Танымдық зияткерлік дағдыларды қалыптастыру
Мектепке дейінгі ұйымдарда жаңа технологиялар арқылы оқыту ісі күннен күнге өзекті болып келеді. Мектеп жасына дейінгі балалардың оқу үрдісіне қызығушылығын қалыптастыруда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды ойын арқылы жүргізудің маңызы зор. Қазіргі таңда ақпараттық-коммуникативтік технологиялар мектепке дейінгі жастағы балаларға білім берудің ең тиімді құралы болып келе жатыр.
Ақпараттық-коммуникативтік технологияны пайдалану мектепке дейінгі жастағы балалардың сөйлеу тілін, танымдық қабілеттерін дамытуға және жекелеп жұмыс жүргізуге мүмкіндік береді. Ұйымдастырылған ойын іс-әрекетінде ақпараттық-коммуникативтік технологияны пайдалану педагогке уақытты тиімді пайдалануға, педагогикалық міндеттерді орындауға мүмкіндік береді.
Қазіргі таңда мектепке дейінгі оқыту мен тәрбиелеудің жаңа стандарт талабына сай, ойын арқылы дәстүрден тыс оқытуды ұйымдастыруда ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдану балалардың танымдық ынтасын арттырады, балалардың оқу-танымдық мотивін арттыру, жаңа білім, іскерлік, дағдыны меңгеруге жағымды жағдай туғызу, коммуникативтілікке бағдарлау мүмкіндігі туындайды.
Ақпараттық-коммуникативтік технологияны қолдану арқылы балалардың оқу үрдісіне танымдық қызығушылығы қалыптасып, коммуникативтік қарым-қатынасқа түсу, жеке және топта жұмыс істеуге дағдыланады. Тапсырманы орындау барысында баланың ойлау, зерделеу, салыстыру, елестету, айырмашылығы мен ұқсастығын табу, топтастыру, байқау сияқты ойлау операциясын меңгереді. Балада мәселенің негізгі және қосымшасын ажырата білу, ой қорыту, тұжырым жасау сияқты логикалық ойдың негізгі элементтері қалыптасады.
Педагог интерактивті тақтада жұмыс істеу үшін компьютерлік сауаттылыққа ие болу керек. Интербелсенді ойындар түрлі бағдарламалар арқылы балалардың жас ерекшеліктерін ескере отырып әзірленеді. ActivInspire бағдарламасымен флипчарт ойын тапсырмалары, PowerPoint бағдарламасымен «Дамыту ойындар», «Танымдық ойындар», «Ақылды ойындар», мультимедиялық тапсырмалар, анимациялық мультфильмдер, компьютерлік тапсырмалық ойындар, виртуалды шындық технология ойын тапсырмалары электронды түрде жинақталып қолданылуда.
1-мысал: Флипчарт ойыны. Тапсырма – «Суретті аяқта». Мақсаты: баланың шығармашылық қиялын дамыту. Шарты: балалардан суретті аяқтап салуын талап ету және ненің суретін салғанын сұрап, әңгімелеп беруін өтіну.
2-мысал: Баланың мектепке дайындығына арналған Куглер тесті. Тақтада 7 пішін бірте бірте күрделене салынған. Шарты: балаға берілген пішіндерді үлгідегідей көшіріп салу тапсырылады. Бес пен алты жастағы балаға 5 пішіннің үлгісін салу қалыпты жағдай.
Флипчарт – сабақ үлгілері және ойын-тапсырмалар. Д/О «Құстар тіршілігі». Тақырыбы: «Құстардың тіршілігі». Кіріктірілген әрекеті: сөйлеуді дамыту, қоршаған ортамен танысу, тілі, математика негіздері, сурет, құрастыру, жапсыру, мүсіндеу. Мақсаты: құстардың тіршіліктерімен таныстыру, олардың қоректері, пайдасы; құстардың әрқайсысына өзіне тән қасиеттері туралы әңгімелеу және адам өміріне маңызы туралы мағлұмат беру; құстарға қамқорлықпен қарауға тәрбиелеу; оқу іс-әрекет барысында орындалатын тапсырмалар арқылы ойлау қабілеттерін дамыту.
Көрнекіліктер: үй құстары, қыстап қалатын құстардың видеобейнесі, үнтаспалық дыбыстары, АКТ. Әрекет түрі: флипчарт-сабақ. Әдіс-тәсілдері: сұрақ-жауап, сурет бойынша әңгімелеу, жұмбақ шешу, ойындар. Видеодан табиғаттың көрінісін көрсету және құстардың видеосын көрсетіп дыбысын тыңдату. «Балалар, сендер не көрдіңдер?». «Балалар, яғни бүгін біз табиғатымызға сән берген қыста құстап қалатын құстар мен үй құстары жайлы әңгімелейміз». (Орман тіршілігі, құстардың дыбысы, мекені, пайдасы және қорегі жайлы деректер көрсетіп, әңгімелейміз).
Жаңа технологияны күнделікті ұйымдастырылған іс-әрекет үрдісінде пайдалану үшін әр педагог баланың жас ерекшелігін ескеріп, өзінің шеберлігіне орай таңдап алады. Балалардың бос уақытын ұйымдастыруда ақпараттық-коммуникациялық технология арқылы әзірленген электронды «Ақылды ойындар», «Танымдық ойындар» және мультимедиялық өнімдер жинағы, ұлттық нақышқа бағытталған «Сиқырлы қоржын», «Киіз үй жабдықтары», «Асықты орналастыр» және тағы да басқа ойын жинақтарын қолдану жүзеге асырылуда.
Қорыта айтқанда, осы жұмыстарды іске асыру арқылы шығармашыл ұжым, білім-білікті бала, ғажайып балабақшаға айналамыз. Қазіргі ғылым мен техниканың дамыған заманында балабақша тәрбиеленушілерін бір ғана көрнекі құралдармен қызықтыру мүмкін емес. Күнделікті күн тәртібінің сапалы орындалуына, үлгілік оқу бағдарламасын жүзеге асыруда компьютерлік техниканың, АКТ технологияларының рөлі зор. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін ақпараттық технологияларды пайдаланған жөн.
Ақпараттық технологияның негізгі мақсаты – балалардың қазіргі қоғам сұранысына сай өзінің өмірлік іс-әрекетінде дербес компьютердің құралдарын қажетті деңгейде пайдалана алатындай жан-жақты тәрбиелеу. Ақпарат стратегиялық қорға (ресурс) айналып, бұрынғыдай еңбекпен табиғи қорлар құны негізге алынбай, бұдан білім құны ең негізгі байлық саналатын болады. Ақпараттық технология саласындағы қатарлы жетістіктерді пайдаланып, білімнің жаңа деңгейі мен сапасына қолжеткізуге ұмтылатын педагогтік және ғылыми қауымдастықтар түрлі елдерде қарқынды дамуда.
Еліміз ғылыми-техникалық прогрестің негізгі белгісі – қоғамды ақпараттандыру болатын жаңа кезеңіне енді. Қазіргі таңда жаңа әлеуметтік жағынан қорғанған адам – ол технология ауысуына және нарық талабына сай терең білімді, жан-жақты адам. Жаңа жиырма бірінші ғасыр – ақпарат ғасыры болғандықтан, адамзатқа компьютерлік сауаттылық қажет. Ал, бұл сауаттылықтың алғашқы баспалдағы мектепке дейінгі ұйымнан басталады. Балабақша қабырғасынан теориялық біліммен қатар практикалық білімнің алғышарттарын меңгеруі тиіс
Алма ЕРЕЖЕПБАЕВА,
Жамбыл облысы білім басқармасындағы оқу- әдістемелік орталығының бөлім жетекшісі, Тараз қаласы


