МӘРТӨК АУДАНЫНЫҢ ОҚУШЫСЫ СУ ТАСҚЫНЫНЫҢ АЛДЫН АЛАТЫН ҚҰРЫЛҒЫ ОЙЛАП ТАПТЫ
Ақтөбе облысы, Мәртөк ауданы №4 Мәртөк орта мектебінің 11-сынып оқушысы Жансая Аккулова су тасқынының алдын алатын құрылғы ойлап тапты.

Алғашында Жансая «Елді мекендердегі су тасқынының алдын алу» тақырыбында зерттеу жұмысын жүргізді. Елімізде орын алған төтенше жағдай жас зерттеушінің су тасқынының алдын алу үшін дабыл қағатын дыбыстық құрылғыны құрастыруға себеп болды.
Жансаяның бұл идеясын жүзеге асыруға ұстаздары Гүлсім Бекбатырова мен Арнұр Хупыр көмектесті.
Су тасқынының алдын алу үшін дабыл қағатын дыбыстық құрылғыны өзен жағалауына орналастырдым. Жағалауда орналасқан құрылғы өзен суларының деңгейі көтерілген кезде дабыл қағады. Бұл дабыл беретін шамды биік үйлердің төбесіне орнату керек. Өзен суларының деңгейі көтерілгенде дабыл қағылып, қала тұрғындарына хабарлама жасайды, – дейді оқушы.

Хабарлама арқылы адамдар эвакуацияға дайындалады. Бұл құрылғы Arduino UNO микроконтроллермен жасалады. Оған DF player mini mp3 модулі қосылады. Модулдің ішіне микрофлешка орнатылып, оған хабарлайтын аудиофайл жазылады. Ал микроконтроллерге ылғалдылық датчигі орнатылады, ол су деңгейі көтерілгенде Arduino-ға дабыл береді.
Оқушының үлкен арманы бар, жобасы арқылы өз еліне үлесін тигізіп, әлемге танылғысы келеді.
Загрузка...