Эссе мен шығарманы шатастырып алған жоқсыз ба?..

Қазaқстан әлемдік қауымдастықтың ортасынан лайықты өз орнын тауып, дамыған елдердің көшбасшыларының біpегейіне айналуы үшін дарынды, білімді ұрпақ тәрбиелеуіміз керек екені әмбеге аян. Адами құндылықты дамыту арқылы әлем елдері ғылым мен білімге аса көңіл бөліп, білімді де білікті маман даярлау ісіне зор мән беруде. Бұл мәселе – өте өзекті мәселе.

Қазіргі таңдағы еліміздегі білім беру жүйесінің ең басты міндеті – білім берудің ұлттық моделіне өту арқылы жас ұрпақтың білім деңгейін халықаралық дәрежеге жеткізу. Оқытушылар алдында оқыту мен тәрбиелеудің жаңа технологияларын қолдана отырып, жеке тұлғаның дамуына жағдай туғызу қажеттілігі өте өзекті болып отыр. Жаңа технология әрбір оқытушыдан жаңа ізденісті, шығармашылықпен ойлауды талап етеді.

Білім алушының ой-өрісін дамытатын интеллектуалды жұмыс түрлерін жіктеп саралау, пәнге деген қызығушылығын арттыру, жаңа кезең технологиясын зерделей отырып, өз жұмысына тиімді қолдану, тақырып бойынша педагогикалық тәжірибеге сараптама жасау және оны меңгерумен қатар, оқушылардың оқу белсендігін арттыру жолдарын қарастыру секілді жұмыстар оқытушының басты назарында ұстауын талап етеді.

Соның бірі – білімалушыға қажетті ақпаратты меңгерте отырып, оның шығармашылық және сыни көзқарасын қалыптастыру мәселесі.  Оқушы тұлға ретінде қалыптасуы үшін оның кез келген мәселеге деген сыни көзқарасы болуы қажет, әрі өз көзқарасын еркін жеткізе алу машығын да меңгеруі өзекті. Оқытушы ретінде алдыма қойған мақсатым: «Қазақ тілі мен әдебиет сабақтарында студенттердің сыни көзқарастарын, шығармашылық қабілеттерін дамыта отырып, жазу мәдениетін қалыптастыру» болатын.

Көңілдегі көркем ойды қағаз бетіне сол қалпында түсіру кез келген адамның қолынан келе бермейді. Ол – шығармашылықты талап ететін қиын жұмыс. Сол мақсатыма жетудің бірден бір жолы Блум таксономиясын меңгергеннен кейін белсенді жүрді деп айтуға болады. Оқыту барысын Блум таксономиясы бойынша ұйымдастыру оқушылардың дайын ақпаратты қабылдауынан гөрі, ондағы қойылған мәселені зерттеуіне, талдауына және салыстыруына, ой толғауына және бағалауына, сын тұрғысынан саралауына қолдау ететіні белгілі.

Блум таксономиясы адамның ақыл-ой қабілеттерінің құрылымы танымдық үдерісінің ең қарапайымнан бастап күрделіге біртіндеп өту барысында белсенді әрекетке жетелейтін алты деңгейге сәйкес тапсырмаларды құруды қажет етеді. Тапсырмалар құруда оқытудың белсенді әдістердің мәні – оқушыларды кәсіби іс-әрекетті меңгеруге бағытталады[1]. Сабақ жоспарын Блум таксономиясына салып, бағдарламада белгіленген жеті модульді ықпалдастырудың арқасында оқушылардың не білетінін және нені жасай алатынын, сондай-ақ қызығушылықтарын түсініп, оқытудың жаңа тәсілдерін тиімді және орынды пайдаланып, оқушы бойында ішкі уәж тудырып, өз қабілеттеріне сенім арттырса, ол өз кезегінде жаңа материалды саналы түрде меңгеруіне әсер етеді.

Қазақ тілі мен әдебиеті сабақтарында Блум таксономиясының талдау, синтез (жүйелеу, жинақтау), бағалау сынды оқу мақсаттарының жоғары деңгейлерін жүзеге асыруда эссе жазу тапсырмасын көп қолданамын. Бүгінгі күні эссе жазу арқылы студенттерімнің шығармашылық қабілетін дамыту арқылы жазу мәдениетін, сыни пікірін де қалыптастырып жатырмын деп толық сеніммен айтуға болады. Қазіргі уақытта эссе публицистикалық жанр ретінде қоғамдық және әдеби өмірде кең тараған құбылыс сипатында нығайып келеді.

Сондай-ақ, мұғалімдердің әр түрлі шығармашылық байқауларында да эссе жазу тапсырылады. Ойыңды қағаз бетінде жазбаша жеткізу – шығармашылықты қажет ететін қиын жұмыс. Мұнда әрбір сөзің айқын түсінікпен сәйкес келіп, ойыңды, сезіміңді, идеяңды дәл бейнелеп беруің тиіс. Автордың өзіне тән ерекшелігіне сай тілі жатық, бейнелі әрі бай, стилі жеңіл болу керек. Яғни, бұл ерте ме, кеш пе әрбір шығармашыл болмыс назар аударатын философиялық, әдеби, тарихи – библиографиялық проза жанры.

Жалпы, эссе дегеніміз – шағын көлемді прозалық мәтін. Эссеге батыл болжамдар, өткір ұсыныстар, талас тудыратын пікірлер, ойлар, қозғау саларлық байламдар тән. Онда автордың жеке көзқарасы, өзіндік пікірі көрініс табады. Қазақ тілінің түсіндірмелі сөздігінде эссеге: «Эссе – бір нәрсенің әсерінен болатын толғаныстан туған шағын әдеби шығарма» деген анықтама берілген. Яғни эсседе көркемдік қиял емес, өзекті мәселе туралы көркем шешім табу маңызды.

Эссенің мақсаты – әр түрлі тезистер, дәлелдер келтіре отырып берілген тақырыпты ашу. Онда нақты айғақтар беріліп, мысал келтіріледі. Осы тұста шығарма мен эссені ажырата білген абзал[2]. Эссе мен шығарманың өзіндік ерекшеліктерін түсініп, бір-бірінен айқын ажырата алу – аса маңызды қажеттілік. Екеуі де жазба жұмыс болғандықтан, оларды жазуға негіз болатын авторлар мен шығармалар да ортақ. Көркем әдебиеттің мақсаты – қоғам мен адам, халық пен жеке адам арасындағы әлеуметтік, психологиялық жанды байланыстарды табиғи суреттеу.

Шығарма да, эссе де – әдеби жанр, олардың қайнар көздері ортақ, тақырыптары ұқсас болғанмен, мақсаттары, құрылысы, бағыты, тілдік қолданысы, стилі әр түрлі[3]. Эссе дегеніміз (фр. тіл. Essai –тәжірбие, лат.т. exagium – құрау) – философиялық, әдеби, тарихи, публицистикалық, әлеуметтану, саяси және тағы басқа саладағы ғылыми емес, автордың жеке көзқарасын білдіретін прозалық мәтін[2]. Эссе жазылу мақсатына қарай оған қойылатын талаптар да әр түрлі болады.

Эссе жазушы мақсатқа сәйкес эссе түрінің талаптарын сақтап отырып жазады. Шығарма – оқушының туған халқының әдебиетінен алған білімін өз ойымен, дүниетанымдық көзқарасымен еркін ұштастыра отырып баяндайтын шығармашылық төл еңбегі.  Шығарма – берілген белгілі бір тақырып бойынша жазылатын, міндетті құрылымнан тұратын, пәндік білімге бағытталған шығармашылық жұмыс. Шығармада жоспарды жазу міндетті болса, эссенің қатаң түрде жоспарға негізделуі міндетті емес.

Эссе жеке көзқарас, сараптама, дәлелдемелерге негізделсе, шығарма көбінесе көркем мәтінді талдауға негізделеді. Эссенің мақсаты – эссе жазушының өзіндік көзқарасын, сыни ойын жетілдіру, ұстанымын дәлелді бекіту үшін жан-жақты білім алып, ақпараттық қарулану, тақырыпты ашуда метатанымдық білігін тиімді қолдану, шығармашылық қабілетін шыңдау, ой жүйелілігін реттеу, жазу түрлеріне қарай жазу тәсілдерін таңдай біліп, эссе түріне қарай жазу стилін сақтау, ой жүйесінің бірізділігін сақтаудағы сөз оралымдарын тиімді қолдану, шығармашылық жазбаларда сөздік қорының байлығын дамыту, талдау жұмыстарында қажетті термин сөздерді тиімді қолдану.

Шығарманың мақсаты – жазылым тілін, логикалық ойлауды дамыту. Шығармашылық қиялды, нақты нәрсені еркін, қызықты түрде беру, әдебиетті іштей түсіне отырып, оның мәні мен тиісті орнын өз танымымен көркемдеп бере алу. Сондықтан егер эссе жазу керек болса, онда оны басқалардан ерекшелейтін, жанрлық сипатты түрлерінің ерекшеліктерін ескеруіңіз қажет.

Эссе түрлері: аргументті эссе – пікірді, көзқарасты растайтын, қолдайтын немесе жоққа шығаратын дәлелдер келтіріліп, аргументтермен түйінделіп отырады. Салыстырмалы эссе – бірнеше мәселе талқыланып, олардың арақатынасын ажыратып жазу көзделеді. Сипаттамалық эссе – детальдар арқылы жер, зат, адам бейнесіне сипаттама беріледі. Хабарламалық эссе – адам өз тәжірибесіне сүйене отырып, өз тұрғысынан, өзіндік көзқараспен оқиғаны сипаттап жазады. Бұл эссе өткен шақта немесе осы шақта жазылады.

Дискуссивті эссе – екі жақты пікірді салыстырмалы түрде талдай отырып, қорытынды шығарып жазады. Анықтамалық эссе. Нақты дәлелдер арқылы терминнің мағынасын ашу көзделеді[3]. Эссе жазу кезінде логика, ойды дәйектеу мен ақпаратты сауатты жеткізу қабілеті жақсы дамиды. Баяндау стилі көбіне сөйлеуге бағытталған.  Эссені ерекшелейтін негізгі белгілері: мәселені қамтитын және оқырманның ойлануына ықпал ететін белгілі бір қысқа тақырыптың болуы.

Субъективті авторлық ұстаным. Эссені ерекшелейтін нәрсе – онда қандай да бір мәселеге тоқталған автордың көзқарасы, оның әлемге деген қатынасы, сөйлеуі мен ойы болады. Сөйлеу стилінде жазылады. Эсседе күрделі тұжырымдар мен тым ұзақ сөйлемдер болмауы керек. Оқырманмен байланыс орнату үшін еркін стильді ұстану маңызды. Сонымен қатар эссені іші сленгке толған сапасыз мәтінге айналдырып, артық кетудің қажеті жоқ.

Мәтінге – әр түрлі интонация қолданылған қысқа, қарапайым және түсінікті сөйлемдер жақсы эмоционалдық өң береді. Мәселеге толық талдау жасау. Жеке көзқарасты нақты деректерге сүйене отырып көрсетіп, дәлел келтіру керек. Салыстырмалы түрде қысқа болғаны жөн. Қанша бет болатынына қатысты ешқандай шектеулер жоқ, бірақ эссе шағындығымен ерекшеленеді. Құрылысы еркін болады. Эссе – қандай да бір нақты шеңбердің аясында жазылмайды. Мәтіннің құрылысы мәселеге әр түрлі жағынан қарауға тырысатын автордың логикасына бағынады.

Көзқарасты жеткізу логикасы. Еркін құрылысқа қарамастан, эсседе ішкі тұтастық, пікірін білдіретін авторлық мәлімдемелердің дәйектілігі болуы керек[3]. Осылайша, эссе баяндаудың ерекше стилімен ерекшеленеді, оның мақсаты –  оқырманның ойлануына түрткі болу. Эсседе автор өзінің көзқарасына көндірмейді, ол өз ойы арқылы оқырманды ойландырып, мәселені талқылауға шақырады. Жазудың негізгі принциптері мен ұсыныстарын ұстанып жазса, эссе қызықты болады.

Мен өз тәжірибемде 1-2 курс студенттеріне шешендік сөздер мен стиль түрлері ерекшеліктерін меңгерте отырып, сөйлеу тілін, сыни және қайшылықты көзқарасын дамытуды басты мақсатқа алған қазақ тілі пәнін өткенде аргументті эссе, дискуссивті эссе түрлерін жиі қолдансам, әдебиет пәнінен көркем шығарма сюжеті арқылы туындаған проблемалық сқрақтарды салыстырмалы эссе жазғызу арқылы, детальдар арқылы кейіпкерлер бейнесіне сипаттама беруде сипаттамалық эссе түрлерін жиі қолданамын.

Жоғарыда берілген ақпараттарды оқушы санасына берік меңгертсек, алдымызда отырған оқушы өз іс-әрекетін жоспарлауға, әр қадамды оймен басуға, өз ойын жеткізуде іздену керектігіне дағдыланып қана қоймай, әр тапсырмаға шығармашылықпен қарауды үйренеді. Сондай-ақ, эссе – кез келген мәселеге сыни көзқараспен қарауға баулиды. Ал өз қадамын жоспарлап, кез келген мәселеге сыни көзқараспен қарайтын білімгердің әр істе алда болары хақ.

https://massaget.kz/; 
https://umckrg.gov.kz/files/loader/1496048292342.pdf;
https://bilimland.kz/kk/news-articles/articles/esse-zhazudyn-en-tiimdi-tasili

Меруерт Блялкызы КАБЫЛОВА,
Қарағанды «Bolashaq» жоғарғы колледжі
директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий