Вейп. Неге жастар жаман әдетке құмар?

Мен мектеп бітірушімін. Сіздермен өзімнің азды-көпті бақылауларыммен бөліскім келеді. Әдетте өмір тәжірибесі бар ересектер балаларға қауіп-қатер төндіретін түрлі тәуелділіктер шақыратын заттар туралы жазып, күресіп жатады. Солардың бірі – жақында заңмен тыйым салынған вейп.

Вейпке қатысты тыйым салушы заңның өз күшіне енгеніне жиырма күнге жуықтады. Өзім өмірде түрлі себептермен замандас болған соң араласатын, бірақ жеке ісіне араласпайтын вейп тартатын құрдастарым заң күшіне енгеннен бастап қойып кетті дей алмаймын. Десе де бұрынғыдай еркіндік жоқ, заңның аты заң, тыйымның аты тыйым – тығылып тартады. Тіпті, қазір бізден де тасаланып, көрсетпеуге тырысады. Заңға қайшы әрекеттері үшін қандай да бір қысылу бар.

Біз тартып келіп тұрғанын байқасақ та байқамаған боламыз, әр адамның таңдауы, құқығы, өзі үшін жауапкершілігі бар. Оның үстіне ұялтпайық деп ойламыз. Дегенмен, өзім тыйымның дискомфорты оларды біртіндеп саламаттандыруға алып келетініне сенемін. Бұл он күннің ішіндегі бақылау. Демек, әрі қарай да тыйым өз жұмысын психо-моральдық тұрғыда атқара түседі деп ойлаймын. Енді вейптің зияны мен салдарына келсек. Жалпы, мен бұл тақырыпты ҚР Президентінің жанындағы консультативтік-кеңесші орган – Қазақстан халқы Ассамблеясының құрамындағы Аналар кеңесінде жауапты қызмет атқаратын нағашы әпкем Баян Орынбасарқызы Ахатай арқылы білемін.

Ол кісі вейптің зияны туралы басымыз қосылған жерде міндетті түрде бізге айтып отырады. Вейпке тыйым салуға мұрындық болған адамдардың бірі ретінде сараптамалық зерттеулері көп адамның айтқандарымен бөліссем. Ең біріншіден, вейп тез тәуелділікке ұшыратады. Себебі, дәстүрлі темекінің бір талында 2 мг құрғақ никотин болса, бір вейпте 69 мг дейін сұйық никотин бар. Яғни, әлеуметтік желідегі вейп темекіні қою үшін пайдаланатын құрылғы деген миф өтірік.

Керісінше, вейпті үздіксіз тарту өкпені өшіреді, адам ақырында зияны аздау дәстүрлі темекіге қайта оралып жатады екен. Осы жерде дәстүрлі темекінің де зиян екенін айта кету керек. Менің ойымша дәстүрлі темекі өндірушілері темекінің вейп сынды гаджет нұсқасын өз тұтынушылар санын көбейту үшін әдейі ойлап тапқан. Бұл мысал тек салыстыру үшін берілген. Екіншіден, вейптегі никотин сұйық, майлы. Ал, өкпе табиғатында ауа жұтуға арналған ағза. Газ алмасуды қамтамасыз ететін өкпе альвеоласына осы сұйық май тәріздес никотин тұнғанда өкпе өз жұмысын тоқтату қаупі бар.

Үшіншіден, тек вейп тартумен ғана пайда болатын Evali (EVALI – E-cigarette and Vaping use-Associated Lung Injury) деген ауру бар, қарапайым түсіндірер болсақ – химиялық сипаты бар пневмония. Ең қиыны, бұл аурудан емдеу хаттамасы әзір жоқ. Және вейп төңірегінде жұмыс істеп жүрген үлкендердің сөзінше дәрігерлер кәдімгі пневмониядан емдеуге мәжбүр. Яғни, ем-шара тиімсіз болады.

Төртіншіден, вейптің құрамында 18 мыңнан аса ароматизаторлар бар екен. Алма, киви, банан дәмді беретін осы ароматизаторлар обыр ауруын шақырушылар. Демек, вейптен тек өкпе ғана емес, жалпы ағза – асқазан, жүрек-қан тамырлары, тыныс жолдары сынды басқа жерлеріміз зардап шегеді. Бесіншіден, мамандар вейп шегудің бала сүю бақытынан айыратын жаман әдет ретінде де береді. Адамзат өркениетінің ең асыл мұраты – жақсы ұрпақ тәрбиелеу болса, демек вейптен бойды аулақ салу, ағзаны таза ұстау және тәуелді болмау – саналы да сапалы өмір сүрудің алғышарттарының бірі.

Мен осы жазбамдағы бес себеп арқылы вейптен бойды аулақ салуға сендіре алсам, демек, менің алғашқы мақалам өз мақсатына жетеді. Қатарластарымды, өзімнен кейінгілерді саламатты өмір сүруге шақырғым келеді. Жанымыз да, тәніміз де тәуелсіз болса еліміздің шынайы тәуелсіздігін қамтамасыз ете аламыз деп ойлаймын. Үлкендерден сұрайтыным, біз сіздерге қарап бой түзейміз, жақсыны үйренеміз, жаманнан жиренеміз. Үйренетініміз көп болса екен.

Сөз соңына қосарым, мен журналистиканы таңдадым. Журналист болып жатсам, қоғамға пайдалы ақпараттармен көбірек бөлісетін боламын. Елді саналы тәрбие мен сапалы білімге шақырып жүрген «Білімді ел – Образованная страна» республикалық апталық газетінің барлық оқырмандарын саналы, саламатты, сапалы өмір сүруге шақырамын.

Ақтолқын АХАТАЙ,
№56 мектептің биылғы түлегі

Понравился пост? Расскажи об этом своим друзьям!
Загрузка...

Добавить комментарий