АБАЙ ОБЛЫСЫНДА «WORLDSKILLS ABAI – 2024» ӨҢІРЛІК ЧЕМПИОНАТЫ БАСТАЛДЫ

«WorldSkills Abai – 2024» екінші өңірлік чемпионатының ашылу салтанаты өтті. WorldSkills Abai өңірлік чемпионаты – WorldSkills Kazakhstan Ұлттық чемпионатына іріктеу кезең. Чемпионат мақсаты – жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыру және кәсіптік білім беруді дамыту.

Чемпионатта қатысушылар 57 құзыреттілік бойынша сынға түседі. Облыстың 29 колледжінен командалар қатысып, 200-ден астам студент өздерінің кәсіби шеберліктерін көрсетеді. Жұмысшы мамандықтары бойынша жастар біліктілігін 200 сарапшы бағалайды.

Абай облысы білім басқармасының басшысы Нұржан Ахметқалиев ашылу салтанатында қатысушы студенттерге сәттілік тіледі:

Сіздер мемлекетіміздің өркендеуі үшін өз таланттарыңызды, білімдеріңіз бен дағдыларыңызды толық көлемде жүзеге асыра алады деген сенімдемін. Чемпионаттың қорытындысы бойынша WorldSkills республикалық біріншілігінде Абай облысын жоғары деңгейде таныстыратын мықты команда құрылады. WorldSkills чемпионаты жастарды әлемдік стандарттар деңгейінде болашақ кәсіби қызметке дайындауға ықпал етеді.

Құзыреттер бойынша конкурстық алаңдар 23-25 сәуір аралығында Бизнес және сервис, Геодезия, картография және құрылыс жоғары колледжі,  Электротехникалық колледж, Көлік колледжі, Радиотехника және байланыс колледжі, Геологиялық барлау колледжі, М.Әуезов атындағы педагогикалық колледжі, Шәкәрім колледжі және Рымбек Байсейітов атындағы Семей қаржы-экономикалық колледждерінде өтеді.

Чемпионат қорытындысы мен марапаттау рәсімі 26 сәуір күніне жоспарланған. 30 құзыреттілік бойынша жеңімпаз облыс құрамасы күзде өтетін республикалық кезеңге жолдама алады.

Айта кетейік, былтыр аймақтық чемпионатқа 23 колледж қатысса, биыл қатысушылар саны артты.

Еске салайық, «Worldskills Kazakhstan-2023» ҮІІІ республикалық чемпионатында Абай облысының студенттері 6 алтын, 2 күміс, 3 қола медаль жеңіп алып, еліміз бойынша үздік атанды.

Абай облысы білім басқармасының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий