Су тасқынынан кейін тұрғындарға арналған ұсынымдар

Бүгінгі таңда көптеген қазақстандықтар су тасқыны салдарынан ауыр жағдайға тап болды және қазіргі уақытта әдеттегі өмір салтына қайта оралу басты мәселе болып отыр. Сақталған үйлер мен материалдық құндылықтарды / заттарды қалай өңдеу керектігі туралы ҚДСҰО аса қауіпті инфекциялардың алдын алу және зертханаларды дамыту бөлімінің басшысы Альберт Асқаров айтып берді.

Су тасқынынан кейін дезинфекцияланбаған үйде болу қауіпті ме? Еденде, қабырғаларда, жиһаздарда және басқа да заттарда ылғал мен бактериялардың болуынан қандай аурулар туындауы мүмкін?

Егер үйдің бөлмелеріне тазарту, құрғату және дезинфекциялау жүргізілмесе, онда мұндай жерде тұратын адамдарға әртүрлі ішек инфекцияларының (іш сүзегі, сальмонеллез, дизентерия және басқа да жіті ішек инфекцияларының) қоздырғыштары ауру жұқтыру мүмкіндігін жоққа шығара алмаймыз. Сонымен қатар, су басқаннан кейін үйді ылғал тартып, саңырауқұлақтар мен зең пайда болады, бұлар әртүрлі аллергиялық реакцияларды, тіпті бронх демікпесін де тудыруы мүмкін.

Адамдар үшін қауіпсіз және бактериялар үшін тиімді қандай ерітіндімен санитарлық өңдеу жұмысын жүргізуге болады? Оны өз бетінше дайындауға бола ма? Су мен лайды қоса алғанда, үйге алғашқы өңдеуді қалай дұрыс жүргізу керек?

Үйдің бөлмелерін (едендерді, қабырғаларды, төбелерді, жиһаздарды) ластанудан, зеңнен және саңырауқұлақтардан тазартқаннан кейін бактерияға қарсы (грибоктарға қарсы) кең спектрлі препараттармен дезинфекциялау (өңдеу) жүргізу қажет, олар Қазақстан нарығында жеткілікті мөлшерде болады және оларды қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес жүргізу керек, оларды дұрыс қолданған кезде адамдар мен жануарлар үшін қауіпсіз болып табылады. Бұдан әрі бөлмелерді мынадай препараттармен өз бетінше құрғату керек: мыс купоросы ерітіндісі, 60% сутегі асқын тотығы, натрий гипохлориті немесе хлорлы әк ерітіндісі.

Ойыншықтарды, ыдыстарды, төсек-орындарды, киімдерді дезинфекциялауға келетін болсақ, дезинфекциялық препаратты қолдану жөніндегі нұсқаулықта көрсетілген уақытқа оларды дезинфекциялық препараттың ерітіндісіне толығымен батырып салу керек. Осыдан кейін оларды мұқият жуып немесе шайып, кептіру қажет, дұрысы күн көзіне кептірген жақсы.

Тұрғындар су басқан үйдің қабырғалары мен едендерін кептіруге тырысып, бірден жылуды қосқаны дұрыс па?

Иә. Үйді жылытып, үнемі желдетіп отырған кезде үйдің бөлмелері тезірек кебетін болады. 

Сұрақ қойылған адамдардың көбі үйдің қабырғаларын, едендерді, жиһаздар мен ыдыстарды жуып-тазалау үшін – «Белизнаны» пайдаланады екен. Айтыңызшы, бұл қаншалықты дұрыс шешім?

«Белизна» – бұл натрий гипохлориті қосылған сұйық ағартқыш, онда натрий гипохлориті кемінде 5% болады. Ол қолдану жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес су басқан үйдің бөлмелері мен керек-жарақтарын сүртіп-тазалау (дезинфекциялау) үшін де қолданылуы мүмкін.

Су тасқынынан кейін дымқыл матрастар мен басқа да заттарды қолдануға бола ма? Оларды қалай өңдеуге болады және оны қайда жасауға болады?

Егер матрастар мен жастықтар тасқын суда қалған болса, дұрысы, олардан құтылу (тастау) керек, өйткені тасқын су құрамында көптеген патогенді микроорганизмдер болуы ықтимал кәріз ағындарынан (ауладағы дәретханалардың, шұңқырлардың, көң қоймаларының және т.б. ішіндегілерінен) ластануы мүмкін, сондай-ақ үй жағдайында құтылу мүмкін емес әртүрлі химиялық заттардан да ластануы мүмкін. Төсек жабдықтары, ыдыс-аяқ, ойыншықтар және басқа да заттарға келетін болсақ, оларды жоғарыда айтылғандай дезинфекциялау керек. 

Инфекциялар денсаулыққа үлкен қауіп төндіреді және тамақ, су және бүлінген заттармен жанасу арқылы жұғуы мүмкін. Су тасқынынан кейін санитарлық шараларды сақтау қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін және денсаулықты инфекциялар мен басқа аурулардан қорғау үшін өте маңызды.

Қол гигиенасы туралы, заттар мен сумен жабдықтау көздерін тазарту және зарарсыздандыру жөнінде ұмытпаңыз. Бұл қарапайым іс-әрекеттер сізге жағымсыз салдардан аулақ болуға және денсаулықты сақтауға көмектеседі.

Денсаулығыңызды сақтаңыз!

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий