АБАЙ ОБЛЫСЫНЫҢ МЕРЕЙЛІ ҰСТАЗДАРЫ АНЫҚТАЛДЫ

Абай облысында «Мерейлі ұстаз» І облыстық байқауы өтті.

Байқаудың мақсаты – пән мұғалімдерінің кәсіби құзіреттілік деңгейін жетілдіру және әдістемелік сүйемелдеу. Үш кезеңнен тұратын байқауға облыс бойынша білім беру мекемелерінен 11 педагог бақ сынады. Қатысушы мұғалімдер 1-сырттай кезеңде «Мерейлі ұстаз» тақырыбында эссе жұмыстарын өткізсе, екінші «Ұстаз шеберханасы» кезеңінде педагогтердің зияткерлік  және шығармашылық қабілеттері бағаланды. «Толық адам» қалыптастырудағы менің үлесім» бөлімінде жоба, авторлық бағдарлама, әдістемелік құрал, мақала, идеяларын TEDx форматында қорғады.

Мұғалімдердің кәсіби беделін көтеру, әлеуметтік және қоғамдық беделін жоғарылату, инновациялық тәжірибелерін таратуда байқаудың маңызы зор.  

Биыл алғаш ұйымдастырылған конкурсқа техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарынан жалпы білім беретін пән педагогтері қатысты.

Әділқазылар алқасы педагогтің сөйлеу шеберлігі, шеберхана идеясының өзектілігі, педагогтің шығармашылық жұмыстарындағы құндылықтардың көрініс табуына аса мән берді.

Байқау нәтижесі бойынша І орынды иеленіп, «Мерейлі ұстаз» кубогымен Басқарағай ауданының қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Газиза Жумагазина марапатталды. ІІ орынды Абай ауданының бастауыш сынып мұғалімі Алтынай Байдильдинова мен Ақсуат ауданының бастауыш сынып мұғалімі Маржан Маселова алды. Жүлделі ІІІ орын Аягөз ауданының математика пәні мұғалімі Гульнур Байгеловаға, Семей қаласының биология пәні мұғалімі Балнұр Шаймерденге және Абай ауданының орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Мадина Алдажароваға бұйырды. Жүлдегерлер I, II, III дәрежелі диплом және «Мерейлі ұстаз» кубогымен марапатталды. Сондай-ақ конкурсқа қатысушы мұғалімдерді қолдап, Абай облысының кәсіподақ ұйымы 1-орынға  санаторийге, 2 – орынға Алакаөл демалыс орнына жолдама және 3-орын иелеріне ақшалай сыйақы табыстады.

Айта кетейік, облыста былтыр «Толық адам» іліміне негізделген «Мерейлі ұстаз» жобасы бастау алды. Жоба аясында өткізілген іс-шаралар өз нәтижесін беріп келеді. Бұл байқау облыста енді жылда ұйымдастырылады.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

 

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий