«Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталды
Жамбыл облысы білім басқармасының ұйымдастыруымен үздік педагогтерді «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен марапаттау рәсімі өткізілді.
Салтанатты шара басқарма басшысы Садырқұлов Рауан Нұрғалиұлының алғысөзімен бастау алды. Басқарма басшысы алдымен педагог мәртебесін арттыру бағытындағы жұмыстарға тоқталды. Рауан Нұрғалиұлы облыстың білім саласының өркендеуі үшін педагогтеріміздің қосып жатқан қомақты үлестері туралы айтып өтіп, ұстаздарға алғысын білдірді.
– Жамбыл облысы бойынша 26425 педагог қызмет атқарса, оның ішінде 48 педагог – «Үздік педагог» төсбелгісінің иегерлері. Оның 20-сы – ауыл мектебінің ұстаздары. Облыс педагогтерімен тиімді ұйымдастырылған жұмыстардың нəтижесінде халықаралық, республикалық байқауларда 2023 жылы 81 педагог жеңімпаз атанды. Әрбір мектепте шәкірттерімізге сапалы білім беріп, білімді, тәрбиесі мықты, ұлттық рухты бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелесек, мақсатымызға жететін боламыз. Сіздерге тынымсыз ізденіс, шығармашылық табыс тілеймін, – деді басқарма басшысы.
Келесі сөз кезегін алған Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Мағзымбеков Ерұлан Сәбенұлы үздік ұстаздарға жылы лебізін айтып, ерекше құрметін білдірді. Сондай-ақ, жиын барысында Жамбыл атындағы №5 мектеп-гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, Республикалық «Үздік педагог-2019» байқауының жеңімпазы, «Әлем педагогі-2020» байқауының номинанты, «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» атағының иегері Қалмаханова Айгүл Базарбайқызы мен Республикалық «Үздік педагог-2022» байқауының жеңімпазы, облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған «Дарын» лицей-интернатының математика пәнінің мұғалімі Давлетбаев Нұрлан Жексембекұлы ұстаздық жолдарындағы жинаған тәжірибелерімен бөлісіп, ұстаздардың үздіксіз дамуына мүмкіндік беріп жатқан Мемлекет басшысына, Министрлікке, осы бағытта жұмыс жүргізіп жатқан әріптестеріне алғысын білдірді.
Салтанатты шарада облыстың білім беру жүйесін дамыту мен жетілдіруге қосқан елеулі жеке үлесі және жас жеткіншектерді оқыту мен тәрбиелеудегі жетістіктері үшін «Ы.Алтынсарин» төсбелгісімен үздік 24 педагог марапатталды.
Орынгүл МАХМУД
Загрузка...