Туған жерімен бірге тыныстаған жазушы
Қолына қалам ұстаған шығармашылық иелерінің қайсыбірі болмасын өзі туып, кіндік кескен өлкесінің болашағы мен тағдырына алаңдайтыны анық. Адам баласы үшін қашан да туып-өскен елі мен жері қымбат. Сондықтан болар, ақын-жазушыларымыздың туған өлкенің тау-тасын, өзен-көлін жырға қосып, тарихынан сыр шертетін туындылары өте көп. Солардың ішінде осыдан бір ғасыр бұрынғы Арал балықшыларының тыныс-тіршілігін бейнелейтін Ә.Нұрпейісовтің «Қан мен тер» романы да бар.
Бұл ретте Арал мен Арал балықшыларының тағдыры жазушы шығармашылығының үзілмес арқауы десек те болады. Өйткені, өзі туған Арал Ә.Нұрпейісовтің мәңгілік махаббатына айналған. Бұл туралы Ә.Кекілбаев «Арал төңірегінен тағы бір кесек суреткер туып, ол да Арал туралы жазса, бәрібір Нұрпейісовтің Аралстанын оқырман көз алдынан қалтарысқа әкете алмас еді» деген болатын. Ал жазушының өзі де туған жері туралы ой-толғанысын жүрек елжіретер сезіммен, перзенттік сүйіспеншілікпен әрдайым әңгіме етіп отырған.
Жүрек тебірентер небір жазбаларынан кейін Ә.Нұрпейісов шығармашылығын туған жерінен бөліп қарастыруға болмайтынына көз жеткізесің. Сол халқымен, туған жерімен бірге тыныстаған, теңіз тағдырын толғаған жазушының әдеби мұралары бүгінде Арал қаласындағы мұражай үйінде сақтаулы тұр. Қолтаңбасы қалған құнды мұралары көзі тірісінде-ақ әкелініп, жазушының «Соңғы парыз» романының кейіпкерлері Жәдігер мен Бәкизатқа арналған композициялық ескерткіш те орнатылған болатын. Осы ретте атап өту керек, елімізде шығармаларының кейіпкерлеріне ескерткіш орнатылған жазушы – Әбдіжәміл Нұрпейісов қана екен.
Биыл жазушының туғанына 100 жыл толуына орай, сол қасиетті қара шаңырақ саналатын мұражай үйінде болдық. Білім алушыларымызбен бірге жазушының туған халқының тағдырымен тығыз байланысқан әдеби еңбектерімен танысып, қуатты қалам иесінің жұмыс бөлмесіндегі тозбайтын мұралары – кітаптарын қолымызға алдық. Ал, ХХ ғасырдың алапат болмысын өзінің кіндік жұрты арқылы мысалмен жырлап берген «Қан мен тер», «Соңғы парыз» шығармалары экспозициялық көрмеден орын алып тұр екен. Сапасы жоғары, татымды, талғамды дүниелердің бұлайша оқшау тұруы рухани қазынамызға айналғанын дәлелдейді. Айдынды Арал өңірі ғана емес, күллі қазақ жұртшылығы үшін Ә.Нұрпейісовтің болмысы қашанда биік, мәртебесі жоғары бола бермек.
Гульшат МИРМАНОВА,
Арал индустриалды- техникалық колледжінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы, Қызылорда облысы, Арал ауданы
