Ақмола облысында «WORLDSKILLS AQMOLA– 2024» өңірлік жұмысшы кәсіптер чемпионатының жеңімпаздары марапатталды
17 мамыр күні Ақан сері атындағы Жоғары мәдениет колледжінде «WORLDSKILLS AQMOLA–2024» чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін марапаттады. Үздіктердің үздігі 97 қатысушы медальдар мен ақшалай сертификаттарға ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, 10-19 сәуір аралығында облыста «WORLDSKILLS AQMOLA– 2024» аймақтық кәсіби шеберлік байқауы өтті.
Конкурс жұмысшы кәсіптерінің беделін арттыруға, экономиканың өндірістік секторына жас кадрларды тартуға және халықаралық талаптарды ескере отырып, кәсіптік білім берудің біліктілік стандарттарын жетілдіруге ықпал етеді.
Байқаудың ұйымдастырушысы Ақмола облысының білім басқармасы болып табылады.
Өңірлік кәсіби шеберлік чемпионатында 11 колледж алаңында 63 құзыреттілік бойынша 16 жастан 22 жасқа дейінгі 400-ден астам қатысушы бақ сынасты.
Жыл сайын чемпионат бағдарламасына «Құрылыс және құрылыс технологиялары», «Ақпараттық және коммуникациялық технологиялар», «Өндірістік және инженерлік технологиялар», «Өнер және дизайн», «Әлеуметтік және дербес қызметтер», «Көлік және логистика», «Білім», «AgroSkills», «AbilimpiksSkills» сияқты бағыттар кіреді.
«Чемпионатта «Мобильді робототехника» құзыреттілігі бойынша өнер көрсетіп, бірінші орынды иелендім. Мұндай жарыстар студенттерге өз шеберліктері мен дағдыларын көрсетуге үлкен мүмкіндік береді», – деп бөлісті чемпионат жеңімпаздарының бірі жоғары техникалық колледж студенті Әділет Қожахмет.
Биыл алғаш рет студенттер «Цифрлық модельдеу», «Зоотехния» және «House-master» құзыреттерінде өз күштерін сынап көрді.
«Ветеринария», «Зоотехния», «Құтқару жұмыстары» және «Хореография» құзыреттіліктері бойынша өңірлік чемпионат басқа облыстардан қатысушыларды шақырумен өтті.
Чемпионаттың жабылуында өңірдегі колледждердің 38 әлеуметтік серіктестеріне алғыс хаттар табысталды. Олардың ішінде “Ақай” ательесінің басшылары Ғалия Алдабергенова және «Шеф Натали» ЖК Наталья Михайленко бар.
Құзыреті бойынша бірінші орын алған байқауға қатысушылар «WorldSkills Kazakhstan-2024» Ұлттық чемпионатына одан әрі қатысу үшін Ақмола облысы құрамасының құрамына кіреді.
Загрузка...



