ТОҒЫЗ ЖАСАР ҚОЛӨНЕРШІ ҰЛТТЫҚ ӘШЕКЕЙ ЖАСАЙДЫ

Абай облысы Семей қаласындағы №8 мектептің 4-сынып оқушысы Асылжан Қаныбеков қазақи нақыштағы бұйымдар жасайды. Мектептен тыс уақытында анасына көмектесіп, әшекей жасаумен айналысады.

Асылжан бір жылдан аса уақыт әшекей бұйымдар жасап жүр. Кішкентайынан қолөнерге әуес бала ұлттық құндылықтарды бойына сіңіріп келеді. Бүгінде анасымен бірге 1000-нан аса түрлі қазақи бұйымдар жасаған. Қолөнерші баланың айналысып жүрген ісі ұсақ моториканы дамытуға, баланың сөйлеуіне және ой-өрісіне жақсы әсер етеді.

«Өзім кішкентай балаларда ұсақ моториканы дамытумен жұмыс істеп келемін. Ұлыма осы істі ұсынып, жасатып көрдім. Ол қызығушылық танытып, бірден кірісіп кетті. Менің 4 балам бар, соның ішінде үлкен ұлым шыдамды, ұзақ уақыт жасап отыра алады. Сағаттап ұялы телефонда отырмайды»,-дейді анасы.

Асылжан сабақтан тыс уақытта қазақи әшекей бұйымдар жасап, қазір отбасылық шағын кәсіпке айналдырып отыр. Сабақ үлгерімі де өте жақсы, сыныптағы дарынды, үлгілі оқушылардың бірі. Спортты да жаны сүйеді, жүзу және таэквондоға қатысады.

Өнерпаз бала көбінесе шекелік, шашбау, сырға, шолпы, білезік, алқа жасайды. Қазір Асылжанның жасап жүрген заттары сұраныста. Адамдар тапсырыс беріп, түрлі бұйымдарды сатып алады.

Анасы Балауса ханым үш баласымен «Балапан» телеарнасындағы «Кім мықты?» бағдарламасына қатысып, Асылжанның жасаған заттарымен көрерменді тәнті етті. Енді ағасының ерекше ісіне 7 жастағы бауыры Әкежан да қызығушылық танытып келеді. Асылжанға сырға жасауға көмектесіп жүр. Қолөнершілер отбасы әлеуметтік желіде «Ғаламның БРЕNDтері татымайды, қазақтың иісі сіңген бұйымына» деген ұранда парақша ашып, қазақи бұйымдарды жасап, табыс көзіне айналдырып отыр.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий