Қазақ ұлттық университеті және Мұхтар Әуезов ұлағаты
Кез келген білім және ғылым ордасы ең алдымен сол жерде сабақ беретін, дәріс оқитын, еңбек ететін профессорларымен елге танылады, биікке көтеріледі. Оқу ордасын әлемдік деңгейге алып шығатын, әлемдік мәртебесін, мерейін өсіретін де сол университеттің атақты профессорлары мен әйгілі ғалымдары. Осы тұрғыдан келгенде ұшқан ұям, білім алған университетім, тәлім мен тәрбиенің алтын бұлағы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ өзінің 90 жылдық тарихында үлкен тарихи белестерден өтті.
Осынау белестеріне көз жүгіртіп, ой елегінен өткен тарихты бір бағамдап шығар болсақ, туған университетіміздің әсіресе мақтан тұтар бір қазынасын, құндылығын айрықша бөліп айтар едім. Ол – осынау оқу ордасында әр жылдары еліміздің ең атақты ғалымдары, мемлекет және қоғам қайраткерлері, әйгілі жазушылар мен өнер иелерінің, айтулы академиктер мен профессорлардың сабақ беріп, ұзақ мерзім еңбек еткені.
1970 жылы мектепті алтын медальмен аяқтап, арман жетегінде Алматыға келдім. Жолым ашылып, сәті түсіп, қабылдау емтихандарын кілең «төрт», «бес» деген бағаларға тапсырып, ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға қабылдандым. Қуанышымда шек жоқ. Әсіресе өзім газет-журналдардан, оқыған кітаптарымнан суреттерін көріп, сырттай ғана білетін әйгілі ұстаздарыммен танысудың, солардың дәрістерін тыңдаудың бақытына ие болдым.
Сол тұстағы, яғни 1970-75 жылдары сабақ берген, тәлім-тәрбие, тағылым, ұлағат мектебінен өткізген ұстаздарымның барлығы қазақ тілі мен қазақ әдебиеті ғылымының корифейлері болатын. Мектепте он жыл солардың жазған оқулығымен білім алдық. Есімдерінің барлығы бала кезден көзге ыстық, жүрекке жақын ағаларымыз бен апайларымыз еді. Бір парасын ғана есімдерімен атап өтейін. Қазақ орта мектептерінде оқытылатын «Қазақ тілі» пәні оқулықтарының авторлары, профессорлар: Мәулен Балақаев, Кәкен Аханов, Рақыш Әміров, Ісмет Кеңесбаев, Рабиға Сыздықова, Әбдуәли Қайдаров, Ыбырайым Мамановтар бізге сабақ берді.
«Қазақ әдебиеті» оқулықтарының авторлары, профессорлар: Мұхамеджан Қаратаев, Серік Қирабаев, Зейнолла Қабдолов, Мәлік Ғабдуллин, Темірғали Нұртазин, Рымғали Нұрғалиев, Бейсенбай Кенжебаевтар сан ғасырлық тарихы бай, қазақ руханиятының қайнар бұлағы болып есептелетін халық ауыз әдебиеті, батырлар жыры, Алаш әдебиеті, жыраулар поэзиясы сынды өте құнды университеттік пәндер мен таңдау курстарын аса бір білімпаздықпен, ұлттық мазмұнда, танымы терең, өте құнды дәрістер оқыды.
Ғажап кезең еді…
Осынау бір шоғырын ғана атап кеткен ұстаздарымның барлығы атақтары алысқа кеткен, аңызға айналған, қазақ білімі мен ғылымының қаймақтары еді…
Ал енді осы аңызға айналған, туған университетімізді ғылымның биік белестеріне көтерген ұстаздарымның ұстазы заңғар жазушы, академик Мұхтар Әуезов болды. Қазақ әдебиетін әйгілі «Абай жолы» роман-эпопеясымен әлемдік деңгейге алып шыққан суреткер қаламгер, ғұлама ғалым Мұхтар Әуезов 1934 жылдан бастап көз жұмғанға шейін, яғни 1961 жылдың жазына дейін табан аудармай, отыз жылға жуық университетімізде дәріс оқыды. Ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізді.
ҚазМУ-ға сабаққа келіп-кетіп жүріп, «Абай жолы» эпопеясын жазды. Абайдың ақындығы, шығармашылығы, өмірбаяны, өмір сүрген кезеңі туралы бірнеше монографиясын жарыққа шығарды. Қазақ әдебиеті тарихына арнап бірнеше зерттеу, оқулықтар мен оқу құралдарын дайындады. Университетімізде бүгінгі күнге дейін оқытылып келе жатқан «Абайтану», «Манастану», «Халық ауыз әдебиеті», «Алаш әдебиеті», «Әлем халықтары әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірлердегі тарихы» атты пәндер мен тақырыптық курстардың барлығының негізін қалаған профессор Мұхтар Әуезов болатын.
Біз, 70-жылдардың студенттері, Мұхтар Әуезовтің көзін көрген жоқпыз. Үнін естімедік. Сабақтарына қатыспадық. Алайда сол ғұлама ғалым, кемеңгер ұстаз, данышпан лектор болған Мұқаңның шәкірттері – профессорлар, академиктер: З.Қабдоловтың, Т.Кәкішевтің, Б.Кенжебаевтың, Х.Сүйіншәлиевтің, Т.Нұртазиннің, М.Ғабдуллиннің сабақтарына қатыстық, дәрістерін тыңдадық. «Менің сендерден, мына алдымда көздері жәудіреп, білім нәрін іздеп келген жас өрендерім, шырақтарым, артықшылығым, керек болса бақытым, Мұхтар Әуезовтің алдын көргендігім, сабағын тыңдап, ұлы ұстаздың, ұлы жазушының аялы алақанын ұстағаным», – деп айтып отырушы еді профессор Зейнолла Қабдолов.
Кеше ғана дүниеден өткен сол Қабдолов ұстазымыз ұлы Мұқаңды ғұмыр бойы төбесіне көтеріп өтті. Ұстазына, оның шығармашылығына арнап бірнеше зерттеу еңбектерін жазды. Әуезовтің 100 жылдығына орай, әйгілі «Менің Әуезовім» атты көлемді, өте құнарлы роман-эссе арнады. Ол роман-эссе 1997 жылы жарық көрді. Филология факультетінде білім алып жатқан студенттердің, магистранттардың, күллі қазақ жастарының бүгінгі күні жастана оқитын, қолынан түспейтін рухани мұраға айналды бұл кітап.
Мұхтар Әуезовтің дәрістері туралы, олардағы телегей теңіз білім, мұхиттың түбінен маржан тергендей әсерде болғандары жайлы толғаулы, тебіреністі естеліктерімен әр жылдары ұлы ұстаздың дәрістерін тыңдаған атақты ақын-жазушылар Ә.Нұршайықов, Ә.Кекілбаев, Қ.Мырзалиев, Т.Молдағалиев, Р.Нұрғалиев, Ө.Айтбаев т.б. сол жылдардағы Әуезов дәрістерін тыңдаған университет түлектері газет-журналдың беттерінде бөлісті.
Осынау естеліктердің, мемуарлық жазбалардың барлығында дерлік аса шебер, өз кәсібінің ең жоғары биігіне самғап көтерілген ұлы лектор, ғұлама профессордың, Мұхтар Әуезовтің азаматтық тұлғасы, кісілік келбеті, адамдық болмысы, шығармашылық тағдыры, әсіресе білімдарлығы, мұхиттай терең танымы, туған университетіне деген ұлы сүйіспеншілігі, шәкірттеріне жасаған әкелік қамқорлығы көбірек айтылады. Көбірек сөз болады.
Ұстаз ұлағаты, оның қасиетін жоғары бағалап, қадіріне жету, қастерлеп сақтау, оны жас ұрпаққа, әрбір жаңадан келген буынға аманаттау дәстүрі туған университетіміз ҚазҰУ-да терең жалғасып келеді. Мен осыған қуанамын. Алтын ұямыздағы ұлы дәстүрлердің арқауы үзілмеуін, алдағы ғасырларда да мәңгілік жалғаса беруін тілеймін. Тоқсан жасқа толып отырған туған университетіміздің баға жетпес басты байлығы осынау ұзақ жылдар құнарын жоғалтпаған ұлттық құндылықтарында, аяулы ағаларымыздан, ұлы ұстаздарымыздан аманат болып қалған дәстүрлерімізде деп есептеймін.
Осынау ұлылардың ізі қалған, аудиторияларында үні қалған, ең бастысы, кітапханаларында қымбат рухани мұралары сақталған университетіміздің болашағы жарқын, шыққан биігі заңғар, мәңгілік болатынына сенімім мол. Университетіміз өзінің мерейтойына ұлан-ғасыр тарихы бар ұлан-ғайыр байлығымен, жүзеге асып жатқан жаңа жетістіктерімен келіп отыр. 90 жылдық мерейтойың құтты болсын ҚазҰУ!
Қансейіт ӘБДЕЗҰЛЫ,
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың
профессоры, филология ғылымының докторы