ЖАЛПЫ БІЛІМ БЕРЕТІН ПӘНДЕР БОЙЫНША 9-11 (12) СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНА АРНАЛҒАН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ОЛИМПИАДАНЫҢ ҚОРЫТЫНДЫ КЕЗЕҢІНЕ 1668 ОҚУШЫ ҚАТЫСАДЫ

17 наурыз – 24 сәуір аралығында республикамызда жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиада өтеді. Бұл – 15 пән бойынша республиканың жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар атанған 9-11 (12) сынып оқушыларының дәстүрлі зияткерлік сайысы.

Республикалық кезеңге Қазақстанның барлық өңірінен 1668 оқушы қатысады (946 – жаратылыстану-математика бағытында, 722 – қоғамдық-гуманитарлық бағытта). Оның 87-і олимпиадалық резерв мүшелері және 65-і ауыл мектептеріне арналған республикалық олимпиаданың жеңімпазы.

Олимпиаданың мақсаты мен міндеттері – оқушының жеке тұлға ретінде өзін-өзі қалыптастыруда шығармашылық қабілеттерін дамыту, теориялық білім мен практикалық дағдыларын тереңдетуін жүзеге асыруына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды халықаралық олимпиадаларға қатысуға іріктеу және дайындау, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің беделін арттыру.

Биылғы жылы республикалық олимпиада барлық санитарлық, медициналық, өрт қауіпсіздігі және қоғамдық тәртіп нормалары қатаң сақталып, тұңғыш рет еліміздің 7 өңірінде келесі мерзімде өтеді:

Жаратылыстану-математикалық бағыт:

17-21 наурыз – Астана қаласы, физика, математика;

24-28 наурыз – Алматы қаласы, информатика, география;

27-31 наурыз – Павлодар қаласы, химия, биология.

Қоғамдық-гуманитарлық бағыт:

1-5 сәуір – Қостанай қаласы, қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі;

7-11 сәуір – Атырау қаласы, орыс тілі мен әдебиеті, қазақ тілінде оқытатын мектептердегі орыс тілі;

14-18 сәуір – Өскемен қаласы, Қазақстан тарихы, құқықтану негіздері;

20-24 сәуір – Петропавл қаласы, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі.

Республикалық олимпиада қатысушылары дәстүрлі түрде екі кезеңнен, теориялық және практикалық турлардан тұратын тапсырмаларды орындайды.

Сонымен қатар, қатысушыларға психологиялық тренингтер, тарихи ескерткіштер мен мұражайларға мәдени-танымдық экскурсиялар мен ойын-сауық шаралары ұйымдастырылады.

Олимпиада барысында алғаш рет олимпиада жаттықтырушыларына арналған оқу-әдістемелік семинарлар өткізіледі.

Олимпиаданың барынша ашықтығын және академиялық адалдығын қамтамасыз ету мақсатында YouTube арнасында тікелей эфир жүргізіледі. Қазылар алқасының құрамында еліміздің алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарының ғалым-педагогтері, сондай-ақ халықаралық олимпиадалардың бірнеше дүркін жеңімпаздары бар.

Конкурстың ережесі бойынша қорытынды кезеңнің қатысушылар санының 45 %-ы Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдары және алтын, күміс, қола медальдарымен марапатталады. Сонымен қатар, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге бағалы сыйлықтар табысталады және еліміздің беделді жоғары оқу орындарының ректорлық білім гранттары беріледі.

Республикалық олимпиаданың салтанатты жабылу рәсімі әр 7 өңірде жеке өткізіледі. Ал, екі бағыт бойынша командалық орындар Павлодар мен Петропавл қалаларында жарияланады.

Айта кетсек, республикалық олимпиаданың мектепшілік кезеңіне  6 152 білім беру ұйымдарынан 322 974 оқушы, аудандық кезеңіне 5 748 білім беру ұйымдарынан 90 260, ал облыстық кезеңінде 3 048 білім беру ұйымдарынан 15 084 оқушы қатысты.

“Дарын” РҒПО Медиа қолдау бөлімі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий