ҚазҰУ-да егде жастағы адамдарға арналған конференция өтті

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Күміс университеті» жобасы аясында «Ұзақ белсенді өмір» атты конференция ұйымдастырылды.

Қатысушылар алдымен «Қарттарым – асыл қазынам» ұлттық құндылықтар көрмесін аралап көрді. Онда құрақ көрпелер, қуыршақтар, қолөнер бұйымдары, суреттер және т.б. туындылар қойылған.

Жобаның мақсаты – егде жастағы азаматтардың білім алу кеңістігін кеңейту, өмір сүру сапасын жақсарту, өзін-өзі дамытуды қолдау аясында біліктілігін арттыру.

Бұл бастама қарт адамдардың қазіргі өмірге тиімді бейімделуі үшін топтық және жеке деңгейде өзін-өзі тәрбиелеу мен өзін-өзі жетілдіруге қолайлы жағдай жасауға ықпал етеді.

Еркін форматта ұйымдастырылған конференция жұмысына аға буын өкілдері, егде жастағы адамдар, университет басшылығы мен ардагер оқытушылар қатысты.

Іс-шараны ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Дүйсенов ашты. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев егде жастағы азаматтардың әлеуметтік қорғалуы мен экономикалық әл-ауқатына үлкен мән береді. Бүгінде көптеген елдерде «Күміс университеті» бағдарламасы ресми түрде жұмыс істеп келеді. Қазір бізде де бұл бастама жүзеге асуда. Бұл жоба егде жастағы адамдарға, әсіресе экономикалық дағдарыс жағдайында білім беруге мол мүмкіндік. Осы жобаның арқасында егде жастағы адамдар өздерінің хоббиін, өздері қалаған жұмысын таба алады. Бұл үшін ҚазҰУ барлық мүмкіндіктерге ие», – деді проректор.

Конференция барысында Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің орынбасары Сәкен Аралбаев, Бостандық ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы Әсем Беспаева, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры, саясаттану ғылымының кандидаты Сәуле Бекетаева, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы жобасының жетекшісі Қалимаш Рақымбаева, филолог, «Алтын алқа» иегері Ләйла Дәулет, профессор, филология ғылымының докторы Анар Салқынбай сөз сөйлеп, бүгінгі шараның маңыздылығына тоқталды.

Іс-шарада қатысушылар өнер, мәдениет, денсаулық сақтау және ақпараттық технологиялар сияқты түрлі салалар бойынша білімдерін жетілдірді. Сондай-ақ егде жастағы адамдарға қолжетімді курстар мен білім беру ресурстары туралы жан-жақты ақпарат берілді. Конференцияда қатысушылар әртүрлі білім және кәсіби құзыреттілік салаларындағы сарапшылармен тәжірибе және идеялармен алмасты.

Конференция барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы серіктестік туралы меморандумға қол қойды.

Шара арнайы дайындалған концерттік бағдарламаға ұласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий