Педагогикалық білім сапасы – ел болашағының кепілі
Құрметті оқырман қауым! Сіздердің назарларыңызға Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының меңгерушісі Нұрсұлу ӘЛҚОЖАЕВАмен арнайы сұхбатты ұсынамыз.
Бүгінде педагогикалық білім беру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. Нұрсұлу Сейіткерімқызы, өзіңіз жетекшілік жасайтын Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, философия және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру менеджменті кафедрасында педагогикалық білім беру мәселелері қалай жүзеге асырылуда? – Еліміздің көптеген университеттері мен орта кәсіптік оқу орындары педагогикалық және ғылыми-педагогикалық кадрлар даярлайды. Маман даярлау үздіксіз білім беру жүйесі арқылы жүзеге асырылуда. Яғни балабақша, мектеп, орта кәсіптік оқу орындары, жоғары мектептерге тиісті деңгейдегі кадрлар жасақтау мәселелері шешімін тауып келеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мектепке дейінгі және бастауыш сыныпқа мамандар даярлаумен айналыспайды, алайда бірнеше факультетте бакалавриат деңгейінде пән мұғалімдерін, ал философия және саясаттану факультетінде білім беру саласындағы басқарушыларды даярлайтын білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады. Барлығы 43 педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламаларының 8-і – бакалавриат, 24-і – магистратура, 11-і докторантура деңгейінде. Маман даярлау аса жауапты, әсіресе педагогикалық мамандарды сапалы даярлау ел болашағының кепілі десек те болады.
Сондықтан да педагог кадрларды даярлау мен олардың біліктілігін арттыру қай кезде болсын өзектілігін жоймақ емес. Осыған орай, талаптар деңгейі де жоғарылауда. Солардың бірі – оқыту жүйесіне цифрлық форматты енгізу. Яғни болашақ педагогтер бүгінгі таңда барлық заманауи цифрлық технологияларды меңгеруі, қолдана алуы тиіс.
Педагог мамандарды даярлау бағытындағы білім беру бағдарламаларын жүзеге асырудың қандай негізгі талаптары бар?
Бәсекеге қабілетті маман даярлау, сапаға қатысты не айта аласыз? – Маман даярлау немесе білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру үшін де білімді, білікті оқытушы-профессорлар құрамы қажет. Біздің университет бұл талапқа толықтай жауап береді. Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасына келер болсам, ұжымның 80 пайызы ғылыми дәрежелі оқытушылар.
Білім беру бағдарламасын құрастыруға қойылатын нақты талаптар бар.
Ең алдымен сұраныс негізге алынады, мониторинг жүргізіледі. Құрастырушыларға келер болсақ, әрине, сол саланың мамандары, оқытушы-профессорлар құрамы, жұмыс берушілер, білім алушылар қатысады. Арнайы сарапшылар тарапынан сараптама жасалады, тек содан кейін ғана қолданысқа енгізіледі. Қазір білім беру бағдарламалары қандай да бір құзыреттіліктер қалыптастыруға бағытталуда.
Алдымен сompete ұғымына тоқталар болсақ, ол латын тілінен аударғанда «білу», «жасай алу», «жетістікке жету» дегенді білдіреді. Яғни бұл ұғымдар «құзыреттілік» ұғымының мəнін ашады. Барлығымыз сапалы маман даярлауды көздейміз, сапа кадрға байланысты «Кадрлар бәрін шешеді» демекші, жоғарыда айтып өткендей, ең алдымен оқу орнын білімді, білікті оқытушы-профессорлар құрамымен үнемі толықтырып отыру.
Сапа критерийлеріне: кадрлар сапасы – педагог кадрлардың кәсіби біліктілігі, білім стандарттары мен оқу бағдарламаларының сапасы, оқу әдебиетінің сапасы, ғылыми-зерттеу жұмыстарының сапасы, басқару жүйесінің сапасы, материалдық-техникалық база сапасынан тұрады. Осы тұрғыда маман даярлауда заман талабына сай инновациялық әдістер, жаңа технологиялар қолданылады. Біздің оқу орнымыз – көшбасшы университет, сапа тұрғысынан, рейтингтер бойынша алда тұр.
Кафедра қандай педагогикалық білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады? – Біздің кафедрамыздың тарихы тереңде жатыр. Университет 1934 жылы құрылып, биология, физика-математика, химия мамандарын даярлаудан бастау алды. Ал 1937 жылы педагогика кабинеті ашылып, педагогикалық бағытта жұмыстар жүргізілді, оны С.Қожахметов басқарған болса, 1940 жылы кафедра ретінде құрамдалған, ол кезде Ш.Қоқымбаев меңгеруші болған еді. Міне, өзіңіз байқағаныңыздай, университет құрылған кезден бастап педагогикалық мамандықтар даярланған.
Қазіргі таңда біздің кафедра үш деңгейде білім беру бағдарламаларын жүзеге асырады. Бакалавриат деңгейінде: «Педагогика және психология», «Әлеуметтік педагогика»; магистратура деңгейінде: «Педагогика және психология» (қосдипломды бағдарлама да бар, РХДУ ), «Әлеуметтік педагогика»; «Білім берудегі менеджмент», «Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу» және тағы да басқа, докторантура: «Педагогика және психология», «Әлеуметтік педагогика».
Педагогикалық мамандыққа шетелдік студенттер аса қызығушылық танытуда, әсіресе ҚХР, Түрікменстаннан келген студенттер ақылы түрде білім алып жатыр, бұл Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың педагогикалық білім беру бағдарламаларына сұраныстың бар екенін көрсетеді.
Болон үдерісіне сәйкес, оқыту траекториясы білім алушылар тарапынан таңдалады. Сіздерде ол қаншалықты өз деңгейінде жүзеге асырылуда? Сонымен қатар академиялық ұтқырлық, шетелдік тағылымдамалар туралы да айтсаңыз. – Білім беру бағдарламасында міндетті және таңдау (элективті) пәндерінен тұрады, білім алушылар пәндерді таңдау арқылы өздерінің оқыту траекториясын құрастырады. Сонымен қатар ОПҚ да таңдалады. Әрине, оларға куратор-эдвайзерлер бағыт-бағдар көрсетеді, әсіресе 1-курс білім алушыларына.
Мысалы, бір модульден білім алушылардың жетеуі бір пән таңдаса, қалғандары басқа пән таңдауы мүмкін, яғни бір модульдің ішінен пәнді білім алушылар таңдайды. Ал академиялық ұтқырлық студенттердің тілдік деңгейлеріне, келген сұраныстарға байланысты жүзеге асырылып отырады. Шетелдік тағылымдамадан магистранттар тақырыптарына және білім беру бағдарламаларына сәйкес арнайы шақырту бойынша, докторанттар шетелдік жетекшілерінің шақыртуына байланысты өтіп отырады.
Жоғары оқу орындарының оқытушыларын даярлайтын арнайы бағдарламалар, соның ішінде бірлескен және шетел университеттерімен қосдипломдық бағдарламалар бар ма? – Әлемдегі танымал жоғары оқу орындары – Кембридж, Оксфорд, Гарвард, Чикаго, ММУ т.б. университеттерде педагогикалық мамандықтар да оқытылады. Әл-Фараби университеті де педагогикалық білім беру бағдарламаларын іске асырады. Университет ең алдымен өздері үшін кадрлар даярлайды, ғылыми мектеп қалыптастыруға жұмыс жасайды, сабақтастықты сақтайды және ол өте дұрыс.
Жоғарыда айтып өткенімдей, білімді, білікті оқытушы-профессорлар құрамы білікті мамандарды ең алдымен өздеріне даярлайды және олар сол ізді жалғастырады. Университеттің тоғыз факультетінде педагогикалық бағыттағы білім беру бағдарламалары жүзеге асырылуда. Магистратура, докторантура деңгейінде ғылыми-педагогикалық бағыт ЖОО оқытушы-ғалымдарды даярлауға бағытталған. Университет көлемінде екі бірлескен және 65 қосдипломды бағдарлама бар.
Біздің жағдайымызда магистратура деңгейінде «Инклюзивті білім беруді медициналық-педагогикалық сүйемелдеу» С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-мен бірлескен бағдарлама, сонымен қатар «Педагогика және психология» бойынша Ресей халықтар достығы университетімен қосдипломды бағдарлама жүзеге асырылып келеді. Яғни бірлескен бағдарлама нәтижесінде білім алушылар біздің университеттен диплом алса, келесі оқу орнынан сертификат алады, қос диплом жағдайында екі университеттің дипломын алады. Бұл білім алушыларға үлкен мүмкіндіктерге жол ашады және үлкен мотивация болып отыр.
Бүгінде мемлекет педагог мәртебесін көтеруге ерекше көңіл бөліп келеді. Осы орайда, педагог ғалым ретінде өз айтарыңыз бар ма? – Педагог, мұғалім ең құрметті адамдар қатарында, алайда әртүрлі факторларға байланысты статусы төмен деген пікір пайда болды. Негізі, білімді, білікті мұғалімнің статусы ешқашан түспейді, ешкім қолдан ол статусты көтеріп бермейді, статус әр мұғалімнің білімділік, қарым-қатынастық, кәсібилік келбетіне байланысты. Тіпті оны еңбекақымен де байланыстырды. Әрине, әлеуметтік факторды да терістеуге болмайды.
Қазіргі кезде мектеп ұстаздары мен ЖОО оқытушыларының еңбекақыларына қатысты мәселелер оң шешімін тауып келеді. Мұғалім статусы оның кәсіби біліктілігіне, шеберлігіне байланысты деген ойдамын. Сондықтан да мұғалім даярлайтын жоғары оқу орындары жауапты болуы керек, тіпті мұғалімдік мамандыққа түсер алдында арнайы әңгімелесуден өткізу де дұрыс. Мұғалімге тән ең маңызды қасиет – мамандыққа адалдық және баланы жақсы көруі деп бекер талап етілмесе керек. Баланы жақсы көрген адам оның тағдырына жауапкершілікпен қарайды.
