БЕГАЙЫММЕН БІРГЕ «ӘНШУАҚ» СИҚЫРЛЫ ӘЛЕМІНЕ САЯХАТ!
Биыл республикада алғаш рет Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен 1 ақпан күні «Әншуақ» қазақ тіліндегі балалар әндерінің фестивалі басталды.
TikTok әлеуметтік желісіндегі #ӘНШУАҚ хэштегімен жарияланған қазақ тілінде балалар әндерінің жанды орындаулары кең таралып жатыр. Сондай қатысушылардың бірі Бегайым Самарханның бейнежазбасы 80 000 қаралым жинады.
Бегайым Самархан – «Әншуақ» балалар әндері фестивалі аясында басталған TikTok-тағы челлендж қатысушысы ғана емес, жарқын таланты мен сүйікті ісі көпшілікті шабыттандырып жүрген ерекше қыз. Оның өзін-өзі дамытуға деген құштарлығы мен музыкаға деген махаббаты замандастары мен ересектерге үлгі.
Жас жұлдыз Бегайыммен тілдесіп, біз оның музыка әлеміне еніп кеттік. Оның шынайылығы мен әнге деген құштарлығы бізді таң қалдырды.
Сұрақ: Сәлем, Бегайым! «Әншуақ» қазақ тіліндегі балалар әндері фестивалі туралы қай жерден білдің?
Бегайым: Сәлеметсіз бе! Анам фестиваль туралы әлеуметтік желілерден біліп, әпкем екеумізге айтты. Мен мұндай фестивальге қатысқым келіп жүргеніне біраз уақыт болды, қатты қуандым. Ал анам бізге қолдау білдірді. TikTok желісінен парақша ашып берген де сол кісі болатын.
Сұрақ: Бегайым, TikTok желісіне жариялаған бейнежазбаң алғашқы үш күннің ішінде 80 мың қаралым жинағанын көргенде қандай күйде болдың?
Бегайым: Бұл мен үшін күтпеген жағдай болды. Қаншама адам менің бейнемді көріп, жылы лебіздерін білдіріп жатқанын көргенде қуанышымда жек болған жоқ. Әрине бұл жағдай маған үлкен шабыт сыйлады. Музыкаға деген сүйіспеншілігім мен дайындықтарым текке болмағанын, дұрыс бағытта келе жатқанымды түсіндім.
Сұрақ: Айтыңызшы, қай жастан бастап ән айта бастадыңыз?
Бегайым: Ата-анамның айтуынша, мен балабақшада ән айта бастағанмын. Үш жасымда алғаш рет қалалық мерекеде үлкен сахнаға шықтым. Анам мен әжем қолдау білдірген менің алғашқы ұстаздарым. Бала кезімнен түрлі ән байқауларына қатысып, сыйлықтар мен шетелге жолдамалар алдым. Әжем әрқашан «Нағыз қазақ қазақ емес, нағыз қазақ домбыра» дейтін. Бұл сөздер домбырада ойнауды үйренуіме түрткі болды.
Сұрақ: Сенің балаларға арналған сүйікті әндерің бар ма?
Бегайым: Маған ел, туған жер, отбасы туралы әндер өте қатты ұнайды. Сондай-ақ жаныма жақын жандар, ұстаздарым және туып өскен мекенім, қазақ батырлары туралы ән шырқағанды жақсы көремін. Ең жақыны – «Махамбеттің термесі». Бұл әнді орындаған кезде бойымды қуаныш, мақтаныш сезімі кернейді. Мен концерттерде, қалалық алаңдарда жиі өнер көрсеткім келеді. Ең үлкен арманым – елордамыз Астанада ән айту. Бұл менің қолымнан келетінін бәріне дәлелдегім келеді! Көрерменге түрлі эмоциялар сыйлап, музыка бәрімізді біріктіріп, маңызды дүниелерге шабыттандыратынын көрсеткім келеді!

Бегайымның әңгімесі расымен де шабыттандырды. Оның музыкаға деген құштарлығы мен өз талантын әлемге паш етемін деген ұмтылысы ерекше.
«Әншуақ» фестивалі аясында біз әлі талай Бегайым сияқты қазақ тіліндегі балалар әндерінің ерекше орындаушыларын көріп, еститінімізге сенімдіміз.
Загрузка...
