КӘСІПОДАҚ – ЕҢБЕК АДАМЫНЫҢ СЕНІМДІ ТІРЕГІ

Мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға, білім беру саласына қатысты оң өзгерістерге белсенді түрде қатысып келе жатқан қоғамдық күш – кәсіподақ. Қарапайым еңбек адамына түсер қиындықты жеңілдетуде, еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауда, кәсіподақ мүшелеріне материалдық-моральдық қолдау көрсетуде кәсіподақтың атқарар жүгі көп.

Кәсіподақ ұстаздардың құқығын қорғау, еңбек қатынастарын реттеумен шектелмейді. Кәсіподақ мүшелерінің денсаулығын нығайтуға да ерекше көңіл бөледі. Игі үрдіс бойынша Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы педагогтерді емдеу-сауықтыру шараларымен қамтыды.

Айта кетейік аймақта өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде талмай еңбек етіп жүрген ұлағатты ұстаздарымыз аз емес. Облыстық кәсіподақ әр оқу жылының күзгі, қысқы, көктемгі және жазғы каникулы уақытында сала үздіктерін марапаттап, оларға шипажайларға тегін жолдама ұсынады. Бұл білім кәсіподағының игі дәстүріне айналған шарасы. Қоғамдық бірлестік биыл да үрдістен айныған жоқ.

Естеріңізде болса, жуырда ҚР Кәсіподақтар федерациясының Лайықты еңбек жылы және Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының 100 жылдығы аясында өткізілген «Кәсіподақ: тұрақты қолдау, тұрақты құрмет» дәстүрлі шарасында егемен еліміздің бәсекеге қабілетті ұрпағын оқыту мен тәрбиелеуге бар күш-жігерін жұмсап, жоғары жетістіктерге қол жеткізіп жүрген кәсіподақ мүшелеріне емдеу-сауықтыру орталығына, танымдық-тарихи саяхатқа жолдама тарту етілген болатын.

Көктемгі демалыс аудан ұстаздары үшін ерекше естеліктерге толы болмақ. Ұстаздармен қатар, білім саласында еңбек ететін кітапханашылар мен кіші қызметкерлерге, тәрбиешілерге кәсіподақ тарапынан шипажайға жолдама берілген еді. Аймақтың кәсіподақ мүшелері тау баурайында орналасқан емдеу- сауықтыру орталығында ем алып, демалып қайтты.

Облыс бойынша 500-ге жуық кәсіподақ мүшесі «Мерке-Радон», «Манкент», «Шипагер», «Айсары» сынды емдеу-сауықтыру орталықтарында болып, мұнда тыныс алу жүйесі, жүрек, қан-тамыр, тірек-қимыл аппараты, жүйке жүйесі ауруларын емдеу мен алдын алуға арналған түрлі процедуралар жасалды. Демалыс барысында кәсіподақ мүшелері қаланың көрікті жерлерін аралап, бос уақыттарын тиімді өткізді. Сонымен бірге, мәдени-көпшілік және сауықтыру шараларына қатысты. Айта кетейік, аталған демалыс орындары кәсіподақ мүшелерінің бос уақытының пайдалы, әрі көңілді өтуіне ерекше назар аударған.

Сондай-ақ, Ұлыстың ұлы күнінің қарсаңында кәсіподақтың қолдауымен жас педагогтер киелі Түркістан қаласына тарихи-саяхатқа барған болатын. Онда олар тарихи-мәдени орындарды аралады. Сапар барасында Нұх пайғамбардың кемесі қалған Қазығұрт тауы, Қожа Ахмет Яссауи кесенесі, Ақмешіт құдығы, Арыстан баб кесенесі, Гауһар ана кесенесі, Домалақ ана кесенесі, Үкаша ата құдығы және тағы сол сияқты тарихи орындар мен соңғы үлгіде салынған “Керуен сарай” туристік кешеніне барып, «Кіші Венеция» атанған қала ішінде өзенде қайықпен серуендеді.

“Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының

Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий