Шығыс Қазақстан облысының әкімі дарынды оқушылармен кездесті
Халықаралық балаларды қорғау күнінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Е. Көшербаев халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадалардың, спорттық жарыстар мен шығармашылық конкурстардың жеңімпаздарымен кездесті.
Облысымыздың оқушылары үшін бұл оқу жылы жемісті болды. Шығыстың жас дарындары халықаралық және республикалық зияткерлік олимпиадаларда 134 медаль жеңіп алды, оның ішінде 28 алтын, 39 күміс және 67 қола.
Қазақстан Республикасы Ұлттық зияткерлік құрамасының құрамында дарынды оқушылар Ресейде, Швейцарияда, Албанияда өткен халықаралық жарыстарға қатысып, күміс және қола медальдарға ие болды.
Жаратылыстану-математикалық бағыттағы оқушылардың республикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша облыс командасы «Үздік олимпиадалық команда» номинациясы бойынша республика бойынша үштікке кірді.
Ауыл мектептерінің оқушыларына арналған жалпы білім беретін пәндер бойынша оқушылардың І республикалық олимпиадасының қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының оқушылар командасы жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндер бойынша елімізде үздік деп танылып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Республикалық Абай оқуларында облыстың жас дарындар командасы Гран-при жеңіп алды.
Кездесудің барлық қатысушыларына облыс әкімінің атынан грамоталар мен ақшалай сертификаттар табыс етілді.
Загрузка...



