ҚазҰУ-да Қоңыр Мандоки мұрасы сараланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті ғалым, түркі әлеміне ортақ тұлға, мажарстандық түркітанушы, қайраткер Иштуан Қоңыр Мандокидың туғанына 80 жыл толуына орай, халықаралық ғылыми конференция өтті. «Түркітанудағы Шығыс пен Батыстың алтын көпірі – Қоңыр Мандоки!» атты конференцияны ҚазҰУ мен ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы бірлесіп өткізді.
Конференцияның мақсаты – әйгілі ғалымның өмір жолы мен рухани мұрасын зерттеу, ғылыми еңбектерін насихаттау, Иштуан Қоңыр Мандокидің шығармаларын жаңа сипатта қарастырып, ғылыми жұмыс жүргізу, сондай-ақ түркологиядағы түйткілді мәселелерді талқылау.
Тағылымды шараға онлайн және офлайн форматта ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Олжас Сүлейменов, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет, ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, Халықаралық түркі академиясының вице-президенті Асхат Кесікбаев, Қазақстанның Мажарстандағы елшісі Жәнібек Әбдрашов, ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы директорының орынбасары Салтанат Әшімова, Мажарстанның Қазақстандағы бас консулы м.а. Имре Питер, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, тарихшы Марат Сембі, шетелдік ғалымдар, атап айтқанда: Мөвсүмлі Джавид, Әсел Лахаева, Дэвид Сомфаи және түркітанушылар қатысты.
Халықаралық жиынды Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев ашып, Қоңыр Мандокидың түркі әлеміндегі ерекше орнын атап өтті. Өз сөзінде ректор әйгілі ғалымның шығармашылық еңбектері мен ғылымдағы бай мұрасы терең зерттеуді қажет ететінін баса айтты.
– Қоңыр Мандоки – түркі халықтарының 15 тілін еркін меңгерген полиглот, дарынды ғалым, көрнекті түрколог-зерттеуші. Тұран халықтарының фольклорлық-дүниетанымдық философиясын насихаттады. Еуропалық қыпшақтанудың негізін қалап, осы салада көшбасшы ғалым атанды. Ғылыми жетістіктерімен қатар, қайраткер тұлға түркі әлемінің рухани ынтымақтастығына елеулі еңбек сіңірді. Түркі халықтарының салт-дәстүрін, мәдениетін, ұлттық ділін зерттеп, тың жаңалықтар ашты. Қоңыр Мандокидың өмірі – жас ұрпаққа өнеге, еңбектері – жас зерттеушілер үшін үлкен қазына. Адамзат өркениетіндегі түркілер феноменін әлемге паш еткен ғалымның ғылыми мектебін жалғастыру – түркітанушы ғалымдардың алдындағы парыз бен міндет, – деді ректор.
Өз кезегінде ЮНЕСКО аясында Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығының директоры, ақын Олжас Сүлейменов бейнебайланыс арқылы сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды. Шара барысында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Дархан Қыдырәлі: «Жетпіс жылдық мерейтойын 2014 жылы Астана қаласында халықаралық деңгейде атап өткен болатынбыз.
Қоңыр Мандокидың жұбайы Оңайша Мандокидың рұқсатымен 16 мың кітаптан тұратын кітапханасын алып келіп, «Мандоки Түркология» кітапханасын жасақтадық. Бұл жұмыстар әлі де жалғасын таба беретіні сөзсіз. Қоңыр Иштуан бастаған рухани керуен екі елдің достығы мен бауырластығына тың серпін бергеніне куә болып отырмыз, – деп атап өтті.
Конференцияда Асхат Кесікбаев, Жәнібек Әбдрашов, Салтанат Әшімова, Имре Питер, Марат Сембі, Мөвсүмлі Джавид, Әсел Лахаева, Дэвид Сомфаи және тағы да басқа түркітанушы ғалымдар сөз сөйлеп, Қоңыр Мандокидың әдеби және тарихтағы зор үлесі мен жетістіктеріне тоқталды. Жиын барысында зерттеуші ғалым Иштуан Қоңыр Мандокидың еңбектеріне арналған кітап көрмесі ұйымдастырылды. Ғылыми шара екі күнге жоспарланған.
Әл-Фараби атындағы
ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі