«Педагогикалық идеялар панорамасы» байқауына қатысуға 100-ден астам өтінім қабылданды

Биыл сәуірде «Педагогикалық идеялар панорамасы-2024» республикалық байқауының облыстық кезеңі басталды. Еліміздің барлық өңірлерінен байқауға қатысу үшін 167 өтініш келіп түскен.

Келіп түскен өтініштер арасында Шымкент пен Алматы қалаларының, Түркістан және Павлодар облыстарының педагогтері үлкен қызығушылық танытуда. Олардың ішінде пән мұғалімдері, бастауыш сынып пен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері бар. Өтініштер көбінесе бейне, шеберлік сабақтары және практикалық/зертханалық жұмыс түрінде жеке беріліп жатыр. Өтініш ең көп келіп түскен бағыттар – оқу сауаттылығы, ерте сауаттылық пен жаратылыстану-ғылыми сауаттылық. Мектепке дейінгі, орта, қосымша, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған «Педагогикалық идеялар панорамасы» республикалық байқауы 2018 жылдан бері өткізіліп келеді.

Байқаудың мақсаты – еліміздің виртуалды білім беру кеңістігіндегі авторлық құқықпен қорғалған бейнересурстар банкін толықтыру, заманауи педагогикалық тәжірибе мен мұғалімдер арасындағы өзара әрекеттестіктің озық тәжірибелерін тарату және насихаттау.

Конкурстың бағыттары: ерте сауаттылық (мектепке дейінгі тәрбие және оқыту), оқу сауаттылығы, математикалық сауаттылық, жаратылыстану-ғылыми сауаттылық, цифрлық сауаттылық, медиа-ақпараттық сауаттылық, қаржылық сауаттылық, экологиялық сауаттылық, денсаулық сақтау сауаттылығы (медициналық сауаттылық), әлеуметтік-эмоционалды сауаттылық, мәдениетаралық сауаттылық және азаматтық-құқықтық сауаттылық.

Өңірлік және республикалық кезеңдердің барлық қатысушылары және жеңімпаздары сертификаттармен, 1, 2, 3-дәрежелі дипломдармен марапатталады. YouTube-те ең көп қаралған бейнематериал үшін әр бағыт бойынша ынталандыру сертификаты қарастырылған. Конкурстың барлық марапаттау құжаттары ҚР Оқу-ағарту министрінің 2024 жылғы сәуірдің 2-сіндегі №72 бұйрығына сәйкес біліктілік санатын беруге немесе растауға аттестациялау барысында ескеріледі. Конкурстың ережесімен танысып, өңірлік кезеңге қатысу үшін өтінімді қазанның 15-іне дейін https://ppi.orleu-edu.kz сайтында беруге болады.

«Өрлеу» Біліктілікті арттыру ұлттық орталығының баспасөз қызметі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий