Береке бастауы – бірлікте

Әрбір сәби осы жарық дүниеге келген соң балалық шағынан бастап, барлық өмірлік кезеңінің бақытты болуына толық қақысы әрі шексіз құқығы бары айдан анық. Бұл туған перзентінің баянды ғұмыр кешуін аңсайтын әрбір ата-ананың да асыл әрі асқақ арманы. Алайда әлем түкпіріндегі кейбір мемлекет тұрғындарын жазықсыз қырғынға ұшыратқан қанқұйлы соғыс пен халықтың берекесі мен бірлігіне сына қаққан қылмыстық топтардың жауыздығы кесірінен қаншама балғынның өмірі қыршынынан қиылғанын күнде көрудеміз.

Осы орайда береке бастауындай бірліктің нәтижесінде бейбіт аспан астында өркениетті даму жолына түскен қазақ жеріндегі ортақ мақсат пен мүддеге сай достықта өмір сүрган барлық ел азаматтары мен олардың ұғымтал ұрпақтары тәуелсіздіктің темірқазығы татулықта екендігін қатаң қағида ретінде ұстанған мемлекттік саясаттың ұйғарымын терең түсінетіндігін бала болмас да анық байқаудамын. Бұл менің жеке пікірім болғанымен осы ойыма сыныптастарымның да қуана қосылып, бірге құптайтындығына шүбәм жоқ.  

Себебі біздің мектеп-гимназияның директоры Салтанат Болгановна МУСАГУЛОВА жетекшілік жасайтын ұйымшыл ұстаздар ұжымында бірнеше ұлыстың өкілдері өскелең жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беру жолында қажырлы қызметтерін абыроймен адал атқарса, оқитын шәкірттердің де тілі басқа болса да тілегі ортақ. Сынып жетекшіміз Ақерке Нуровна АКЫШЕВА апай ашық тәрбие сағаттары мен түрлі тақырыптардағы сабақ барысында барша халқымыздың стратегиялық бағдарының түпкі мәні бірлік пен ынтымақтың басты құндылығымыз әрі мемлекеттік саясаттың бұлжымас бағдары болып қалатындығын қайталап айтудан жалыққан емес.

Мектебіміздегі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, осы жүрек жарды жазбамды ақ параққа түсіруге ақылы мен кеңесін аямаған жетекшім Эльвира Абраловна ПАРМАНОВАның айрықша атап айтуынша Қазақстан Республикасы дербес еліміздің біртұтастығы туралы Егемендік декларациясын (25.10.1990 ж) мақұлдап,  ұлттық мемлекеттің Тәуелсіздігі туралы конституциялық Заңды (16.12.1991 ж) қабылдаған тарихи сәттен бастап, арадағы отыз төрт жылдан бері «Береке бастауы бірлік, ел іші тату тірлік» қағидасын ұстанғанын байыптай білдім.

Бұрынғы кеңестік кезеңде қазақтың кең байтақ жеріне әртүрлі жағдайлармен келіп қоныстану арқылы сыйластықпен бейбіт ғұмыр кешкен жүзден астам этнос өкілдерінің ынтымағы мен достығын одан әрі бекемдеу арқылы тәуелсіздіктің тұғырын қалыптастыру қажеттілігі күн тәртібінде тұрған ең басты биік мақсат пен жауапты міндет болатын. «Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп», – адамзаттың алыбы атанған данышпан хәкім Абай Құнанбаевтың келер ұрпаққа аманаттаған ұлағатты өсиетін бұлжытпай орындаудың нәтижесінде елімізде ұлтаралық қарым-қатынас жаңа сатыға көтерілгені хақ.  

1995 жылғы наурыз айының 1-і күні Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мемлекеттік ұлттық саясатты әзірлеуге және іске асыруға ықпал ететін Мемлекет басшысының жанындағы консультативті-кеңесші орган ретінде құқықтық мәртебені иеленді. «Ассамблеяның мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз ету болып табылады», – деп нақты жазылған ресми құжатта.

Барша отандастарымыз әрбір жыл сайынғы мамыр айының бірі күнін – Қазақстан халқының бірлігі күнін атап өтуде. Бұл жалпы халықтық мереке 1995 жылғы қазан айының 18-інде белгіленіп, 1996 жылдан бастап мемлекеттік деңгейде кеңінен тойланып келеді. Бұл мемлекеттік мәртебедегі мерекенің пайда болуына қоғам құбылнамасындағы түрлі өзгерістердің себеп болғаны даусыз. Еліміздегі ұлт пен ұлыстардың бірлігі мен олардың мызғымас ынтымағын айғақтайтын бұл мереке өскелең ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу арқылы жүзі басқа болғанымен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір барша қазақстандықтардың халықтық салт-дәстүр мен мәдениетке құрметпен қараудың басым бағытына айнала бастады.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы ТОҚАЕВ Қазақстан халқы Ассамблеяның биылғы (25. 04. 2024 ж)  «Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу» аталатын сессиясында: Тарих тоғыстырған тағдырымыз – бір, сеніммен қадам басатын келешегіміз – бір. Біз біртұтас ұлт ретінде әрдайым бабалар аманатына адал боламыз. Қасиетті қара шаңырағымыз – Қазақстанның жарқын болашағын бірге жасаймыз. Біздің мақсатымыз – айқын, бұл – Әділетті Қазақстанды құру. Мен қазақ тілі уақыт өте келе этносаралық қатынас тіліне айналатынына сенімдімін. Біз біртіндеп осыған келе жатырмыз. Мемлекет олардың түрлі жетістіктеріне, соның ішінде саяси сипаттағы табыстарына да назар аударады және оларды барынша қолдайды. Бүгін осындай бірқатар азаматқа марапат тапсырылады, – деді.

Тобықтай түйін ретінде төмендегі жыр шумақтарымен қорытындылағым келеді.
Бірлігіміз жарасқан, 
Достығымыз әрі асқан,
Осындай елде тұрамын,
Сары алтын күн,көк аспан!
Доспыз, қара, сарымыз,
Күліп, ойнап бәріміз.
Достығымыз мәңгі боп,
Жарассын ән, сәніміз!

Інжу БАЯХМЕТ,
№44 мектеп-гимназияның 4 в сынып оқушысы,
жетекшісі: Эльвира Абраловна ПАРМАНОВА,
қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Алматы қаласы, Түркісіб ауданы

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий