРБИЕ ҰЯСЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында сабақтастықпен әлемдік озық үлгілер, прогресс қатар жүру керегін айтты. «Білім мен ғылым алға жылжымайынша даму болмайды», деді.
Астанада 2021 жылы ашылған Tamos Space School – білім саласындағы жаңа бренд. Жаңа мектеп – Tamos брендімен жұмыс істейтін елордадағы алғашқы мектеп. Еліміздің бас қаласында осындай мән-маңызы ерекше мектептің бой көтеріп, білім беру нарығында жүйелі және жемісті жұмыс жүргізуі, қызмет етуі – уақыт және заман талабы. Жаңа заманға, Әділетті Қазақстанға ілім-білімді барынша жан-жақты игерген жаңа мамандар керек. Ал сапалы кадрлардың бастапқы білім-білік дағдылары осындай мектепте қалыптасады.
Tamos мектебінің дәстүрлі мектептермен біршама ұқсастықтары, сондай-ақ айтарлықтай айырмашылықтары да бар. Ұқсастықтарға оқу бағдарламаларын, материалдың көлемін, сапасын және т.б. жатқызуға болады, дегенмен оқыту әдістері әртүрлі. Мәселен, қазақстандық мектептерде мұғалімдер мен оқулық білімнің негізгі көзі болып саналады. Ал Tamos әдістемесінде басқа тәсіл – білім көзі ретінде зейін-зерде дағдыларына басымдық беріледі. Мұнда мұғалім – мектеп оқушыларына интернет, мәліметтер базасы, кітапхана, журналдар, кітаптар және т.с.с. түрлі көздерден ақпаратты өз бетінше табуға үйрететін білім дәнекері. Тәлімгер баланы тақырыпты өз бетінше талқыға салуға, талдауға дағдыландырады, соған қажет сана-сезім, құрал-жабдықпен қаруландырады, сөйтіп оқушының білімге деген ынтасын арттырады. Оқытудың мұндай тың тәсілі баланы жаттауға емес, ойлауға, ойлануға үйретеді. Дәл осы тәсіл ХХІ ғасырдың өскелең ұрпағына аса қажет қарекет.
Тағы бір маңызды ерекшелік – мұнда мұғалім оқу процесін әр оқушының білім деңгейіне назар аудара отырып, соған орай, сараланған тұрғыда құрады. Айталық, қанша дегенмен, бар оқушының білім деңгейі бірдей емес. Сондай-ақ әрбір баланың өзіне тән мінез-құлығы, қандай да бір пәнге деген қызығушылығы болады. Міне, сабақ беру жүйесін осындай түрлі сыр-сипаттарды тоғыстыра отырып жүргізу, әлбетте, жақсы нәтиже береді.
Біз оқушыларға терең академиялық білім береміз және олардың болмыс-бітімінде болашақ өмірінде пайдалы болатын дағдыларды дамытамыз, дарытамыз. Сонымен қатар, Tamos Space School бағдарламасы бойынша оқыту билингвалық, яғни екі тілді – дәрістер қазақ немесе орыс тілдерінде және міндетті түрде ағылшын тілінде жүргізіледі, бұл өз кезегінде мектеп түлектеріне қос тілді бірдей жақсы меңгеріп шығуға мүмкіндік береді.
Tamos Space School түлегі үлкен артықшылықтарға ие, ол мектептен қос аттестат: қазақстандық үлгідегі білім куәлігін және IGSCE және A-Level Кембридж дипломдарын алып шығады. Жергілікті аттестат Қазақстанның жоғары оқу орындарына түсуге жол ашады, ал Кембридж дипломдары әлемнің 100-ден астам еліндегі университеттерге IELTS, SAT және т.б. сияқты тіл білуге қатысты қосымша емтихан тапсырмай-ақ түсуге мүмкіндік береді.
Мектеп бағдарламасы арнайы дайындығы бар мұғалімдердің ғана еңбек етуін талап етеді. Мұнда дәріс беретін мамандардың өз пәнін, сол пәннің педагогикалық негіздерін терең білуі шарт. Сондай-ақ бұл бағыттағы білімдерін үнемі жетілдіріп, толықтырып отыруы керек. Мәселен, біздің көптеген мұғалімдер зияткерлік мектептеріне Кембридж бағдарламасының енгізілуіне байланысты, Кембридж әдіснамасын, тәсілдерін, терминологиясын жақсы меңгеріп алды. Бірқатар мұғалімдер аталған бағдарлама бойынша сабақ береді, тестілеу өткізеді, сол бойынша бағалаумен айналысады, т.с.с. Олар балаларды халықаралық емтихандарға тыңғылықты дайындай біледі. Сонымен қатар, біздің мектептің бірқатар мұғалімі Ұлыбританияда, Вьетнамда және Тайландта халықаралық оқыту тәжірибесіне ие.
