ҚР ҰЛТТЫҚ ҒЫЛЫМ АКАДЕМИЯСЫМЕН ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТТІ НЫҒАЙТУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Ахмет Ясауи университеті Қазақстан мен Түркияның ортақ ғылыми жобаларын жүзеге асыратын «негізгі координациялық орталық» болуы керек. Бұл туралы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Күнсұлу Закарья университетте өткен дөңгелек үстел шарасында айтты.

«Ахмет Ясауи университеті және Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Қазақстан Республикасының Ұлттық ғылым академиясы арасындағы ынтымақтастықтың перспективалары» атты дөңгелек үстел ғылым саласындағы өзекті мәселелер талқыланған диалог алаңына айналды.
Ең алдымен, шара аясында ҚР Ұлттық ғылым академиясының делегациясы университет басшылығымен кездесті. Оқу орны ректоры Жанар Темірбекова мен ректор өкілі Пейами Баттал ҚР Ұлттық ғылым академиясының Басқарма Президенті Күнсұлу Закарья бастаған делегацияға университеттің жалпы жұмысымен және ғылыми бағыттағы жобаларымен толығырақ таныстырды.
Сондай-ақ, делегация өкілдеріне университеттің ботаникалық бағында атқарылып жатқан жобалар көрсетілді.

Атап айтар болсақ, «Инновациялық технологиялар негізінде биоресурстарды коммерциялық игеру арқылы Қ. А. Яссауи атындағы ХҚТУ ботаникалық бағының құнды генофондын сақтау» атты коммерцияландыру жобасы аясында Ботаникалық бақта арнайы өндірістік цех құрылып жатыр.
Жемістерді ғылыми зерттеу және өндірістік қайта өңдеу цехі алдағы уақытта еліміздің халқын сапалы экологиялық таза жеміс және кептірілген жеміс өнімдерімен қамтамасыз етпек. Тəулігіне 5-7 тонна өнім қабылдап, өңдеуге мүмкіндігі бар цехті жақын арада ашу жоспарланған.
Бұдан әрі негізгі жиын басталып, университеттің ғалымдарымен еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға бағытталған бірнеше мәселе талқыланды.

Олардың ішінде ең маңыздысы – Түркия мемлекетінің TÜBİTAK ұйымына қарасты институттарға Қазақстан Республикасы делегациясының іссапар жұмысын үйлестіру мәселесі болды.
«Қазіргі таңда Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, TÜBİTAK ұйымымен ортақ жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз. Осы бірлескен жұмысымыздың негізгі координациялық орталығы – Ахмет Ясауи университеті болуы керек деп ойлаймын. Себебі, сіздердің оқу орындарыңыз екі елге ортақ. Потенциалдарыңыз да жоғары. Сондықтан, Қазақстан атынан баратын делегация қатарына осы университеттің ғалымдары да кіруі керек», – деді Күнсұлу Закарья.
Сондай-ақ, академия басшысы жас ғалымдарды қолдау және ғылымға белсенді тарту мәселесіне тоқталды. Университет ғалымдарын ҚР Ұлттық ғылым академиясында құрылып жатқан Жас ғалымдар кеңесіне кіруге шақырды.

Шара барысында өңірлік ғылымды дамыту мәселесіне де назар аударылды.
«Өңірлер республикалық бюджеттен қыруар қаржы алып жатыр. Оның бір бөлігін неге ғылымды дамытуға қолданбасқа? Сол мәселемен бірнеше өңірдің басшыларымен жұмыс істедік. Нәтиже де жаман емес, сондықтан сіздердің де лайықты жобаларыңыз болса, осы облыс әкімінің алдына бірге барып, қорғауға және қолдауға дайынбыз»,- деді Күнсұлу Закарья.
Делегация өкілдері университеттің жас ғалымдарымен Түркістан облысы/қаласы бойынша өзекті мәселелерді талқылау, оның шешу жолдарын анықтау, ғалымдардың ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерін коммерцияландыру және өндіріске енгізу мәселелерін қозғады.
ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясының Пәнаралық ғылым орталығының директоры Қуантар Алиханов университет ғалымдарының ғылыми жұмыстары туралы баяндамасын тыңдап, жоғары бағасын берді.
Сонымен қатар, ҚР Ұлттық ғылым академиясының делегациясы Ахмет Ясауи университеті қысқы мектебінің аясында өтіп жатқан Ғылым апталығына қатысып, білім ізденушілерге сәттілік тіледі.









ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы
Загрузка...