Алматы қаласындағы мектеп ауласының оазисі ландшафт дизайны фестивалі

Табиғатты таза ұстап, туған жерді түлетейік! Ел Тәуелсіздігінің бесігі атанған оңтүстік астананың әкімі Ерболат Асқарбекұлы ДОСАЕВТЫҢ бастамасымен іске асыруы қолға алынған «Алматы – біздің ортақ үйіміз» науқаны қаладағы білім беру ұйымдарының ұжымы мен мен педагогтер қауымы және оқушылар тарапынан бірауыздан қолдау тауып, жарасымды жалғасын табуда.

Экологиялық акция аясында алып шаһардың барлық оқу орнында «Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі ұйымдастырылған болатын. Тұңғыш мегаполистегі әлеуметтік нысандар мен ағарту ошағы ғимаратының алаңын көгалдандыру, дизайн шығармашылығын дамыту мақсатындағы бірегей байқауға біздің №178 мамандандырылған лицейдің шәкірттері үлкен ықыласпен белсене қатысты.

Олар  “Бақытты балалық шақ”, “Көркем көбелек”, “Құстар гүлзарда”, “Табиғат сыры” аталымындағы бірнеше жаңа жоба жасап, лицей ауласын өзіндік ерекшеліктермен әсем безендірді. Және осы акцияның шеңберінде білім ордасында “Алматы-біздің қала” тақырыбындағы арнайы сынып сағаттары өткізілді. Сондай-ақ, қоқыстар қоршаған ортаны ластап, полигонда шіріп, табиғатты тұншықтырмас үшін оны қайта өңдеуден өткізу  мақсатындағы «Қоқысыңды сұрыпта» шарасын жүргізді.

«Таза Қазақстан» экологиялық акциясына байланысты «Құстарға үй сыйлайық» шарасында белсенділік танытқан оқушыларға қоса «Технология» сабағында Берік Нәбиұлының жетекшілігімен табиғи ағаш қалдықтарын кәдеге жаратудың барлық мүмкіндіктерін қарастырған еді. Нәтижесінде білімгерлердің өз қолдарымен жасалған құс ұялары №95 балабақшаның ауласындағы ағаштарға орнатылып, жоғары сыныптың ұл-қыздары бүлдіршіндерге табиғатты аялау мен құстарға қамқорлық жасаудың ізгілікті іс екендігін түсіндірді.

Қалалық білім басқармасының баспасөз қызметі жариялаған ресми ақпараттарға жүгінсек «Мектеп ауласының оазисі» ландшафт дизайны фестивалі барысында шаһардағы 215 мектептің ауласында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде 5-11 сынып оқушыларының көмегімен  жиырма мың гүл, 430-дан астам жеміс ағаштары, екі жүзден астам туи ағашы отырғызылғаны белгілі болды. Үздік жоба жеңімпаздары сәуір айының 24-і күні Студенттер сарайында ұйымдастырылған «Қызғалдақтар» фестивалінде марапатталып, есімдері елге танылды.

«Құстарға ұя сыйлайық» мектеп челленджі аясында Алматыда бір мыңнан астам құс ұясы жасалып, мектеп ауласы мен саябақтарға және демалыс алаңдарына орнатылыпты. «Қоқысты кофеге/тағамға айырбаста» акциясына орай алматылық балалар мен ересектер жеті жүз отыз жеті келі қайта өңделетін шикізатты (138 кг пластик, 95 кг алюминий, 210 кг макулатура, 294 кг шыны) тапсырған. Осы экологиялық акцияның нәтижесінде Алатаудың аясындағы әесм қаламыздың бұрыннан бар жасыл желегі жаңадан егілген әсем ағаштар мен түрлі-түсті гүлдер арқылы бұрыннан бетер көркем кейіпке еніп, тамылжыған табиғат пен қоршаған орта барлық тұрғындар үшін қолайлы орта ретінде ерекше бола түсетіндігі даусыз.

Әрі аға буын өкілдерінің бірегей бастамасы өскелең ұрпақтың отаншыл тұлға ретінде қалыптасу жолында елі мен жеріне жанашыр, табиғатқа қамқор саналы азамат ретінде өсуіне үлгі-өнеге болары анық. Еске саласақ, алматылықтар мен қала қонақтары алдағы мамыр айының сегізі, яғни науқанның соңына дейін алып шаһарды көркейтуге белсенді қатыса алады. Осы аптада тауларда, өзендер мен су айдындарының жағалауларында, сондай-ақ қаланың саябақтары мен скверлерінде қоқыстардан жаппай тазалау және ағаш отырғызу шараларын ұйымдастыру жоспарланған.

Балжан Туленовна ЕРТУГАНОВА, 
Роза Сатановна САТБАЕВА,
№178 мамандандырылған лицейіндегі
қазақ тілі және әдебиет пәнінің мұғалімдері,
Алматы қаласы, Алатау ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий