«KITAP SHAKHARY-2024» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ СЕМИНАРЫНДА КІТАПХАНА САЛАСЫНЫҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
23-24 мамыр ҚР ОАМ республикалық ғылыми-практикалық кітапханасының ұйымдастыруымен колледж кітапханашыларына арналған «Kitap Shakhary-2024» республикалық семинары өтті.
Іс – шара Көкшетау қаласындағы Ж.Мусин атындағы жоғары Қазақ педагогикалық колледжінің базасында өтеді.
Семинар техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары кітапханаларының қорын толықтыру, жұмыс сапасын жақсарту, шығармашылық күш-қуатын арттыру және республикалық колледждер кітапханашыларының кәсібилігін көтеру, ақпараттық-байланыс технологияларын жетілдіру, заманауи оқырман талабына сай сапалы қызмет көрсету және ақпараттық медианы дамыту жолдарын көрсетуге бағытталған.
Республикалық семинарға министрліктің өкілдері, Қазақстандық баспалардың мамандары, РҒПК қызметкерлері, Астана, Алматы, Шымкент қалаларының облыстық білім басқармаларының мамандары және колледж кітапханашылары қатысты.
Семинарға қатысушылар техникалық және кәсіптік білім ұйымдары кітапханаларының өзекті мәселелерін, кітапхананың рөлі мен орнын, қазіргі жағдайы мен болашағын талқылады.
Семинар бағдарламасында пленарлық отырыс, Қазақстан баспалары өнімдерінің көрмелерін ұйымдастыру, басылымдар кітаптарының таныстырылымы, колледж кітапханаларының кітап қорын көркем әдебиеттермен және мамандықтарға байланысты оқу әдебиеттерімен толықтыру жөнінде секциялық алаң жұмыстары, колледж кітапханаларын заманауи техникамен жабдықтау және цифрландыру туралы шебер-сыныптар өткізілді, өзара тәжірибе алмасу жүзеге асты.
«Колледж кітапханаларын заманауи дамыту үшін білім басқармалары мен колледж басшыларының қолдауы, білім беру ұйымының оқу-тәрбие процесіндегі кітапхананың рөлін бағалауы қажет», – дейді ұйымдастырушылар.
Республикалық колледж кітапханашыларына арналған семинардың нәтижесі кітапханашыларды дамыту, кітапхананы автоматтандыру мәселелерінде кездесетін проблемалардың түйінін анықтауда оңтайлы шешімдер қабылдауға жол ашпақ.
Загрузка...


