СУДАН ЗАРДАП ШЕККЕНДЕРГЕ КӨМЕК КӨРСЕТТІ

Cу тасқыны сияқты айтып келмейтін апаттан зардап шеккен кәсіподақ мүшелеріне қолдау көрсету – кәсіподақ жұмысындағы басымдықтардың бірі. Тосыннан келген табиғат апаты кәсіподақ ұйымын бей-жай қалдырмады.

Осыған байланысты су тасқынынан зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында кәсіптік-техникалық ұйымдарының және облыстық мектеп, қосымша білім беру ұйымдарының кәсіподақ мүшелеріне арналған кездесу өтіп, заңгерлік кеңестер берілді. Одан соң облыстық ұйым өкілдері Қобда және Ойыл аудандарында болып, аудандық кәсіподақ мүшелерімен кездесті.

Сапар барысында Қобда ауданындағы Қобда көпсалалы колледжінде, Қобыланды батыр атындағы мектепте, Қобда қазақ орта мектебінде және аудандық өнер мектебінде, психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінде, Ойыл ауданындағы Ш.Берсиев атындағы орта мектепте, Ойыл көп салалы колледжінде болды.

Басқосуда “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Раушан Серікова жиналған кәсіподақ мүшелеріне өзінің жылы лебізін білдірді.

– Құрметті әріптестер! Ел басына күн туған қиын сәтте Сіздердің де қиын жағдайға қалғандарыңызды естіп, қол қусырып қарап отыра алмадық. Айтып келмейтін табиғи апаттан зардап шегіп, қиыншылыққа ұшыраған кәсіподақ мүшелеріне қол ұшын жалғап, көмектесу – біздің парызымыз. Су тасқынынан зардап шеккендерге қамқорлық жасау, сауабы мол іске ат салысу, әрбір адамның азаматтық парызы деп ойлаймын. Қазіргі уақытта облыстық ұйымның 500-ге жуық кәсіподақ мүшесі табиғи апаттан зардап шегіп отыр. Кәсіподақ және оның құрылымдық бөлімшелері қай кезде де қиын жағдайға тап болған жандарға қол ұшын созуға дайын.

Қайырымдылық көмекке Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы мен өзге облыстағы білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымдары, облыстық ұйым қызметкерлері, бастауыш және аудандық білім қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы төрағалары да өз үлестерін қосты. Ақтөбелік білім қызметкерлерінің басына түскен қиындығын бірге бөлісіп, қолдау көрсеткен әріптестерімізге және білім мекемелеріне эвуакацияланған кәсіподақ мүшелеріне қол ұшын созып жатқан әріптестерімізге де алғысымызды білдіреміз!

Бұл табиғи апатты да ел болып еңсеріп, жағдай қалыпқа келтіріліп, мамыражай күн кешетінімізге кәміл сенемін. Апат айтып келмейді, десе де табиғаттың тосын мінезінен зардап шеккен әріптестерімізге қолдан келгенше көмегімізді көрсетеміз, ұстаздарымыздың басына түскен қиындықтарды бірге еңсереміз деп ойлаймын. Алда жақсы күндер келетінін ұмытпайық, әріптестер! Табиғат сынағына қарсы тұрар бірлігімізге шүкірлік етіп, жақсы күндерге үміт етейік. Аман болыңыздар! – деді.

Кездесуде салалық кәсіподақ қозғалысының алдындағы міндеттер мен мәселелер, педагог мәртебесі туралы атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды. “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің заңгерлері табиғи сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан зардап шеккендерге келтірілген залалды өтеу қағидалары туралы жіті түсіндірді.

Сондай-ақ Ақтөбе облысының білім басқармасы мен “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің арасында 2024-2026 жылдарға жасалған әлеуметтік әріптестік туралы Келісімнің 6.5.3 тармағы туралы баяндады. Осыдан кейін кәсіподақ мүшелері тарапынан бірақатар сұрақтар қойылып, ұсыныстар айтылды. Кездесуге қатысқан білім қызметкерлері ең алдымен, залал келтірілген баспананың қаражатын өтеу тетігі, оны әділ бағалау, өз бетінше үй салу немесе ақшалай өтемақы алу мүмкіндігі сияқты өзге де мәселелерді қамтыды.

Кәсіподақ мүшелерімен кездесуде Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағының атынан ақшалай сертификаттар табысталды.

Сонымен қатар сапар барысында Қобда көпсалалы колледжінің қызметкерлеріне білім саласының дамуына қосқан айрықша үлестері үшін шипажайға жолдамалар берілді.

Айта кетейік қазір су тасқынынан зардап шеккен кәсіподақ мүшелерінің тізімі толықтырылып жатыр. Кәсіподақтардың аумақтық бірлестіктеріне көмек көрсету бойынша жедел штабтармен іс-қимылдарды үйлестіру жүктелді. Ақтөбе облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы су тасқынына қарсы күресте көмек көрсетуді жалғастыратыруда…

 

“Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Ақтөбе облыстық ұйымы” қоғамдық бірлестігінің баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий