ТІЛ ТАРИХЫ МЕН ЖАЗУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да түркітанушы, филология ғылымының докторы, профессор Алтай Аманжоловтың 90 жылдығына арналған «Аманжолов оқулары – 2024» I халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция басталды.
Ғылыми іс-шара көне қолжазбалар мен кітаптарды сақтап, зерттеумен қатар, түркология ғылымын дамытудың өзекті мәселелеріне және профессор Алтай Аманжоловтың ғылыми еңбектерін талдауға арналды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев: «ҚазҰУ-дың 90 жылдығын мерекелеу аясында білім ордасының көрнекті ғалымдарына ерекше құрмет көрсетілуде. Профессор Алтай Аманжоловтың 90 жылдығын атап өту түркітану саласындағы маңызды оқиға. Алтай Сәрсенұлының ғылыми-зерттеу жұмысы тіл тарихы мен жазу мәселелерінің кең ауқымын қамтиды. Әлемдік деңгейдегі қайраткер ғалым түркі тілдерінің тарихи грамматикасы, көне түркі жазуының тарихын зерттеу саласындағы бірегей маман», – деп атап өтті.
Пленарлық жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры, филология ғылымының докторы, профессор Нұрсұлу Шаймерденова, профессор, педагогика ғылымының докторы, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі Фаузия Оразбаева, ҚазҰУ-дың Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының профессоры Элеонора Сүлейменова, ҚазҰУ Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институтының бас ғылыми қызметкері Николай Егоров (Ресей Федерациясы, Чуваш Республикасы, Чебоксары), тарих және философия ғылымдарының докторы, Шыршық мемлекеттік педагогикалық университетінің профессоры Насриддин Назаров (Өзбекстан, Ташкент) және басқалар да баяндама жасап, сөз сөйледі.
Конференция бағдарламасына Әзірбайжан, Франция, Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Түркия елдерінен 100-ге жуық қатысушы тіркеліп, олар екі күн бойы «Профессор А.С.Аманжолов еңбектерінің зерттеу және білім беру парадигмасындағы маңызы», «Университеттану, ғалымдар мен педагогтердің ғылыми мұрасы», «Кітапханатану: дәстүрлі және сандық форматтағы кітаптар», «Жазба тарихы: түркі руналарынан – заманауи коммуникацияға дейін», «Түркі-славян тілдері мен мәдениеттерінің өзара байланысы» сынды бағыттарда онлайн және офлайн форматта жұмыс істейтін болады.
Іс-шара нәтижесінде түркітілдік мұраны нығайту стратегиялары әзірленеді, ҚазҰУ сайтында қолжетімді болатын тиісті салаларда жаңа білім мен зерттеулерді тарату мақсатында жиынға қатысушылар баяндамаларының жинағы жарияланады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Загрузка...