Білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық артып келеді

Білім мен ғылым – мемлекеттің мәртебесін биіктетіп, әлеуметтің әлеуетін арттыратын басты салалардың бірі һәм бірегейі. Білімі мен ғылымы ілгерілеген жұрттың айбыны асқақ, беделі биік. Жаңалығы желмен жарысқан бүгінгі күнде. Адамзаттың ақылманына айналған Абай «дүние де өзі, мал да өзі, ғылымға көңіл бөлсеңіз» десе, Міржақып Дулатұлы «Үш жүзге біздің қазақ бөлінеді, осылай шежіреден көрінеді. Саны көп, сапасы жоқ, һәммадан бос, ғылымға мойын ұсынбай ерінеді…» деп ұлтының енжарлығы мен керітартпалығына кейістік білдіреді. Қай кезеңде де адами капиталдың сапасын арттыру – қоғам дамуын қамтамасыз етудің басты тетігі болып қала бермек. Ал қоғамның зияткерлік әлеуетін ілгерілетуді жүзеге асыру педагогтерге тікелей байланысты. Бүгінде 80 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы бағытта ілкімді істерді жүзеге асыруға бастамашылық танытып келеді.

 

Оқу орнында теориялық білімнің практикамен ұштасуына ерекше мән берілген. Университеттің халықаралық жобаларға қатысып, шетелдік ғалымдармен өзара тәжірибе алмасу бағытында бірқатар жұмыстар жүзеге асырылуда. Бұл білім ордасының білікті профессор-оқытушыларының бастамасымен сәтті орындалуда. Табысты жобалардың біріEurasia Foundation (from Asia) қоры қаржыландыратын «Еуразиялық қауымдастық  жаһандық білім және көшбасшылық» атты халықаралық ғылыми жоба. Биыл да жалғасын да тапқан аталған жобаға Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасына қарасты Әлеуметтану және Әлеуметтік жұмыс білім беру бағдарламасының студенттері үлкен қызығушылық танытып, белсене  қатысуда. Білім алушылар биыл екінші жыл қатарынан білімді жетілдіру   курсынан өтіп, өздеріне ұнаған тақырыптар бойынша тың жобалар қорғады. Аталған курстың спикерлері ретінде Испанияның Малаго Университетінен профессор Фернандес Антонино, Сеул Университетінен профессор И Енг Хенг шақырылды. Сондай-ақ жобаның тұрақты лекторлары қатарында  Донгук Университетінің профессорлары Ким Индже мен Сун Хен, Еуразиялық қордың өкілдері Йоджи Сато, Чан Джункон, Комплутенсе университетінің профессоры Лопез-Варела Асуньсон және Қазақстанның    жетекші университтерінің де профессорлары бар. Олар Оралық Азияның  жедел  өркендеуі мен аймақтағы инновациялық үрдістердің қоғамға енуі туралы қызықты дәрістер оқып, білім алушыларға халықаралық жобаның болашағы мен мүмкіндіктері туралы айтты.

Сонымен қатар әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен шақырылған ғалымдар Мионг Сун-ок, Бенг-Сун, ҚызПУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Еркын Жұманқұлова, Нархоз Университетінің профессоры Г.В Кан және өзге де ғалымдар өз дәрістерінде Еуразиялық кеңістіктегі саяси, әлеуметтік-экономикалық даму, білім мен ғылымдағы негізгі жаңашылдыққа жан-жақты тоқталып өтті. ҚызПУ-дың Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры, қордың  кординаторы Қымбат Балажанова білім алушыларды  курс бағдарламасымен таныстыру және ұйымдастыру жұмыстарын атқарса,  Eurasia Foundation (from Asia)         қазақстандық үйлестірушісі Айгерім Белялова оқу курсының қызықты да танымды өтуіне ерекше мән беріп, кезекті дәріс оқитын профессордың ғылыми бағыты туралы студенттерді ақпараттандырып отырды.

Жалпы Eurasia Foundation (from Asia) кешенді халықаралық жоба. Ол креативті жастарға қолдау көрсету, ғылыммен білім көкжиегінде өз идеяларын жүзеге асыруға мүмкіндіктер туғызу мақсатында 2009 жылы жапон бизнесмені және меценаты Иоджы Сатоның бастамасымен  құрылған. Бүгінгі күнге дейін Еуразия кеңістігінің 40-қа жуық елінің 515 университетінде әртүрлі тақырыптарда дәріс оқылды. Eurasia Foundation (from Asia) аясында осы курстан өтіп сертификат алған студенттер Орталық  Азиядағы басқа да жоғары оқу орындарына тәжірибе алмасуға бара алады. Халықаралық жобаның басты мақсаты тату көршілік пен дипломатиялық қарым-қатынасты жетілдіру, рухани білімнің іргетасын нығайту ғана емес, ғылым мен білім саласындағы инновациялық даму жолындағы жаңашылдықпен бөлісу. Жобаның басты ерекшелігі білім және ғылым саласында ғана емес, сондай-ақ халықаралық қатынастардағы жаңашылдықты үйрену, адамдар арасындағы қарым-қатынас мектебін қалыптастыру.

«Еуразиялық қауымдастық жаһандық білім және көшбасшылық» атты халықаралық ғылыми жоба аясындағы курста оқытылатын дәрістердің мазмұнында жаһандық геосаясаттағы өзгерістер толық қамтылған. Сондай-ақ курста жалпы білім беру жүйесіндегі және гуманитарлық ғылымдағы қажетті құзыреттіліктерді үйрету де назардан тыс қалмаған. Жобаның негізінде оқу курсының нақты бағдарламасы құрастырылған. Оқу бағдарламасында Азия құрлығының жетекші елдерімен білім және ғылым саласындағы болашақ менеджерлердің дүниетанымын, логикалық ойлау қабілетін арттыру мақсатында салыстырмалы талдау, контент-талдау арқылы қорытындылар мен ұсыныстар жасалып отырады. Негізінен  дәрістердің мазмұны мен сипаты  саяси-әлеуметтік-мәдени мәселелерді қамтыған. Халықаралық  білім беру жобасының бағдарламасы болашақ менеджерлердің кәсіби шеберлігін көтеру, гуманитарлық ғылымдар жүйесіндегі қажетті құзыреттілікті үйретуге бағытталған. Студент жастарға адамдар арасындағы қарым-қатынас мектебінің ерекшеліктерін, адамзаттың интелектуалдық кеңістігінің  шексіздігін тілге тиек еткен профессорлар дәріс тақырыптарының мүмкіндігінше мазмұнды болуына елеулі маңыз береді. Теориялық тұрғыдан айтылған тұжырымдардың практикалық маңыздылығы зор екені белгілі. Профессорлардың дәрістеріне арқау болған тақырыптардың барлығы да  жастардың дүниетанымы мен логикалық ойлау қабілетін арттыруға бағытталған.

Жалпы алғанда, Қордың қолдауымен ұйымдастырылған іс-шаралар, дәрістер сериясы, ондағы мазмұнды деректер, тұжырымдар мен зерттеу нәтижелері студенттерге болашақта білім кеңістігінде жаңа мүмкіндіктер ашады. Осы оқу курсынан өткен студенттер аталған Қордың негізінде Еуразия  мемлекеттерінің жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтуге,  ғылыми-практикалық конференцияға қатысуға жолдама алады.

Халықаралық ғылыми жобаны жүзеге асырудың әлеуметтік саяси маңызы зор деп ойлаймын. Ол Еуразия кеңістігіндегі ғылым мен білімнің дамуына, достық көршілік қарым-қатынастардың жандануына, мемлекеттер арасындағы дипломатиялық байланыстардың өркендеуіне ықпал етеді. Халықаралық қатынастар жүйесіндегі Азия мемлекеттерінің қарқынды дамуы, білім және ғылым саласындағы өзара ықпалдастығының артуы оның болашағының зор екендігін көрсетеді.

Бибігүл ИМАНБЕКОВА,
саяси ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Қоғамдық-гуманитарлық пәндер кафедрасының меңгерушісі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий