Қазақ қаламгерлерінің тың туындылары сұранысқа ие
Бүгінде елімізде қазақ авторларының туындылары белсенді жарық көруде. Біздің қаламгерлер бүгінде түрлі аудармаларға, ғылыми-танымдық, тарихи, мәдени, өнертабыс туындылары тақырыптарына кеңінен қалам тербеп жүр.
Түрлі тың шығармаларды жарыққа шығаратын сапалы баспаханалар да жетерлік. Соның бірі – «Көкжиек-Горизонт» баспа үйі. Бұл баспа үйі – Study Inn Білім беру компаниясының бөлігі болып табылатын толық циклді баспа. Тарихы сонау 2009 жылы тіл мектебінің оқушыларына арналған шағын кітап дүкенінен басталған болатын. 2011 жылы Study Inn компаниясы шетелдік оқу әдебиеттерін қазақстандық білім беру стандарттарына бейімдеумен айналыса бастады. Бейімделу процесі үшін әдістемелік кабинет құрылды. Ал, 2014 жылы бұл жобалар қазақ, орыс, ағылшын және неміс тілдерінде оқу әдебиеттерін әзірлеумен және шығарумен айналысатын «Көкжиек-Горизонт» атты оқу әдебиеті баспасының құрылуына әкелді. Сол уақыттан бері бұл баспаханадан шыққан небір кітаптар оқырман қолына тартымды мұқабамен, сапалы мазмұнмен тиіп, қуаныш сыйлауда.
Бүгінгі санымызда біз өз басылымымыз арқылы аталған баспаханадан шығатын бірқатар тың туындылар легіне шолу жасамақпыз. Сіз де таныс болыңыз, құрметті оқырман!
Қожа Ахмет Ясауидің «Диуани Хикметіне» ХІІ ғасырда өмір сүрген Ахмет Ясауидің таңдаулы хикметтері енгізілді. Даналық сөздердің аудармасы ментранслитерациясы Қазанда 1904 жылы жарық көрген литография негізінде дайындалды. Кітап мектеп оқушыларына, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне, сондай-ақ әдеби мұраны қастерлейтін қалың оқырман қауымға арналған.
Кітапқа орта ғасырда өмір сүрген Ахмет Жүйнекидің «Ақиқат сыйы» атты еңбегінің аудармасы мен транслитерациясы қоса беріліп отыр. Көне жәдігер Ыстамбұлдағы Топкапы қолжазбасы бойынша дайындалды. Кітап мектеп оқушыларына, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттеріне, сондай-ақ әдеби мұраны қастерлейтін қалың оқырман қауымға арналған.
Дандай Ысқақұлының «Абай тағылымы» атты туындысында қазақтың ұлы ақыны, данагөйі Абай Құнанбайұлының шығармашылығына бүгінгі күн биігінен көз жіберіліп, оның өміршеңдік өркендеріне назар аударылады. Ақынның өлеңдерін оқи отырып, көркемдігі кемел өлең жолдарынан бұрқ-сарқ қайнап жатқан өмірдің терең ағыстарын сезініп, терең ойларға шомасыз.
Ахмет Байтұрсынұлының «Маса» жинағына ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» кітаптарында жарық көрген өлеңдері мен аудармалары және құрастырып шығарған «Ер Сайын» жыры топтастырылды.
Ахмет Байтұрсынұлы бұл жинаққа ұлт ұстазы, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ақын, аудармашы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынұлының «Қырық мысал» кітаптарында жарық көрген өлеңдері мен аудармалары және құрастырып шығарған «Ер Сайын» жыры топтастырылды.
Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Асыл сөз» жинағына қазақтың көрнекті ақыны С.Торайғыровтың бүгінгі жас ұрпақ та үлгі-өнеге тұтып, болашақта ел-жұртының есті азаматы болып қалыптасуына әсер-ықпалы мол өлең-жырлары мен танымдық-тағылымдық қырларымен елең еткізетін поэма, роман, мақала, очеркі енгізілген.
Мағзұм Тиесовтың «Ананың асыл арманы» атты туныдысы да бар. Белгілі қаламгер, публицист Мағзұм Тиесов – қазақ әдебиетінің дамуына сүбелі үлес қосқан жазушы. Оның қаламынан туған шығармалар жоғары бағаланып, қазір де өз құнын жоғалтпай, кішкене бүлдіршіндеріміздің игілігіне айналып отыр. Жазушының бұл кітабына өз ғұмырында қаламын тербеткен таңдаулы шығармалары еніп отыр. Тілі тартымды, ойы ашық.
Екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, қазақтың батыр ұлы, көрнекті жазушы Бауыржан Момышұлының соғыс тақырыбына жазылған «Адам қайраты» атты әңгімелер жинағында қанды соғыстың қатыгез бейнесі шынайы бейнеленген. «Адам қайраты» туындысында соғыс кезінде табандылық пен қайсарлықтың үлгісін көрсеткен қарапайым қазақ солдаты Әкімгерейдің өмірі суреттеледі. Қаламгердің өмір шындығын негіз еткен шығармаларының оқиғасы нанымды, тілі тартымды.
Көрнекті жазушы, ғалым Тұрсынбек Кәкішұлының «Сәкен аялаған арулар» жинағында Сәкен Сейфуллиннің серілік хикаялары, көңіл сырлары және адами болмысы ашыла түседі. Махаббат сезімі аясында жалғыз жігітшілігі ғана суреттелмей, бүгінгі жастар ғибрат аларлық өнеге істері өріледі. Саналыға сезім арқылы жетер үлгі-өнеге аз емес.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, журналист, кино-драматург Талап Сұлтанбековтің «Ғажайып планета» атты фантастикалық әңгімесі жасөспірімдерді қиял әлеміне, асқақ арманға жетелейді. Оқырманын ғылымның сырына үңілуге шақырады, адам миы арқылы оның құдірет-күшін танып-білуге, тіпті оны бағындыруға да болатынын айғақтайды.
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы, журналист, кинодраматург Талап Сұлтанбеков адамның ой-қиялын жетілдіретін шығармаларымен белгілі. «Сасырдың сүті» атты әңгімесінің кейіпкерлері нанымды, шындыққа жанасымды. Кітап барша оқырман қауымға арналған.
Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, қазақ жыр әлеміне өзіндік соқпақ салған Жұмекен Нәжімеденовтің «Менің топырағым» атты жинағына пәлсапалық ой мен терең толғанысқа толы, терең де мазмұнды, өрнекті де ойшыл жырлары енгізілді. Ақын өзінің лирикалық кейіпкерін далалық болмыс, ауылдық бейбіт көріністерінен, көшпенділер тіршілігін сипаттайтын табиғат ерекшеліктерімен астастыра суреттейді.
«Аққулар қонған айдын көл» атты нәзік сырлы лирикалық әндерін көпшілік сүйсіне тыңдайтын белгілі композитор, жазушы, өнер зерттеушісі И.Жақановтың бұрынғы-соңғы өткен, бүгінгі күнгі өнер адамдары жайлы жазған хикаят, әңгіме, эсселерін оқырмандар тұшына оқып, жылықабылдап жүр. Автордың қазақтың музыка саңлақтары жөніндегі «Аққулар қонған айдын көл» жинағы толықтырылып, баспаға ұсынылып отыр.
Ал, қазақтың біртуар ақыны Төлеген Айбергеновтің өлеңдер жинағына жыр жұлдызының көзі тірісінде жарық көрген «Арман сапары», «Өмірге саяхат» жыр жинақтарындағы өлеңдері мен өмірден өткен соң оқырманға жол тартқан «Құмдағы мұнаралар» және басқа да жинақтарындағы таңдаулы туындылары топтастырылып отыр.
Көрнекті жазушы Жақсылық Сәмитұлының «Қаһарлы Алтай» трилогиясына («Бозмұнар», «Жылым», «Ақ сүңгі») XX ғасырдың 40-жылдарындағы Алтайдағы ұлт-азаттық көтерілістің тарихы арқау болады. Трилогияда жергілікті қазақтардың тұрмыс-тіршілігі, өмір үшін күресі жан-жақты суреттеледі. Халқы үшін қан кешіп, небір қиындықты, жантүршігерлік зұлымдықтарды көзбен көріп, бастан өткерген Оспан батырдың аумалы-төкпелі кезеңдегі іс-қимыл, ерліктері оқырманды еріксіз жетелеп отырады.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Еңбек Ері, жазушы-драматург Дулат Исабековтің «Ай-Петри ақиқаты» аталатын жинағына «Өкпек жолаушы», «Тыныштық күзетшісі», «Ертегі елінде немесе қоштасу вальсі» хикаяттары мен таңдамалы әңгімелері топтастырылған. Қаламгер туындыларында адам жан дүниесінің арпалысы, өмірдің беймәлім құбылыстары, ар тазалығы, жан тазалығы көрініс табады.
Қытай мемлекеттік сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Жұмабай Біләлұлының «Қиян шет» роман-дилогиясы («Арулар», «Бозжігіттер») – Қытай қазақтары прозасының жаңаша үлгісі. Шығармада XX ғасырдың екінші жартысындағы Қытайдағы қазақтардың тіршілігі суреттеледі, әсіресе бізге беймәлім қоғамдық-саяси санасы, дүниетанымы, психологиялық болмысы жан-жақты терең ашылады. Шығарманың қытай тіліндегі нұсқасы Қытай әдебиеттанушыларының жоғары бағасын алған.
Қазіргі қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің жинағына Қазақстан театрларының репертуарын байытқан «Аққұс туралы аңыз», «Қарымта», «Қарақазан», «Өлмеген құлға, апыр-ай» атты драмалық шығармалары еніп отыр. «Аққұс туралы аңыз» қойылымы Халықаралық театр байқауларының жүлдегері атанған. «Қарақазан» туындысы – тынысы кең, табиғаты терең, эпикалық-драмалық, зерделі пәлсапалық дастан.
Шәрбану Бейсенованың кітабына «Сүзгенің соңғы күндері», «Бану-Шешек хикаяты» атты екі повесі мен әңгімелері, сондай-ақ мөлтек әңгімелері енгізілді. Екі хикаят та халықтың өткен тарихындағы оқиғаларды көркем тілмен бейнелеген. «Тылсым» әңгімесінің тосын оқиғасы, «Сары ала жапырақтар» әңгімесіндегі арманшыл балғын қыз, «Бәкене» әңгімесінің бауырмал кейіпкері және ертегіші Х.Андерсеннің ертегісімен сарындас «Көлеңке» әңгімесі қызғылықты мазмұнымен, шұрайлы тілімен оқырманын өзіне баурайды.
Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты Бекен Ыбырайымның «Аспандағы саяхат» атты ертегі- хикаяты «Алтын қалам 2018» конкурсының балаларға арналған «Дарабоз» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болған. Ойлау, қиялдау қабілетін арттыруға ықпал ететін оқиғалар балдырғандарға қызықты екені анық.
Тұрсын Жұртбайдың «Болашақтың бәйтерегі» атты жинағына кезінде әртүрлі әдеби бәйгелерден жүлде алған «Бесқарагер», «Аэродром» атты хикаяттары мен әңгімелері топтастырылған. Философиялық-лирикалық мәнерде жазылған туындыларда адамның жан дүние тазалығы мен табиғат сұлулығы астастырылып суреттеледі.
Дулыға – «түрік» деген сөздің баламасы. Көрнекті жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбай «Дулығаның» бірінші кітабында көшпелі тайпалар тарихында қадым заманнан бері есімдері есте қалған немесе тасқа қашалып, қағазға қатталған ірі тұлғалардың тағдырына сана сәулесін түсіру арқылы арғы тегімізді түгендеп, баба мен ұрпақтың, ұлыс пен ұлттың арасындағы алтын өзекті жалғап, тамырымызды тануды мұрат тұтқан.
Көрнекті жазушы, ғалым Тұрсын Жұртбайдың «Дулығаның» екінші кітабында түркі және оғыз-қыпшақ дәуірлері қамтылып, сол кезеңдерде өмір сүрген даңқты бабаларымыз Қоқаннан бастап, әйгілі Бейбарысқа дейінгі баһадүрлердің тағдыры сөз болады.
Тұрсын Жұртбайдың «Құнанбай» атты жинағындағы басты нысана – өмірлік шындық пен «Абай жолы» роман-эпопеясында бейнеленген көркем шындықты салыстыра отырып, қазақ тарихындағы жетекші тұлғаның бірі – Құнанбайдың ұлттық руханияттан алатын орнын саралау. Зерттеуге оқырманға бұрын белгісіз архив құжаттары мен қалың қауымға беймәлім қолжазбалар мен мұрағат құжаттары, естелік дәптерлері мен жазбалар барынша мол пайдаланылған.
Ақын, жазушы, аудармашы, көсемсөз шебері Сұраған Рахметұлының кезекті жыр жинағы «Түске оранған Күз» деп аталады. Соңғы жылдары жазылған өлеңдер топтамалары жалпы жинақтың басым пайызын иеленеді. Адам болмысы, табиғат суреттері мен философиялық түрлі бояулар мен кескін риторикасы, өлеңдегі ішкі драмалар сақталатын бұл өлеңдер жинағы қазақ поэзиясына тыңнан қосылар соны байламдар есебінде.
Ақын Әмірхан Балқыбектің «Сынған сәуленің шағылысуы» жинағы әр жылдары жазылған өлеңдер мен поэмалардан тұрады. Автор адам, қоғам, уақыт туралы, салт пен санадағы көлеңкелі көріністерді өзгеше де өзінше бедерлеген. Бұл жырлар оқырмандарын образ өңділігімен, ой айқындығымен баурайды.
Талантты ақын-аудармашы Алмат Исәділдің «Тәртіпті бала» кітабына балаларға арналған өлеңдері топтастырылған. Бала тіліне лайықты, ойына қонымды ойнақы өлеңдер мен жаңылтпаштар кішкентай оқырмандардың өрісін кеңейтуге арналған. Кітап көркем суреттермен безендірілген, өлеңдердің тілі жатық, жеңіл оқылады. Тәуелсіз ұрпақтың ой-санасын байытуға бағытталған туындылар жасөспірімдерді ғана емес, қалыптасқан оқырманды да бей-жай қалдырмайды.
Бұл жинаққа танымал қаламгер Ұларбек Дәлейұлының «Қанымдағы қасқыр иісі» және «Хат бармайтын қыстақ» кітаптары енгізілді. «Қанымдағы қасқыр иісі» жыр жинағынан адамзат өркениетінің бесігі болған ен таулар мен байтақ даланы, сол таулар мен даланы мекен еткен ежелгі шығыс халықтары – ұлы ғұн, сақ тайпаларының айбынды жорықтары мен шаңды жекпе-жек майдандарының дабыл дауысы естілгендей болады.
Ақын Жақсылық Қазымұратұлының «Қара ала сырмақ» жинағына автордың туған жер, атамекен туралы жырлары мен лирикалық өлеңдері топтастырылған. Ақынның тілі шұрайлы, ішкі иірім, ой ағыстары қуатты өлеңдері оқырманды өзіне бірден баурап алады.
Әбуов Айдар Парқылұлының «Қожа Ахмет Ясауидің дүниетанымы» атты кітабында ислам дәуіріндегі ұлы түркі ойшылы Қожа Ахмет Ясауидің рухани мұрасының негізгі қағидалары ашылады. Автор Шығыс философ-сопысы дүниетанымының негізгі өзегі ретінде түркі халық даналығының Құдай туралы сопылық-ислам доктринасы мен синтезін анықтайды. Бұл оның «Диуани Хикмет» («Даналық кітабы») атты негізгі жұмысында көрініс тапқан.
Көріп тұрғандарыңыздай, баспа мазмұны сан салалы рухани қазынаға бай. Осындай қазақ қаламгерлерінің әдемі еңбектері халыққа қаз-қалпында, әдемі жеткізіліп жүргеніне біз өте қуаныштымыз.
Орынгүл МАХМУД,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі
