Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру мүмкіндігі
Қасым-Жомарт Тоқаев: « Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» деген сөзімен, «Egemen Qazaqstan» газетіне президентіміздің берген сұхбатында 2024 жылға бағыттылған жоспарларымен бөлісіті. Соның ішінде мен үшін ерекше көңілімнен шыққаны жоспардың бірі: «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын өткізу де еліміз үшін айтулы оқиға болмақ. Байрақты бәсеке ұлттық спорт пен саламатты өмір салтын дәріптеу жағынан да, Ұлы даладағы көшпенділер өркениетінің мұрагері саналатын бауырлас халықтардың мәдени-гуманитарлық байланысын арттыру тұрғысынан да маңызды екені сөзсіз.»
Мәдениеттанулық позициядан қарағанда, президентіміз ұстанып отырған бағыты дұрыс әрі қуантарлық, себебі: «Біз ұлт мүддесін ескере отырып, сындарлы әрі салиқалы сыртқы саясатты жалғастырамыз. 2024 жылы елімізде бірқатар ауқымды саммит, форумдар өтеді. Қазақстан бірнеше беделді халықаралық ұйымға, атап айтсақ, Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ислам ұйымына төрағалық етеді.» – деген сөзінде, Қазақстан жаһандық мәдени сұхбатқа түсуге дайын екенін анық көріп тұрмыз.
Өркениетті мемлекеттердің деңгейімен теңесуге жетудің бір жолы, олармен мәдени сұхбат құру, бірегейлену, бір тұтас мәдени бағдармен мәдени саясатты ұстану екені бәрімізге мәлім. Ұлт мүддесін алдыға қойып, сыртпен салиқалы әрі зайырлы саясат жүргізудің бір жолы ретінде, Ұлы дала көшпенділер өркениетінің мұрасын сақтап, әрі жалғастырып кележатқан бауырлас, түбі түркі халықтарымен бірлесе «Дүниежүзілік көшпенділер ойынын» елімізде өткізу арқылы, бәсекелестік пен салауатты өмір салтын дәріптеп, сонымен қатар ұлттық мұрамызды жаңғырту болып табылады. Оған дәлел президентіміздің сөзі; «Ұлттық құрылтайдың отырыстары, идеология саласындағы мәселелерді, ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру ісін, қоғамның рухани құндылықтар жүйесін жаңғырту жайын талқылайтын тиімді пікірталас орнына айналды…».
Ұлттық идеология мәселесі біздің еліміздегі ең актуалды тақырыбтардың бірі.Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үшін, алдымен ұлттың санасын қалыптастырудан бастау алатыны бәрімізге мәлім. Ұлттық рухани құндылықтарды жаңғыртуды, ата-бабаларымыздың мұрасы, мәдениетіміздің ең құнды бөлігі болып келе жатқан – ұлттық ойындармен насихаттау таптырмас амал. Ойынның морфологиясын ашатын болсақ…
Ойын мәдениеттің феномені ретінде мәдени қызметтің маңызды және ерекше түрі болып табылады, онда адам табиғи тәуелділіктен босатылған және жасампаз субъект ретінде әрекет ете алады. Ойынды еркін шығармашылық ретінде түсінген Шиллер, оны эстетикалық белсенділікпен байланыстырды, әйгілі голландиялық мәдениеттанушы И. Хейзинга ойын арқылы адам өз болмысының ең маңызды көрінісін аша алады деп есептеген. Ойын арқылы, көңілді сайыстар арқылы жас адамға физикалық және ақыл-ой қабілеттерін дамытуға, сонымен қатар ойында, адам кезкелген ортаға және жағдайға дағдылану үшін, өмірдің талаптарына үйренді.
Көшпенділердің ойындарының басты мақсаты әскери өмірмен және қоғамның тұрмыстық қызметімен байланысты. Әскери-спорттық ойындар кеңірек және әмбебап функцияға ие болды. Мұндай ойындар: сайыс, аударыспақ, жамбы ату, алтын қабақ, ат жарысы, көкпар тарту, күміс алу, қазақша күрес, қыз қуу, және т. б. Қазақтардың көшпелі өмір салтына байланысты ат жарыстары мен ат үстіндегі ойындардың барлық түрлері кеңінен таралды.
Көшпенді мәдениетінде баланы жастан атқа мінгізіп, жылқыны құрметтеу және оны серігі ретінде санау арқылы, ат ойындарына деген сүйіспеншілік бүгінгі күнге дейін сақталған дәстүрдің бірі. Жарыстың ежелгі және танымал түрлерінің бірі-” аламан – бәйге ” – ұзақ және өте ұзын (25, 50, 100 км) қашықтықтағы ат жарысы. Бұл ойын осы атаумен өзбектер мен қырғыздарда белгілі, оның пайда болуы көшпелі өмірмен, жылқыларды дайындау қажеттілігімен, әсіресе соғыс уақытында немесе жау шауып, табындарын айдап әкететән кезінде, сондай-ақ жылқы тұқымын жақсарту мақсатында пайда болған. “Аламан-бәйге” – бұл үлкен халықтық мерекелердің негізгі ойын түрі. Сайыс ойындар мен жарыстардың әр түрлері белгілі, мысалы, қазір – жекпе-жектің бір түрі, аударыспақ – қарсыласын ер-тоқымнан түсіру үшін ат үстіндегі күрес, әдетте тек шыныққан, батыл, жас және жетілген ер адамдар қатысады. Көкпар тарту – ешкі тушасына талас деген атпен танымал, шабандоздардың біріншілік үшін күресі, ешкінің тұшасын белгіленген жерге жеткізу. Жамбы ату – садақ ату, күмісалу – аса ептілікті, жылқыны шебер және батыл басқаруды талап ететін, теңгені жерден көтеру сайысы, танымал палуандар арасындағы барлық мерекелерде өткізілген қазақша күрес, қыз қуу – қыздардың қатысуымен ат спорты ойыны, жеңімпаз ретінде қызды қуып жеткен жігітке қыздың бетін сүйуге мүмкіндік беріледі. Мүше алу – мерекелік іс-шараларда жас жігіттер “женгесінен” (үлкен ағасының әйелі) “мүше” (орамал, айна, сақина және т.б.) сұрайды. “Женгесі” өтінішті қанағаттандыра салысымен, жігіттер бір-бірінен “мүшені” тартып алуға тырысып, ең епті, жылдам атқа мініп, барлығын артта қалдырып, мерекеге орай “мүшені” өзіне ұнайтын қызға ұсынады. Бұл ойында ер азаматтың ептілігі сыналады. Осындай адам қабілетін ашатын ат ойындарымен қатар, интелектулдық, тапқырлық, стратегиялық ойындар тағы бар: тоғыз құмалақ, асық және тб.
Ойындар ғасырлар бойы халық мәдениетінің реттеуші, әлеуметтендіруші функцияларын орындады, дәл осындай ойындар арқылы, қабылданған ережелер мен тәртібтерге сәйкес, адам, өзін-өзі ұстау қабілетін қалыптастырып, ортасына бейімделіп, әлеуметтің заңына бағынуды уйренеді. Ойынның ақпараттық және коммуникативті, әлеуметтендіру функциялары жас ұрпақты тәрбиелеуде маңызы өте зор болды. Бұл ережелер мен міндеттемелердің жиынтығы, жастар үлкендерден әдеб ережелерін үйреніп, атқа міну дағдыларын жастайынан қалыптастарып, үлкендермен қарым-қатынас жасау арқылы өз мәдениетін игеріп, халқымен бірегейленеді. Ойын жеке тұлғаны қалыптастыру мен дамытудың қажетті құралы.
Көшпенді өркениетінің азаматы үшін, бастысы, сол өркениеттің бір бөлігі болу, сонымен тұтасып бірегейлену. Қазақ халқының рухани мәдениетінің маңызды элементтерінің бірі – ғасырлар бойғы жиналған, рационалды оңды тәжірибемен, халықтың қоршаған орта мен табиғатты танып, адамның өзі туралы идеяларының нәтижесі болып табылатын халықтық білім, қазіргі заманауи ғылымның негізі болып табылады.
Бернард Шоу жазғандай; «өткен дәстүрге үлкен құрмет көрсету, болшаққа деген үмітімізді үзбейді.»
Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің
Философия және саясаттану факультетінің
Дінтану және мәдениеттану кафедрасының
Аға оқутышысы Кудерина А.Н.