Ұлттық құндылықты нығайтудағы семинар

Ұлттың қазынасы саналатын ұлттық құндылықтарымыз бүгінгі жаһандану кезеңінде ұлтты сақтап қалудың басты құралы. Себебі ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, бәсекеге қабілетті, жан-жақты дамыған, адамгершілік тұрғысынан кемелденген тұлғаны қалыптастыра аламыз.

Қай кезде де ұлт өмірін өркендетуші саналы да, салауатты, ұлтжанды рухы биік, ақыл парасаты мол, мәдени-ғылыми өрісі кең ұрпақ тәрбиелеу – қоғам алдындағы басты міндет және де қоғамдық қажеттілік болды. Ата-бабамыздан мирас болған ұлттық мәдени мұраларымызды тәрбиенің қуатты құралына айналдыру өзектілігін жойған жоқ.

Осы тұрғыда Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде «Біз ұрпақ тәрбиесіне баса мән беріп, жастарды жақсылыққа жетелеуіміз керек. Бүгінгі интернет дәуірінде бұл оңай шаруа емес. Ашығын айтсақ, қазір жас ұрпақ әлеуметтік желі арқылы тәрбие алып жатыр. Баланы дұрыс бағытқа бұрып, жол көрсетіп отырмасақ, бұл – өте қауіпті үрдіс…» деп бүгінгі білім беру ұйымдарына осы міндетті жүктеген болатын.

Сол себепті біз ұлттық құндылықтардың қайнар көзі ретінде қазақ халқының тарихи мәдениетін, ұлттық мұрасын, ұлттық тәрбиесін негізге ала отырып, ата-ана-мұғалім-оқушы үштігін бірлестіре отырып тәрбиені дамытуды мақсат етеміз. Осы бағытта М.В.Ломоносов атындағы №38 «Қазақстан-Ресей гимназиясында» «Ата-ана-мұғалім-оқушы үштігі – іс-әрекеттегі мейірімділік пен ұлттық құндылықты нығайтудың кепілі» тақырыбында қалалық ғылыми-әдістемелік семинар болды.

Семинар ата-ана-мұғалім-оқушы байланысы арқылы оқу процесіндегі ұлттық құндылықты нығайту және дәріптеуге бағытталған. Семинардың ашылуы гимназия директоры Досаева Гульжан Досаевнаның алғы сөзімен басталып, тренингтер мен оқушылардың театрландырылған қойылымымен өз жалғасын тапты. Семинар барысында құрметті қонақ педагогика ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, профессор, ХПБҒА(МАНПО) академигі Фаузия Шамсиқызы Оразбаева «Ұлттық тәрбие – даналық көзі» тақырыбында баяндама жасады.

Баяндама бүгінгі мектептегі тәрбиенің негіздерін бір арнаға түсіріп, жалпы ұрпақ тәрбиесі мәселесінде тиімді пайдалана білу бүгінгі таңда күн тәртібінде тұрған ең басты қажеттілік екендігін атап өтті.  Қорыта келе, адамға қажетті терең білім, отансүйгіштік, еңбекқорлық қасиеттері мұғалім – оқушы – ата-ананың тығыз қарым-қатынасымен қалыптасады.

Осы үштік іс-әрекеттегі мейірімділік пен ұлттық құндылықты нығайтудың кепілі болып табылады. «Қазақта ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген сөз бар. Мектеп ізгілік қағидаларын, адамзатқа ортақ құндылықтарды балалардың бойына сіңіретін орталыққа айналуы тиіс.

Гульжан Досаевна ДОСАЕВА,
М.В.Ломоносов атындағы
№38 «Қазақстан-Ресей гимназия» директоры,
Гульбану Жамбуловна БЕРДИКОЖАЕВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий