«Сәкентану» – нәтижеге бағытталған бағдарлама
Элективті сабақтар оқушының қызығушылығы мен қабілетін ары қарай дамытып, баулиды, кәсіптік бағдар беруді мақсат етеді. Элективті сабақтарда оқушылардың мәтінмен, қосымша сын-зерттеу әдебиеттермен практикалық, танымдық, шығармашылық түрлі тапсырмалар орындауы олардың өзіндік ой дербестігінің қалыптасуына, ауызша, жазбаша тілін дамытуға, шығарманы талдау, икем-дағдыларының жетіле түсуіне, шығармашылық дарын көзінің ашылуына көмектеседі.
Элективті курс негізінен екі жүйеде ұйымдастырылады: оның бірі – негізгі оқу жоспары бойынша өтілетін жүйелі курсқа қосымша материалдар мен тақырыптар беру, екіншісі – арнаулы курстар.
Элективті сабақтар бойынша оқушы білімін бағалау және есепке алудың тәжірибеде қалыптасқан өзіндік ерекшелігі бар. Мұнда негізгі сабақтардағыдай орындалған әрбір тапсырмаға оқушының сабақ үстіндегі ауызекі жауабы мен жазба жұмысына, т.б. баға қойылмайды.
Алайда элективті курс тобындағы әр баланың білімі мен икемін, дағдыларын есепке алу мен бағалауға оқушы психологиясы тұрғысынан келу қажет. Сондықтан, элективті сабақта оқушы білімі, икем-дағдылары курстың белгілі бір тақырыбын, тарауын меңгеруіне не белгілі бір бөлігін жинақтауына қарап, сол сияқты семинарлық сабақтарға жасаған хабарламасы мен презентацияларына, жазған эсселері мен шығармашылық жұмыстары формативті түрде бағаланады.
Қазақтың сыршыл ақыны, жалынды жазушысы, мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Сәкен Сейфуллин шығармаларын таныту. «Сәкентану» элективті курсын оқыту бағдарламасында С.Сейфуллиннің шығармашылығы оқыту кеңінен қарастырылған. Ағартушылық бағыт ұстанған Сәкеннің мұраларын жас мамандарға және 8-сынып оқушыларына көмекші құрал ретінде пайдалануға болады.
Оқушыларға теориялық білім мен патриоттық тәрбие беруде элективті сабақтардың оқу-тәрбие процесіндегі елеулі мәні бар. Әдебиеттің элективті сабақтары оқушының кітап оқуға деген ынтасын, ғылыми ізденісін, оқырмандық талғамын арттыру үшін де қажет. Оқушының әсемдікке деген сезімін дамыту, жоғары эстетикалық талғамын қалыптастыру ісінде де әдебиеттің элективті курстарының зор танымдық және тәрбиелік маңызы бар.
Оқушының жеке ізденісіне түрткі болатын Сәкендей ұлы тұлғаның болмысын таныту, шығармаларынан терең тәлім алу және жаңашыл әдістер арқылы өзін шыңдау.
Гулбану ТАШМАГАМБЕТОВА,
№15 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті әнінің мұғалімі, Қостанай қаласы