Мектеп мұғалімдері күнделікті сабақ процесінде ұдайы ізденіс, зерттеу әдістерін шебер қолданады. Егер сіз біздің мұғалімдердің бірінің алдына бара қалсаңыз, оның қалың оқулық, әдістемелік құралдарға көміліп, әр нені байыптап, саралап отырғанын көрген болар едіңіз. Олар тек бекітілген бағдарлама аясында, белгілі бір кітап-құралдармен жұмыс істеу жаттандылыққа ұрындырады, оқушыны жалықтырып жібереді, сондықтан үнемі жаңа бір нәрсені ойлап тауып, жаңашылдыққа ұмтылып отыру керек дейді. Мектеп басшылығы, міне, осындай қашанда қозғалыс, әрекет үстіндегі кәсіпқойлар командасын қалыптастыру, күнделікті оқу процесіне халықаралық мектептердің мамандарын тарту жұмыстарын мақсатты түрде, сәтімен жалғастырып келеді. Сол себепті де біз ұстанып отырған білім беру бағамы оқушыларымызға барынша байыпты, негізді білім және табысты болашаққа кепілдік береді.
Біз Tamos мектебінде терең академиялық білімі бар, ойлау қабілеті мықты оқушыны тәрбиелеу үшін барлық жағдай жасауға дайынбыз, оны әлемнің 800-ден астам университеттеріне шетелдік мектеп түлектерімен тең жағдайда түсу үшін қажет білім-білікпен қаруландыруға бар қарым-қабілет, күш-жігерімізді жұмсаймыз. Дегенмен, ең бастысы, ең маңыздысы – біздің түлегіміз білім, ғылым әлеуеті жөнінен басқа елдеріндегі қатарластарынан бір де кем түспейді, жоғары оқу орнына және шетелдегі өмірге жылдам бейімделетін болады.
Тағы бір айта кетерлігі, мектепте мемлекеттік стандартқа негізделген пәндерден өзге, қалың көпшілік аз білетін, тіпті мүлде хабарсыз пәндер де жүргізіледі. Оған 40 шақты түрлі үйірмелер мен спорт секцияларының жұмысын қосыңыз: art және fashion дизайнынан бастап супер заманауи мобилография мен нейрондық желілерге дейін, футболдан шахматқа дейін қамтылған.
Біздің басты қолдаушыларымыз, қамқоршыларымыз – ата-аналарымыздың да жаңа үлгідегі мектепке деген көзқарастары ерекше. «Балаңның мектепке үлкен ынтамен, қуанышпен барғаны қандай бақыт. Көптеген достар, сүйікті мұғалімдер, сынып үйірмелері, мейрамханадағыдай ас мәзірі – біз білетін артықшылықтар. Ал балаларымызды тыңдасаңыз, бұл тізім еселене түседі», деседі олар.
Мектептің материалдық-техникалық базасы да өте бай. Заманауи ғимарат, сәулетті сыныптар, салтанатты атриум, үлкен спорт зал – бәрі-бәрі көңілге жайлылық бітіреді, жүрекке қанат байлайды. Балалар төрт мезгіл тамақтандырылады. Оқу орнының күнделікті тыныс-тіршілігі – қат-қабат, қайнап жатады: түрлі іс-шаралар, тақырыптық кештер, қызықты үйірмелер жоспарлы түрде, кезегімен өтіп тұрады. Үй тапсырмасы мектепте жасалады.
Мектеп тек ерекше қабілетті, жас күнінен белгілі бір пәндерге ықылас, бейімділік танытқан шәкірттерді қабылдайды, солармен жұмыс жүргізеді. Оқу үлгісі – ақылы. Дегенмен қазақ сыныптарында оқуға құрылтайшылар жыл сайын грант бөліп отырады. Мәселен, биыл 2-3 сыныптарға қабылдауға конкурс жарияланып, талапкер жас шәкірттер тамыз айында арнайы тест тапсырды. Соның нәтижесінде жоғары балл алған алты оқушы бүгінде мектепте тегін оқып жатыр. Екінші тоқсанда да осындай конкурс өткізілген еді. Өкінішке орай, ешқандай талапкер қажетті білім деңгейін көрсете алмады. Мұндай іріктеу, қабылдаулар алдағы уақытта да жалғасын табады. Сол орайда біз білімпаз, дарынды жас балаларды біздің мектепте білім алуға, өздерін сынап көруге шақырамыз.
Tamos Space School ағымдағы миссиясы, жақын жоспары – әлемнің үздік мектептерінің түлектерімен тең дәрежеде бәсекелесе алатын, елдің және әлемдік қоғамдастықтың дамуына үлес қоса алатын түлектерді даярлайтын елдің озық оқу орнына айналу. Біз осы бағыттағы кең тынысты, тыңғылықты, тиянақты жұмыстарды жүйелі түрде жалғастыра беретін боламыз.
Гүлсара ОСПАНОВА,
педагог-шебер, Tamos Space School мұғалімі