«Жайлы мектеп» жобасы туралы пікіріңіз қандай? – «Жайлы мектеп» жобасы – жақсы бастама. Үлгі ретінде берілген мектептерді басшылыққа алып, қалған мектептерге де жайлылықты қамтамасыз ету көзделеді деп түсінемін. Мен сол «жайлы мектептердің» бірінде болдым, оқушыларға да, мұғалімдерге де керемет жағдай жасалған, барлық сынып арнайы жабдықтармен жабдықталған. Әрине, бұл өте тамаша, енді сол мектептер білікті, білімді мамандармен толықтырылса, сонда оның нәтижесін нақты көре аламыз.
Мен мамандарды білімсіз деуден аулақпын, алайда кейбір мұғалімдердің онлайн кезінде өрескел қате жіберіп, сабақ өткендері әлеуметтік желіде талқыланды, сондықтан да мұғалімдерді барынша сапалы даярлау керек деген ойдамын және оған ЖОО аса жауапты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «зерттеу университеті» мәртебесін алғаннан кейін академиялық саясатына тиісті өзгертулер енгізілді. Осы орайда, сіздің факультетіңізде, кафедраңызда қандай жаңа білім беру бағдарламалары енгізілді және олардың педагогикалық мамандарды даярлаудағы артықшылығы неде? – ҚазҰУ «зерттеу университеті» статусына сәйкес, ғылыми қызмет нәтижелерін оқу үдерісіне интеграциялау, білім беру сапасын арттыру, инклюзивті білім беруді жетілдіруге ден қойды. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейінде ғылыми қызмет пен білім беру үдерісі басты бағдарға алынды. Осыған сәйкес, жыл сайын жаңа білім беру бағдарламалары қосылып отырады.
Қазіргі таңда 16 факультетте 554 білім беру бағдарламасы бойынша дәріс беріліп жатыр. Бізде де көптеген білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады, негізінде, философия және саясаттану факультеті идеологиялық факультет болып табылады. Факультетте алты кафедра бар, барлығы үш деңгейде білім беру бағдарламаларын іске асырып келеді. Сұранысқа сай педагогикалық білім беру бағдарламаларынан басқа, жаңа білім беру бағдарламалары да жүзеге асырылуда.
Мысалы, магистратура деңгейінде: «Мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік», «Конфликтология», «Философия» «Исламтану», «Клиникалық психология», «Еңбек әлеуметтануы және HR басқару», «Мәдени антропология» және сол сияқты. Олардың педагогикалық мамандықтар даярлаудағы артықшылығы – өз салалары бойынша маман даярлауы, алайда оның барлығы ғылыми-педагогикалық бағытта. Жоғарыда айтып өткендей, магистратура, докторантура ғылыми-педагогикалық бағыт, демек, өздеріне болашақ кадрларды даярлауды көздейді.
Бакалавриатты аяқтаған соң, көпшілігі магистратура, одан кейін докторантурада оқуды жоспарлайды. Жоғары оқу орнында осы ғылыми-педагогикалық бағытта білім алған магистратура және докторантура түлектері қызмет етеді. Сондықтан да оқытушы болуға даярлайтын арнайы пәндер оқытылады, нақты айтсам, жоғары мектеп педагогикасы, басқару психологиясы, ғылым тарихы мен философиясы, ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жоспарлау курстары міндетті пәндер қатарында. Яғни кез келген ғылыми-педагогикалық бағыттағы магистратура, докторантура білім беру бағдарламалары осы пәндерді қамтиды.
ҚазҰУ базасында педагогикалық факультет құруға көзқарасыңыз қандай? – Менің ойымша, болашақта сұранысқа байланысты «Жаңа мамандықтар атласына» сай, көптеген білім беру бағдарламалары жүзеге асады, кейбір білім беру бағдарламалары тоқтатылуы да мүмкін. Университетте жылда білім беру бағдарламаларына талдау жасалып, ұсынылатын жаңа, жаңартылатын және жабуды қажет ететін бағдарламаларға ревизия жасалады. Яғни қандай білім беру бағдарламалары керек, қандай бағдарламалар сұраныста жоқ, міне, осыларға мониторинг жасалады.
Менің ойымша, педагогикалық бағытта әдіскерлер, басқарушылар тағы да басқа мамандарды даярлайтын білім беру бағдарламалары қажет және ол қолға алынып отыр. Сонымен қатар біз қайта даярлау бағдарламасын ашып отырмыз, ол педагогикалық емес ғылыми бағыттағы бағдарламаны аяқтаған түлектер мұғалім болғысы келсе, осы қайта даярлау бағдарламасынан өту арқылы мұғалім болу құқына ие бола алады.
Ал ҚазҰУ базасында педагогикалық факультет құруға келер болсам, университетте бейіндік мектеп, колледж және тоғыз факультетте педагогикалық білім беру бағдарламалары жүзеге асырылады, менің ойымша, осыларды біріктірсе жақсы бір білім беру факультетін ашуға болады. Ол болашықтың ісі болар.
Сұхбаттасқан Гүл БАЯНДИНА
Загрузка...