“Оқуға құштар мектеп” жобасы: Бастауыш сынып оқушыларын кітап оқуға баулудың маңызы

Баланы кітап оқуға баулу – бұл күндері үлкен мәселеге айналды десек қателеспейміз. Ақпараттық технологияға қоса жаһанды жаулаған әлеуметтік желінің дамыған заманында мектеп оқушыларын оқу құралына үңілуге шақыру қиын болып барады. Бірақ мультимедиалық кеңістікте ғұмыр кешкенімізбен кітаптан алатын білімге жетер күш жоқ. Әдеби кітапты оқу арқылы сезімге, ерекше көңіл-күйге, эстетикалық сұлулыққа бөлену, танымдық, энциклопедиялық кітаптар арқылы білім алу, көзқарас қалыптастыру – тәрбиенің баға жетпес қазынасы.

Кітап оқу – үлкен мәдениет пен интеллектуалдық жетістіктің іргетасы. Қалай десек-те отбасында ата-аналар мен үлкендер жағы, мектепте мұғалімдер тарапынан балаларға кітап оқудың үлкен жетістік екенін ұғындырудың маңызы зор. «Кітап оқысаң, білімді боласың, өнерлі боласың, айналаңа сыйлы боласың», – деу арқылы ұл-қыздарымызға құлшыныс беріп, кітаптан артық дос жоғын ұдайы түсіндірген дұрыс. Қолына дәптер мен қалам беріп, белгілі бір оқиғаға құрылған жеке қызықтарын жазуды ұсынған пайдалы.

Әр ертегінің қиял-ғажайыпқа толы мазмұнын ерекше әсермен баяндап, жағымды кейіпкерлердің соңғы кезеңде баянды бақытқа қол жеткізетіндігін әңгімелеген орынды. Кейбір оқиғаларды баланың өзі ойлап табуына болатынын айтып қызықтырған жөн. Отбасында ғана емес сыныптағы оқу барысында балалардың тосын сауалдары таусылмайтындығын көріп жүрміз. «Анау не?», «Күн неге сары?», «Тауық неге қытқылдайды?» деген сансыз сұрақтың жауабын кітаптан іздеу қажеттілігін түсіндіру мектепте мұғәлімнің үйде ата-ананың басты парызы.

Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев: «Кітап оқу – рухани кемелденудің көзі. Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Алтын уақытымызды пайдалы істерге жұмсағанымыз жөн», – деп әр тұлға оқуға тиіс деп санайтын отыз таңдаулы кітаптың тізімін ұсынған болатын. Қазір осы басым бағыттады қамтитын арнайы бағдарламалар жасалуда. Адамзат ақыл-ойының жиынтығы – кітапта болса, білім – соны сақтайтын қазыналы сандық. Сол сандықтағы байлықты қалай алуға болады? Кітап әлеміне баланы қалай енгізуге болады?

Осы орайда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша республикалық деңгейде жүзеге асырылуы қолға алынған «Оқуға құштар мектеп» ұлттық жобасы көмекке келді. Бұл жаңа жоба оқушылардың оқу сауаттылығын қалыптастыру мен жетілдіруді, оқу мәдениетінің деңгейін арттыруды және оқуды насихаттауды көздейтіндігімен де ерекше. Рас кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Абай Құнанбайұлы: «Танымның бар тамашасы – кітапта, оған қол жеткізу үшін кітап оқудан жалықпа», «Артық ғылым кітапта, ерінбе оқып көруге», – деп кітап оқуды  насихаттайды.

Мағыналы сөздерден кез келген тұлғаны дамытудың қайнар көзі кітап оқу екенін түсінеміз. Басқа білім беру ұйымдары сияқты біздің мектепте де «Оқуға құштар мектеп» жобасын ілгері дамыту мақсатында арнайы жоспар бекітіліп, нақтыланған іс-шаралар жүйелі жүргізілуде. «Оқуға құштар мектеп» жобасының барлық тараптар үшін тиімділігі мен пайдасы зор. Қазіргі кезде керек ақпараттар мен мәліметтерді табу үшін аудио, видео, ғаламтор секілді жеңіл жол табылып тұрғанда кітаптар мен қосымша әдібиеттерді оқуға деген құштарлық азайып кетті.

Осы жобаны іске асыру барысында оқушылардың қызығушылығы арта бастандығын байқаудамыз. Бала ерте жастан кітаппен дос болса, кітап оқыса болашақта  көзі ашық, көкірегі ояу адам болып қалыптасады. Қай заманда болмасын, адамзат алдында тұрған ұлы мұрат – міндеттердің ең бастысы – саламатты, саналы ұрпақ тәрбиелеу. Ал тәрбиенің кілті кітапта. Кітап – адамзат баласының баға жетпес асыл құндылығы. Білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін – тәрбие құралы. Бастауыш сынып оқушыларының қызығушылығын арттыру мақсатында қазақ тіліндегі ертегілерді оқытудың мәні бөлек.

Қай жанрда жазылған ертегі болсын, балалар оны ерекше қызығушылықпен оқиды. Ертегі мазмұнын толық меңгерту мақсатында қойылым /сахналау/ көрсетілгені тіптен құптарлық дүние. Сахналау  – әдеби талдаудың тиімді тәсілдердің бірі. Бұл жұмыстар оқушылардың көркем мәтінді терең, әрі шығармашылық жолмен түсінуге  ықпалын тигізеді. Сонымен қатар өнер әлеміне қызығушылықтарын да арттырары даусыз. Бұл бағытта әріптестеріме бастауыш сынып оқушылары үшін «Мақта қыз бен мысық» және «Бауырсақ» ертегілері бойынша қойылым жасауды ұсынар едім.

Венера Орысбаевна АЛТЫНБЕКОВА,
№84 жалпы білім беретін мектептің
бастауыш сынып мұғалімі, педагог – 
зерттеуші, Алматы қаласы, Түрксіб ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий