Балалар шығармашылығының әрлі әлемі

Қазақ «ел іші – өнер кеніші» деп бекер айтпаса керек. Төсінен талай талант иесін түлеткен өнерге бай өңірдің бірі – киелі Түркістан. Сол қасиетті мекенде өн бойынан талант ұшқыны байқалған әр талапты жастың қанатын қомдап, өмір аламанына даярлайтын ордалы өнер қаршаңырағы бар. Ол – Түркістан қалалық білім бөлімінің «Оқушылар сарайы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны.

Түндігі 2021 жылдың 27 қаңтарында түрілген ордалы орда бүгінде соңғы үлгідегі заманауи құрылғылармен жабдықталған 1100 балаға арналған бірегей нысанды бүгінгі санымызда тілге тиек етуді жөн санадық. Бұл мекеме аз ғана уақыт ішінде білім алушылардың сүйікті мекеніне айналып үлгерді. Өйткені, айналысатын үйірмелердің көптігіне көз сүрінеді.

Атап айтқанда, мұнда «Ғылым қалашығы», «Лингвоland», «Технопарк және IT Sana», «Спорт», «Өнер», «Шығармашылық» бөлімдерінде мектепалды даярлық, бастауыш сынып жетілдіру курсы, математика, физика, химия, биология, лого сабақ, G-park, danyshpan education, қазақ тілі, ағылшын тілі, түрік тілі, орыс тілі, работотехника Lego, суретші-аниматор, WEB дамыту, логика дамыту, мобилография, спутниктік робототехника, халық билері, гимнастика, шахмат, заманауи би, таэквандо, жекпе-жек, джиу-джитсу, шебер қолдар, ермексазбен мүсіндеу, киім моделін жобалау, зергерлік өнер, суретші, жас суретші, дефиле, мүсін және керамика, сатира өнері, дәстүрлі ән, эстрадалық вокал, домбыра, гитара, фортепиано, жайдарман, «Самғау» театры, ерте жастан музыкалық қабілетін дамыту, аялы алақан үйірмелері жұмыс істейді.

Аталған мекеме директоры Икапова Индира Сарқытқызының сөзіне сүйенсек, үйірмелерге 3 жастан бастап, жас ерекшелігі шектелмеген ересектер қатысып, қосымша біліммен сусындайды. Бұл, әрине, өз кезегінде ішкі жан қалауын қанағаттандырып, балалық арманын жүзеге асыруға ниетті талантты, өнерлі ересектер үшін де таптырмас мүмкіндік дер едік. Ал, бала жанының бағбандары білімгерлерге білім беріп қана қоймай, оларды түрлі байқауларға дайындап, жүлделі орындар алуы үшін аянбай еңбек етуде.

«Өнер әлемінің қазанында қайнап жүрген оқушылар сарайы оқушыларының қанжығалары майлы. Әр сайыстан жүлделі оралуды дәстүрге айналдырғаны қуантады. Балалардың өнерге деген құлшынысын арттыру, қолдау жолындағы тынымсыз тірлік, ерекше еңбек қана осындай әдемі жеңісті, жемісті сәттер сыйласа керек. Ендеше, өнер айдынына қанат қаққан талантты балалардың жыл бойғы жеңісті сәттерімен бөлісе отырайық.

Қазанның 18-і күні Республикалық «TURKSOY» өнер байқауында «Аспапта орындау» жанры бойынша Әшір Асылмұрат І орын; аталған Оқушылар сарайында Түркістан облысының құрылғанына 5 жыл толуына орай «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» тақырыбы аясында қазанның 31-і күні жастар арасында өткен «Жалынды жастар Түркістанда» JAIDARMAN аймақтық ойын жарысына «Жайдарман» үйірмесінің білімгерлері қатысып, II орын; Түркістан қаласында өткен «Атадан – мұра» қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған «Дарабоз» республикалық байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша Нармахан Қуаныш І орын; Тараз қаласында өткен «Атадан – мұра» қоғамдық қорының бүлдіршіндер, мектеп оқушылары мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған «Ақжелең» республикалық байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы бойынша Нармахан Қуаныш І орын, Алматы қаласында өткен додада ІІ орын; «Алтын құлын» дәстүрлі ән, жыр-терме жас орындаушылардың республикалық байқауында «Дәстүрлі ән» үйірмесінің білімгерлері Түймебай Ерасыл ІІ орын, Айдосқызы Інжу ІІІ орын; ҚР-ның «SILK WAY CREATIVE GAMES» ХV Ұлттық Дельфий ойындарының Шымкент қаласында өткен аймақтық/қалалық іріктеу кезеңінде «Дәстүрлі ән» үйірмесінің білімгерлері Түймебай Ерасыл І орынды, Айдосқызы Інжу, Аширбекова Сымбат және Шалқар Арайлым ІІІ орынды иеленді.

Бұдан өзге: Аймақтық «Жас толқын-2024» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауында эстрада жанры бойынша «Жас талант» номинациясымен «Вокал» үйірмесінің білімгері Жүнісбай Сырым; Аймақтық «Жас толқын-2024» жас эстрада әншілері мен мәдени іс-шара жүргізушілері байқауында эстрада жанры бойынша «Гитара» үйірмесінің білімгері Сайдуллаев Әділет ІІІ орынды иеленді. Сондай-ақ, Нагмат Толғанай «Көрермен көзайымы» номинациясымен марапатталды. Сондай-ақ, Алматы қаласы Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында өткен «USHQYN» халықаралық балалар мен жасөспірімдер байқауында «Дәстүрлі ән» үйірмесінің білімгерлері Түймебай Ерасыл Бас жүлде, Айдосқызы Інжу І орынды, Арыстан Томирис және Аширбекова Сымбат ІІ орынды иеленді. Түркістан қаласында өткен «TURAN ART FEST» фестивалінде «Домбыра» үйірмесінің білімгері Нармахан Қуаныш Гран-при, Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен «Tashkent Music Fest» фестивалінде «Дәстүрлі ән» үйірмесінің білімгері Түймебай Ерасыл жүлделі бірінші, халықаралық «GRAND STAR ASIA» атты байқауда «аспапта өнер көрсету» аталымы бойынша «Гитара» үйірмесінің білімгері Әкімхан Сүлейман Бас жүлде, Түркістан қаласындағы халықаралық «NURLY FEST» көпжанрлы өнер байқауында «Аспапта ойнау» номинациясы «Фортепиано» үйірмесі бойынша Уалиев Розахмет 1-орын, Арыс қаласында Халықаралық балаларды қорғау күніне орай өткізілген облыстық «Балдаурен-2024» балаларға арналған ән байқауында жоғары деңгейде өнер көрсеткені үшін «Вокал» үйірмесінің білімгері Елдос Бақдәулет І орын, «Web дамыту» үйірмесінің жетекшісі Ниязбекова Ақнұр «Старт в науке» атты Ресей елінде өткен ХХІ Халықаралық ғылыми-зерттеу және шығармашылық жұмыстары байқауынан Амантай Бақдаулет, Тұрсынбай Арнұр 3-орын иеленіп, Жания Русланқызы Дипломмен марапатталды. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министірлігі Республикалық қосымша білім беру оқу-әдістемелік орталығының ұйымдастыруымен Ғарышкерлер күніне арналған «Балалар және ғарыш» республикалық байқауының «Ғарыш – балалардың көзімен» онлайын байқаудан «Суретші-аниматор» үйірмесінің жетекшісі Абенов Нұрбол Дипломмен марапатталды және 4 оқушы үздік орындар иеленді. Шымкент қаласында өткен Халықаралық «I love dance» би байқауына «Гимнастика» үйірмесінің қыздары Гран-при және жүлделі орындармен марапатталды. Ал, қазақ тілі үйірмесі бойынша Бақытқызы Кәусар ЮНЕСКО клубы ТМД елдері арасында ұйымдастырылған «Родной язык – душа народа» фестивалінде «Певец родного края» номинациясында жүлделі 1-орын, Аймерей Мырзахмет ұлттық валютамыз теңгенің 30 жылдығына орай «Тұғыры биік төл теңге» республикалық байқауында «Эссе жазу» аталымы бойынша 1-орын, «Ескерткіш – ел мұрасы» республикалық байқауында Нұрлан Еркежан I дәрежелі Диплом, Бақытқызы Кәусар 2-орын еншіледі.

Талантты оқушылар бақ сынаған сайыстар легі мұнымен толастамайды. «Халықаралық білім академиясы» ұйымдастырған Республикалық «Қысқы пейзаж» атты балалар байқауына сурет бағыты бойынша Нұркен Әлімгер, Чингизова Айкөл қатысып, бірінші дәрежелі орындарды, көркем сөз бағыты бойынша Күзембай Ердан, Үсенбек Балауса бірінші дәрежелі орындарды иеленді.

«Оқушылар сарайы» бірнеше жоғары оқу орындарымен, атап айтқанда, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетімен, Халықаралық меймандостық және туризм университетімен, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетімен, сондай-ақ, Тұран-Астана университетімен өзара ынтымақтастық меморандумын түзіп, осы университеттермен бірлесіп, бесінші республикалық «Жас талант» конкурсын ұйымдастыруда. Бұл конкурс ең алғаш 2021 жылы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінен бөлінген 2 гранттық орындар бойынша өткізілген. Бүгінгі таңда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті 7 грант, сонымен қатар, 75 пайыздық 7 жеңілдік, 50 пайыздық 7 жеңілдік бөлсе, ал Қ.А. Ясауи атындағы ХҚТУ 2 грант бөліп отыр. Барлығы 9 грант қамтылмақ.

Оқушылар сарайы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетімен өзара ынтымақтастық аясында БҰҰ-ның ЮНИСЕФ балалар қоры «UniSat» наноспутниктерін әзірлеу бойынша қыздарға арналған білім беру жобасына қатысты. «Оқушылар сарайында» наноспутниктерді құрастыру және ұшыру бойынша орталық хаб орнатылып, «Нанотехнология және Радиотехнология» үйірмелері ашылды.

Тігін шеберханасының «Киім моделін жобалау» үйірмесінде ересектерге арналған «Ісмер ана» жобасы да өз бастауын алды. Бұл жоба балаларын сабаққа алып келген аналардың бос уақытын тиімді пайдалануға және әйелдердің мәртебесін көтеруге бағытталған. Үй шаруасында отырған көпбалалы, әлеуметтік жағдайы төмен және мамандық игере алмаған аналар тігін, қолөнер секілді курстарға қатысып, оны тәмамдағандығы жөнінде сертификат ала отырып, кәсіптерін бастай алады. Сондай-ақ, «Qumyra» атты сазбалшықтан құмыра жасау шеберлік сыныбы ұйымдастырылып жүргізілуде. Оған қала тұрғындары, қонақтары өз өтініштерімен келіп құмыра жасап, суретке түсіп, сұраныстарын арттырып жатыр.

Оқушылар сарайының қызу қызметі мұнымен тоқтамайды. Әр кезеңнің өзіне тән ерекшелігі бар. Мәселен, қазір нағыз жазғы лагерьлердің қызған шағы. Соған орай, 6 және 12 жастағы балалар үшін жазғы тегін үйірмелік лагері маусымның 10-ынан бастап ұйымдастырылуда. Бұл жазғы лагерь аясында балалар Оқушылар сарайындағы үйірмелерге тегін қатысуда. Лагерь барысында балалар таңғы жаттығу жасап, эстафеталық ойындар ойнатылуда. Лагерьде 60 үйірме қамтылған, сонымен қатар, Moviе time, алаңда сурет салу кешкі уақытта ашық аспан астында қала тұрғындары отандық кино және мультфильм тамашалау мүмкіндігіне ие.

Иә, киелі Түркістаннан орын тепкен оқушылар сарайының бүгінгі қарқынды қызметі осындай. Бала жанының бағбаны болып, бойдағы бар қасиетін аша білу де үлкен өнер. Бұл тұрғыда, аталған орданың атқарып жатқан қызметі мен қосқан үлесі шексіз. Әр талантты баланың жұлдызы жарқырай берсін!

Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий